Өнерпаз қандастар – Әулиеатада
Өнерпаз қандастар – Әулиеатада
462
оқылды
Әулиеата өңірінде Сырт­қы істер министрлігі, «Отан­дастар қоры» мен Жамбыл облысы әкімдігі бірлесіп, «Қа­сиетті қазақ елі» халық­аралық өнер фестивалін өткізді. Арысы Иран, Түркия, Украина, берісі Ресей, Моң­ғолия, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасынан келген қандас­тар қасиетті сахна төрінде туған жер­ге сағынышын басты. Өнерді ұйытқы қылып, ұлттың басын біріктірген шара барысында олардан жат жердегі ағайын-туыстың жағдайын сұрастырудың да сәт түскен. Кіндік қаны Қытайда тамса да, атажұрт деп аңсары ауған Дәурен Бақытқажыұлының жыр­лары фестивальде көптің жүрегінен орын алды. Ақын қандасымыздың өлеңдерінен жат жерде жүрсе де, түп негізін ұмытпағанын сезіндік. Алайда Дәурен ізіне ерген бауырларының ертеңіне алаңдаулы. Себебі Қытайда қазақ мектептері жабыла бастаған екен. Оқу орындарында «қос тіл­ді оқу-ағарту» бағдарламасы енгізіліп, басымдық қытай тіліне беріле бастапты. Осыған жаны ауырған Дәурен ол жақтағы ағайынның дені тілі мен ділін сақтап қалу үшін атажұртқа оралуды аңсап жүргенін жеткізді. фестиваль Иран Ислам Республикасынан келген кілем тоқу шебері, қан­дасымыз Қалдифен Шалақ­тың да қазақ тіліне деген құрметі ерек. Олар отбасында қазақ тілінде сөйлегенімен бұл тіл тазалы­ғын сақтап қалуға аздық етіп жатқандығын айтады.
– Иранда мектептегі сабақтар тек жергілікті тілде өтеді. Қазақ ті­ліндегі газет-журнал, радио, теле­арна деген атымен жоқ. Соның салдарынан жастардың ара­сында қазақша білетіндері аз. Бұрын Қазақстанға келу мұң болатын. Себебі Әзірбайжан елі арқылы өтуге тура келетін. Ал қазір Ақтау қаласынан айына 2 рет Иранға ұшақ ұшады. Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Енді Иран мем­лекетіндегі қазақтардың атажұртқа табан тірейтіндері көбейетіндігіне се­нім­дімін, – дейді Қалдифен.
«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлының сөзіне сүйенсек, «Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалі шетелдегі қандастарды қолдаудың бір тетігі екен.
– «Отандастар қоры» тек өнер фестивалін өткізумен шектелмейді. Біз шетелдегі қазақтардың ана тілін, түп-тамырын жоғалтып алмауы үшін түрлі курстар ұйым­дастарымыз. Қазір 8 елде осындай офлайн курстар жүріп жатыр. Бұдан бөлек жат жерде жүрген белсенді жастарды жыл сайын Қазақстанға әкеліп, түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Биыл мұн­дай басқосу жаңа құрылған Абай облысында өтті. Сондай-ақ сырт мемлекетте тұрып жатқан мектеп оқушыларының жазғы лагерьле­рін де үзбей өткізуге күш салып келеміз, – дейді қор президенті.
Ал Тараз төрінде өткен «Қасиетті қазақ елі» фестивалінде тамсандырған Айнагүл Барамбаева есімді Ресейден келген қандасымыз халықаралық бас жүлдені қанжығасына байлады. «Терме мен күй» номинациясы бойынша І орынға өзбекстандық термеші Жаңғар Мамбетназаров лайықты деп танылса, Роза Бағланова атындағы «Вокал-дәстүрлі ән салу» аталымы бойынша І орын­ды Қытайдан келген қандасымыз, атақты «Көк тудың жел­бірегені» әні­нің авторы Ермұрат Зейіпханұлының туған інісі Нұршат Зейіпханұлы жеңіп алды. өнер фестивалі Абай атындағы жыр жарысында моңғолиялық Тілектес Ақылбекұлының бағы жанса, «Қолөнерде» сынға түскендердің арасында Ираннан келген Қадифен Шалақ қарсыластарынан оқ бойы оза шықты. Әр аталым бойынша І орын алған жеңімпаздарға 300 000 теңгеден берілсе, қалған қатысушыларға да бағалы сыйлықтар табыс етілді. Одан бөлек, Шерхан Мұртаза атындағы «Көрермен көзайымы» онлайн дауыс беру номинациясы бойынша жүлде Қытай елінен келген термеші Дәурен Құралбекке бұйырды.

Жамбыл облысы