Украин боксшысы Усик британдық Джошуаны екінші мәрте жеңді
Украин боксшысы Усик британдық Джошуаны екінші мәрте жеңді
366
оқылды
Сауд Арабиясының Жидда қаласында украиналық боксшы Александр Усик (19-0, 13 КО) пен британдық Энтони Джошуа (24-2, 22 КО) арасында қарымта жекпе-жек өтті, – деп хабарлайды sports.kz сайты. Бұл айқаста Усик өзінің осыған дейін жеңіп алған суперауыр салмақтағы WBA Super, WBO, IBF және IBO белбеулерін бәске тікті. Бұл кездесу 12 раундқа шақталған. Әділқазы шешімімен жеңіс украин боксшысы Александр Усикке бұйырды. Осылайша Усик өзінің кәсіби спорт жолында жиырмасыншы мәрте жеңіске қол жеткізіп, чемпиондық титулдарын сәтті қорғап шықты. Ал Энтони Джошуа осымен үшінші рет жеңіліп қалды. Еске сала кетейік, Усик пен Джошуаның бірінші жекпе-жегі 2021 жылдың 25 қыркүйегінде Лондон қаласында өткен еді. Ол кезде де украин боксшысы әділқазы алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен басым түскен. Daily Star хабарлауынша, екеуі де қомақты қаржылай жүлдеге ие болған. Әр спортшы 40 млн доллардан алады, ортақ қор екеуінің арасында теңдей бөлінген. Ал мұның алдындағы бірінші айқаста әрқайсысы 30 млн доллардан жүлделі болған еді.