Бас қала жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Газдандыру жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мақсат Есмағұлов пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АстӨФ директоры Шота Шалов баспасөз брифингінде баяндап берді. Мақсат Есмағұловтың айтуынша, елорданы газдандыру жобасы үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша жұмыс толығымен бітсе, екінші кезеңнің бір бөлігі аяқталуға жақын. Ендігі жерде үшінші кезеңнің жұмысы қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде қаланың 10 тұрғын алабы мен 3 шағын ауданы газдандырылған. Бұл аудандарда 200 мыңға жуық адам тұрады. Атап айтқанда, Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Теміржолшылар, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный тұрғын алаптарында, сондай-ақ Ақбидай, Қазақ ауылы, Мәскеу-Потанин көшелері ауданындағы қаланың ескі бөлігіндегі үйлер толығымен газға қосылып, 14 мың абонент көгілдір отынға қол жеткізген. Осылайша бас қаланың 5 мыңға жуық тұрғын үйі газға қосылып, 650 шақырымдық газбен жабдықтау желісінің құрылысы аяқталыпты. Сондай-ақ бұрын дизель отынын пайдаланылатын 1-ЖЭО және 2-ЖЭО 13-ші қазандығы газға ауыстырылса, биыл 1-ЖЭО-да тағы 3 энергетикалық қазандық газға көшіріледі.
– Екі жылдың ішінде 10 қазандықтың 7 қазандығы газға ауысты. Қалған 3 қазандық бойынша құрылыс монтаждау жұмысы аяқталуға жақын. Осы жылыту маусымына дейін қалған қазандықтар да газға толық қосылады. Осылайша 1-ЖЭО толығымен газбен жылытыла бастайды. Бүгінгі күні 3-ЖЭО-ын газға көшіру үшін жобаға қажетті өзгерістерді енгізіп, газға ауыстыруға мүмкіндік алды. Іске қосылғаннан кейін ол да газды қазандық болып есептеледі. Қаладағы автономды қазандықтардың да жұмысы ретке келтіріліп жатыр. Мектеп, балабақша, ауруханалар орталықтандырылған жылу желілеріне қосылмайды. Олар өздігінен автономды қазандықтармен жұмыс істейді. Осындай нысандар бұрын дизель отынын пайдаланып келсе, қазір оларды да газға ауыстыру жобасы аяқталды. Қазір 20 обьектіні кезең-кезеңімен газға қосып жатырмыз. Бүгіннің өзінде 5 нысан газға ауыстырылды. Күнделікті 1 обьектіден қоссақ, келер жылыту маусымына дейін толық газға қосамыз. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №19 мектеп, №57 мектеп, «Мейіржан» балабақшасы, «Аққанат» бөбекжайы және төрт көппәтерлі тұрғын үй де газға қосылды. Сондай-ақ 6 мыңнан астам техникалық қызмет көрсетіліп, 50 мыңнан астам адамға кеңес берілді, – дейді Мақсат Есмағұлов.Тұрғын үй алаптарын газдандыру және энергия көздерін газға ауыстыру тек экологияны жақсартып қоймай, бюджеттік шығындарды да азайтуға септігін тигізеді. Одан бөлек, газ баллондарын пайдалануға байланысты төтенше жағдайларды болдырмайды. Мәселен, бұрын жылыту қазандықтарына дизель отынын алуға көп қаржы жұмсалатын болса, енді газ қосу арқылы бұл шығын 3 есеге кемиді екен. Мақсат Есмағұловтың сөзіне сенсек, қазіргі таңда Байқоңыр және Есіл аудандарының аумағына диаметрі үлкен, негізгі газ құбырын әкелу жұмысы басталыпты. Атап айтқанда, «Тұран», «Тельман» аудандық қазандықтарына және «Ильинка», «Пригородный», «Өндіріс», Family Village елді мекеніне үлкен газ құбырлары жеткізілуде. Келесі жылы осы тұрғын алаптарында көше-көшемен газ тарату жұмыстары жүргізіледі. Осылайша барлық кезеңдерді 2024-2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сол кезде қаладағы бүкіл тиісті нысандар мен тұрғын үйлер газға толық көшпек. Бұл шамамен 300 мыңға жуық адам газға қосылу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Жоспарға сай, үш кезеңнің жұмысы бітсе, елордада ауаға зиянды қалдықтардың бөлінуі 40 мың тоннаға дейін азаятын көрінеді. Сонымен бірге әкімдік пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АстӨФ әрбір үйдің қоршауына дейін газды әкелу жобасын да қарастырған. Яғни қосылу нүктесінен ары қарай газбен қамтамасыз ету заңнамасына сәйкес, әрбір тұрғын жеке лицензиясы бар компаниямен шарт жасасады. Ол бойынша әркім үйіне газды тартуына мүмкіндік бар. Қостыру құны да нарықтың бағасынан аспайды. Алайда оның бағасын ешқандай мемлекеттік орган немесе ұлттық оператор реттемейді.
«Әрбір адам жеке компаниямен келісімшарт жасасып, сомасын өздері белгілейді. Былтыр да тұрғындар тарапынан «Қосылу сомасы қанша?» деген сауалдар көптеп келді. Сол үшін жеңілдету бойынша іс-шаралар атқардық. Оның ішінде техникалық шарттарды алу түгелімен жеңілдетілді. Бұрын республика бойынша газға қосылу үшін 8-ге жуық құжатты қажет етсе, қазір 4 құжат сұратылады. Яғни құжат жинау екі есе қысқартылды. Қалада заңдастырылмаған үйлер мен қазандықтар болды. Оларға газ орнату мәселе туғызған. Бұл проблемаларды да қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында түгелімен шештік. Халықққа есепші құралды тегін бердік. Оның құны нарықта 100 мың теңге тұрады. Бұдан соң әкімдікпен 413 мың теңгеге дейін әлеуметтік қорғалмаған топтарға қаржылай көмек көрсетіледі. Көпбалалы, мүгедектер мен мүгедек балалары бар отбасыларға қажетті көмек бар. Бұл көмекті алу үшін Бейбітшілік көшесі, №9-шы үйде орналасқан Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына шағым жазса жеткілікті. Тағы бір айтарымыз, екінші деңгейлі банктермен келісімшарт жасастық. Енді тұрғындар газ қосумен айналысып жатқан бірқатар жеке компаниялардың қызметін екінші деңгейлі банктер арқылы ешқандай алғашқы жарнасыз, пайызсыз несие рәсімдеу арқылы алуға болады. Оған сәйкес, банктерге 750 мыңға дейін несие беру міндеттелді», – дейді Мақсат Есмағұлов.Қазір қалада газ құбырының 650 шақырымы пайдалануға берілді. Газдың бір мың текше метріне 38 697 теңге төленеді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ АстӨФ директоры Шота Шалов осылай деді. Айтуынша, 4 599 жанұя көгілдір отынды тұтынып жатыр.
«Шілде айында 507 абонент қосылды. Газдандыру барысы ерекше қарқын алды. Техникалық шарттарды жедел алудың бірнеше бағыты айқындалды. Нәтижесінде осы шартты беру 5 күннен 15-20 минутқа дейін қысқарды. Шартты алуға және беруге өтінімді қабылдаудың онлайн қызметі іске қосылды. Біз қазір азаматтарды қабылдауды бірнеше бөлімшелерде жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, Республика даңғылы, №24-ші үйде орналасқан «Парасат» бизнес орталығында, Сарыарқа мен Алматы ауданы әкімдігіндегі қосымша қабылдау орындарында техникалық шарттарды оңай алуға болады», – деді Шота Шалов. Сондай-ақ ол тұрғындарға үгіт-насихат жұмысы құрылыс монтаждарын қосу, қабылдау, газ беру жұмыстары аптасына алты күн жедел режимде жүргізілетінін жеткізді. Жалпы айтқанда, қысқы дайындық бойынша нысандарды ағымдағы жөндеу жұмыстары да толық аяқталған.