«АMANAT» партиясы мен елорданы белсенді азаматтық қоғамы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын үй-коммуналдық қатынастар саласындағы сауаттылықты арттыруды қолға алған. Бұл жолы олар тұрғын үй саласындағы тұғындарды толғандырған сауалдарға жауап беру үшін ашық есік күндерін өткізді.
Түсіндіру жұмысының мақсаты – мүлік иелері бірлестіктері институтын қалыптастыру. Сондай-ақ күрделі жөндеу жүргізу және МИБ-ті құру мәселелеріне ерекше назар аударуға бағытталған. Одан бөлек, сала мамандары мен қаладағы көпқабатты үйлердің МИБ төрағалары тарапынан бірлестік құру мен тіркеу үшін құжаттарды дайындауға, сондай-ақ көп пәтерлі тұрғын үйді басқару және күтіп ұстау бойынша қызметтерді жүзеге асырудың жолдарын көрсетті.
Шараны алғы сөзімен ашқан «АMANAT» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының Қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ахмет Мағзұмұлы елордалық тұрғын үй орталығының жұмысын және мүлік иелері бірлестіктері институтын енгізу бойынша жасалған жұмыстарды жоғары бағалады. «Қазір партия алаңдарында да МИБ-і институтын танымал ету және халық арасында түсіндіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр», – деді Ахмет Мағзұмұл.
Екі күнге жоспарланған іс-шараның алғашқы бір сағатының өзінде 20-ға жуық тұрғын келіп, тұрғын үй қатынастары және көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелеріне қатысты ақпарат алған.
Осыдан екі жыл бұрын «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Ол бойынша бұрынғы тұрғын үйлерді басқару нысандарының орнына жаңа екі қызмет түрі енгізілді. Яғни, МИБ және қарапайым серіктестік. Ал осыған дейін болған пәтер иелері кооперативі және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерліктің барлығы біртіндеп МИБ-ке ауысып жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы Сарыарқа инспекциясы бөлімінің бас маманы Әнуар Рақыштың айтуынша, реформаға дейін мемлекеттік органдарға тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар келіп түскен. Пәтер иелері кооперативі және басқарушы ұйымдардан халықтың ақшасы қайда жұмсалып жатқаны жөніндегі есебін сұрағандар көп болыпты. Сондықтан тұрғын үй саласында осындай реформа қабылданған. Бұл деген сөз, бір тұрғын үйдің қажеті бойынша жұмыс істейтін басқарушы ұйымды ендігі жерде тұрғындар өздері тағайындап, бір қағидамен жұмыс істейді. Құрылған МИБ жеке есепшот ашып, бір жылға төрағасын тағайындайды. Ол өз кезегінде жиналған қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалып жатқанына ай сайын есеп беріп отыруға міндеттеледі.
«Тұрғындардың өздері де, МИБ басшылығы да келіп өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып жатыр. Мысалы, кейбір тұрғындар «Біздің үйіміз үлкен емес. Оны қалай күтіп-ұстаймыз?» деп келді. Енді біреулер тариф бағасының көтерілуіне наразылықтарын айта келіпті. Оның себебінде барынша түсіндіруге тырысып жатырмыз. Нарықтық экономикада барлық қызмет сапасы көтеріліп жатыр. Сол үшін қазір көптеген кооператив иелерінің үйлерді күтіп ұстауға шамасы жетпей жатыр. Өйткені, қазіргі тарифтердің бағасы осыдан 5-10 жыл бұрын қойылған. Ол уақытта тариф бағасы тұрғын үйді күтіп ұстауға жеткілікті еді. Қазір бұл тарифпен үйлерді күтіп[1]ұстау мүмкін емес», – дейді Әнуар Құрышұлы.
Сонымен бірге маман қаланың сол жағалауына қарағанда оң жағалауындағы көпқабатты үйлерде МИБ-не өту баяу жүріп жатқанын жеткізді. Мәселен, Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарындағы ескі үйлердің көпшілігінде зейнеткерлер тұрады. Сондықтан олар тұрғын үйді күтіп ұстауға құлықсыз. Ал кейбір тұрғын үйлерде МИБ-ін басқаруға таласып жатқандар да бар екен. «Халықтың ұсынысы мемлекеттік органдарға жеткізілетін болады. Біз биыл ПИК жұмысын тоқтату керек едік. Осындай қиындықтарға байланысты МИБ-не өтуді тағы бір жылға созуға тура келді» деген Әнуар Рақыш тұрғын үй кепілдігі туралы тұрғындардың сауалына да жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі заңнама бойынша әрбір құрылыс компаниясы үйдің сапасына 2 жылға ғана кепілдік алады. Алайда екі жылдан кейін ақаулықтары байқалса, оны жөндеу, күтіп ұстау ПИК немесе МИБ-тің өздеріне артылады. Егер халықтың қалтасы мұндай күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге қалтасы көтермесе, 2020-2025 жылға қайтарымды түрде күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға несие беріледі.
Жалпы, қазір қалада 700-ге жуық МИБ құрылған. Олардың жалақылары төрағаның ортақ жиналысында шешіледі. Бірақ төраға алатын айлық 30 пайыздан аспауы керек. Алайда МИБ-нің жалға алатын нысаны, қажетті құрал-жабдықтары, кеңсе тауарлары мен салық шығындары есептелетіндіктен, жалақы мөлшерін тұрғындардың өздері шешуге мүмкіндігі бар.
«Манхэттен 3» тұрғын үй кешенінің МИБ басшысы Динара Орынбаева бастапқы кезде тұрғындардың талабын орындау қиындық тудырғанын айтады. Алайда қазір тұрғын үйді күтіп-ұстауға қажетті қаражатты жинау мен есебін беру де біржолға қойылған. «Басында халыққа түсіндіріп қиналатын едік. Қазір тұрғындардың 93 пайызы өз үйлері үшін ай сайын ақша жинаудан қашпайды», – дейді МИБ басшы.