Әуезовтің аяқталмаған кітабы
Әуезовтің аяқталмаған кітабы
457
оқылды
24 тамызда Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында АҚШ-тың Бас консулы Кэролайн Сэвидж, Әуезов үй-музейінің директоры Диар Қонаев және Деннис Киннің қатысуымен қаламгердің «Америка әсерлері» кітабының тұсаукесері өтеді. 1960 жылы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыруымен КСРО-дағы бірнеше әріптесімен Америкаға сапарлаған. Әуезов Нью-Йорк пен Вашингтонды, Аризона мен Калифорния штаттарын бір ай бойы аралап, кө­рген-білгендерін «Америка әсерлері» деп атаған жолжазба жинағына түсірген. Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы 2021 жылы Қазақстанда тұратын америкалық гид және оқытушы Деннис Кинмен бірігіп, Әуезовтің Америка сапарының жолжазбаларын ағылшын тіліне аударды және алғаш рет кітап етіп басып шығарды. Әуезовтің Америкаға сапары 1958 жылғы 27 қаңтарда Кеңес одағы мен АҚШ үкіметінің арасындағы «Мәдени, техникалық және білім саласындағы алмасу» туралы келісімнің нәтижесі болатын. «Хрущев жылымығы» атанған тарихи кезеңнің бір жемісі болған сол сапар АҚШ пен Қазақстан арасындағы осы күні мызғымас ынтымақтастық пен достыққа ұласқан қарым-қатынастың алғашқы жаршысы еді. Әуезов жазбаларының дені Американың сол замандағы әр алуан саладағы жетістіктерін, табиғатының сұлулығын, Америка халқының тұрмысын сипаттаумен қатар, америкалық замандастарымен әңгіме-сұхбатынан сыр шертеді. 1961 жылы сапардан бір жыл ө­ткен соң жазушы қайтыс болып, оның «Америка әсерлері» аяқталмай қалады. Соған қарамастан, «Америка әсерлерінің» тарихи құндылығы зор туынды екеніне күмән жоқ.

Асыл ТҰМАР