Қазақшаға баулитын креативтi контент
Қазақшаға баулитын креативтi контент
© коллаж: Әсел Балтақызы
649
оқылды
Әлеуметтік желіде қазақ тілін жастар арасында сауатты әрі креативті жолдармен насихаттайтын онлайн-жобалар көбейгені қуантады. Qazaqsha Jaz, QazaqGrammar, Jana Sozdik, Kazak buble-дан басталатын бұл тізім күннен-күнге толып жатыр. Бір қызығы, олар бірін-бірі қайталамай, әрқайсысы өзінше бөлек контент ұсынады. Бірі – Қазақстанда жұмыс істейтін ком­паниялар мен мекемелердің желідегі ресми аккаунттарын қазақшалаумен, бірі – қазақша сөздердің шығу тегі мен емлесі жайында танымдық деректер ұсынумен айна­лы­сады. Енді  бірі қазақша слэнг­тарды құрасты­ру­мен, қазақ тілі туралы қате тұжырымдарға факт­чек жасау ар­қы­лы көпшіліктің көңілінен шығады.   Сөздің төркініне үңіледі QazaqGrammar жобасының негізін Сұлтан Бағидолла 2012 жылы қалаған. «Студент кезімде әр өңірден келген курстастарымның тілі қызық болып кө­рінетін. Кейде қайсысы диалект, қай­сысы әдеби сөз екені туралы дауласып та қа­латынбыз. Содан «Вконтакте» желісінде осы парақшаны ашып, өзі бетімше ізденіп, посттар салып жүрдім. Кейін 2016 жылы Instagram-ға көштік. Әу баста танымал жобаға айналдырамын деген мақсат болған емес», – дейді ол. QazaqGrammar парақшасында негізінен әртүрлі қазақ сөздерінің түп төркіні туралы қызықты деректер жарияланады. Мысалы, тиын мен тиіннің арасында қандай да бір байланыс бар деп ойлап па едіңіз? Ақшаның тиын аталуы тиін аңының терісі бұрын ақша орнына жүргендігінен болса керек. Көп халықта да тиын деген сөз тиін аңының атымен бірдей болуының себебі – ерте кезде бұл халықтар алым-салықты тиіннің тері­сімен төлегендігінен дейді. Корневтің «Чу­вашско-русский словарында» черемистерде, пермяктарда, зыряньдарда «ур» сөзі «белка» деген мағынаны да, «копейка» деген ма­ғынаны да береді. Ал татар, қырғыз, алтай, қазақ тілдерінде «белка» және «копейка» деген ұғымдарды «тиын» сөзі береді. Айтпақшы, балалық шағымыздағы сүйікті бағдарламалардың бірі болған «Ералаштың» түркі тіліндегі «Aralaş», яғни «Аралас» деген сөз­ден шыққа­нын естіген бе едіңіз? «Ералаш» сөзінің орыс тілін­дегі мағынасы – «не­разбериха», «путаница», яғни «былық», «астаң-кестең». Ал қазақтың «мүрде» сөзі мен ағылшынның «murder» («өл­тіру», «адам өлтіру» мағынасын береді) сөзінің түбірлес екеніне сенесіз бе? Екі сөздің де арғы тегі прото-үнді-еуропалық тіл болып есептеледі. QazaqGrammar жобасы осындай қызықты посттарының арқасында бүгінде 50 мыңнан аса оқырман жинап үлгеріпті.   Тілді түзеу әсте-әсте Қазақстандық жастарды үйіріп әкеткен тілге қатысты тағы бір онлайн-жоба Qazaqsha Jaz деп аталады. Жоба әкімшілерінің бірі Мақсат Мәліктің айтуынша, плат­форманың мақсаты – еліміздегі трансұлттық компаниялар, мемлекеттік мекемелер, ха­лық­аралық ұйымдар және отандық бренд­тердің әлеуметтік желідегі ресми аккаунт­тарының қазақшалануына ықпал ету. Қазір топта 6 300-дей жазылушы бар. Олар парақшасын тек орыс тілінде жүргізетін ресми мекеме/ұйым/компания/дүкеннің посттары астына сыпайылап қазақ тілін де қосуды сұрап, пікір қалдырады. Шарт бойынша, ресми аккаунттың биосы, яғни сипаттамасы қазақша болуы, парақшада қазақша посттардың  жарияланып тұруы, сондай-ақ қазақша мәтін бірінші жазылуы керек. Постының астына бір сәтте жүздеген адам қалдырып кеткен пікірлерді көрген ұйымдардың көпшілігі Qazaqsha Jaz қоз­ғалысының өтінішіне құлақ асып, кей­біреулері тіпті қазақтілді SMM-маманға сұрау салып жатады.
«Бүгінге дейін 200 шақты парақшаның қазақшалануына үлес қостық. Рас, олар­дың арасында біз өтініш білдірген уақытта ғана қазақша посттар шығарып, кейін қайтадан  орыс тілінде жүргізуді жалғас­тыр­ғандары да бар. Бірақ біз өз жұмысымыз­дың ұзақмерзімді перспективада өнімді болға­нын қалап, Telegram-бот жасап алдық. Оның ішіне қазақшаланған аккаунттардың сілтемесін тізіп отырамыз. Әлгі бот күн сайын сол аккаунттың посттарындағы қазақша әріптерді сканерлеп отырады. Яғни біз бағанағы парақшалардың тұрақты түрде қазақ тіліндегі посттарды салып-салмай отырғанын осылай біле аламыз», – дейді Мақсат Мәлік.
Qazaqsha Jaz жобасы арқасында өз аккаунттарын қазақ тілінде де жүргізе баста­ған ұйым/брендтердің қатарында әлемдік брендтердің қазақстандық желілері, отан­дық брендтер, тіпті Петропавл қала­сының әкімдігі, Қастеев музейі, ҚазҰМУ секілді мемлекеттік ме­ке­мелер бар. қазақша контент Бүгінде Qazaqsha Jaz бел­сенділері қазақ тілді кон­тент үшін күрестің жаңа тәсі­ліне көшкен. Олар қа­зақша мәзірі жоқ мей­рамханаларға, атауы қа­зақшаланбаған дүкен­дерге барып, Тіл тура­лы Заң­ның 21-бабы негізінде көрнекі ақпаратты қазақша да беруді сұрап, өтініш айтып, құлақ аспағандарына заң аясында талап қойып жүр. Айтпақшы, аккаунт әкімшісі Мақсат Мәліктің бұған дейін Jana Sozdik жобасы танымалдылыққа ие болған. 2015 жылы өмірге келген бұл бастама аясында қазақ тіліндегі сленгтер ұсынылып отырады.   Әр әзілде бір шындық Бір кездері QazaqGrammar-дың құра­мын­да болған, қазір бөлек бағыттағы кон­тентімен танылып жүрген жобалардың бірі – Назарбаев Университетінің лингвис­тика мамандығы түлегі Бейбарыс Сейтақтың Kazak Buble парақшасы. Онда қазақ тілі туралы стереотиптерге, аңыздарға, ғылыми мәлімдемелерге фактчек жасалып, қара­пайым тілмен түсіндіріледі. Кейбір тақырып түрлі мем арқылы әзілмен де ұсынылады.
«Тарихшы ғалымдардардың бірі қазақ­тың «әйел» сөзін «жеңілжүрісті» деген жа­ман мағына білдіретінін, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, ноғай халықтарының одан әлде­қашан бас тартқанын, «әйел» орнына «қатын» сөзін қолданған орындырақ екенін айтып мәлімдеме жасады. Мен осы мәселені тексеріп көрдім. Олай емес. Жоғарыда аталған халықтардың бәрінде «әйел» сөзінің «айал», «айиол» деген түбірлес баламалары қолданылады. Сондай-ақ оның араб тілін­дегі түп төркіні ешқандай да «жеңіл жүрісті» дегенді білдірмейді. Арабшасы «ұрпақ», «отбасы» деген ұғымды береді. Мен тіл туралы айтылатын осындай таптаурын­дар­мен күресемін», – дейді Бейбарыс Сейтақ.
Мұндағы кей посттар мемлекеттік және ресми тілде жазылады. Солайша орыстілді оқырмандар да тілге қатысты кейбір қызық тақырыптарды (мәселен, қазақ тілінде акцентсіз қалай сөйлеуге немесе қазақша жұрнақтарды айтқанда қалай шатыспауға болады) түсіне алады. Аккаунттың атауына келсек, мұндағы Bubble сөзі, біріншіден, ежелгі Бабыл қала­сын меңзесе, екіншіден, комикстерде ке­йіпкердің сөзіне сілтейтін ағылшын ті­лін­дегі Speech bubble белгісін де білдіреді.
Қазақ қоғамындағы тіл мәселесі көте­ріл­генде оның негізгі себебі ретінде қазақша контенттің тапшылығы айтылады. Деген­мен жоғарыда біз мысал еткен жобалар осы олқылықтың орнын түзетуге бағыттал­ған­дай. Контент түзелді, ендігісі желі қол­да­ну­шы­ларының еркі мен талғамында...

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ