Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдары Қытайда жаңа індеттің таралуы баяулады деп мәз-мейрам болған. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. 13 ақпанда жағдай тосыннан өзгеріп сала берді. Шың елінде кешелі бері коронавирусқа шалдыққандар саны күрт өскен.
Әлемде коронавирус Covid-19 деген атау алды. Бұған дейін ҚХР-да ол күніне 2 мың адамға жұғатын. Бейсенбіде бұл көрсеткіш 8 есе артты: бір тәулік ішінде бірден 15 мың адамды осы дерт меңдеген. Індеттің негізгі ошағы Хубэй провинциясында: жергілікті биліктің мәліметінше, сәрсенбі күні 242 адам осы кеселден өлді. Бұл – вирустың жаңа түрінен келген бір тәуліктегі өлім-жітімнің ең жоғарғы көрсеткіші.
Жалпы алғанда, Covid-19 құрбандардың жалпы саны 1363 адамға жеткен.
ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебреисус эпидемия аяқталды деп болжау ағаттық болатынын, әзірге олай деуге ерте екенін ескертті. Оның үстіне, оған қарсы дәрі-дәрмек толыққанды өндіріске қойылған жоқ. Жаһандық ұйым дерегінше, бүгінде ғалымдар әртүрлі 4 вакцина бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ оны тестілеуден өткізуге мамандар тек 4-5 айдан кейін кіріспек. Ұйымның мәлімдеуінше, вакцинаны адамдарға егу 1,5-2 жылдан кейін ғана басталады.
Дүниежүзінде Қытай індетіне душар болған қалалар қатары Ұлыбритания астанасымен толықты: Лондонда алғашқы науқас ресми тіркеуге алынды. Covid-19 Қытайдан бірнеше күн бұрын ұшып келген әйелден табылған. Бұл осы дертке душар болған ағылшын патшалығындағы 9-сырқат. Британияда тіпті шұғыл медициналық көмек бөлімінің дәрігері коронавирус жұқтырып алған.
Әлемде коронавируспен ауырған адамдар саны 60 107 адамға жетіп қалды. Оның 59 мың 539-ы – шығыс көршімізде. Одан кейін Жапония (203 науқас), Гонконг (49) тұр. Көрші Ресейде коронавирусы бар 2 адам анықталды.
Вирустың жаңа түрі жайлаған елдер саны 22-ге жетті және бұл оның шегі емес.
Салдарынан дүниежүзінде бұқара көп жиналатын ірі іс-шаралар өтпей қалуда. Мысалы, Халықаралық автомобиль федерациясы (FIA) эпидемияға бола биылғы «Формула-1» Гран-при жарысын кейінге қалдыруға мәжбүр екенін жариялады.
Бұдан бөлек, инфекция таралуынан қорқып, Mobile World Congress Барселонада мобильді индустрия көрмесін ұйымдастырудан түпкілікті бас тартты. Бұл ұялы технологиялар нарығындағы мамандар жыл сайын асыға күтетін әлемдегі ең ірі көрмелердің бірі еді.
Өңірдегі және елдегі күрделі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, Сингапурдегі дәстүрлі авиасалон өз жұмысын бастады. Алайда оған келуден шамамен 70 қатысушы ат-тонын ала қашыпты. Олардың арасында әлемдік әскери-өнеркәсіптік алпауыт корпорация Lockheed Martin, Канаданың Bombardier, Американың Textron конгломераты және басқасы бар. Оңтүстік Кореяның әскери әуе күштерінің Black Eagles пилотажды тобы халық көп жиналмауы үшін авиасалон өткізу күндерінде аспанда қойылымдар көрсетуден бас тартты.
ҚХР-дан басқа, Covid-19-дан көп зардап шегіп отырған елдердің бірі – осы Сингапур. Онда 47 сырқат тіркеуге алынды. Мұнда шамамен 300 қызметкері бар аса ірі банк жұмысын доғарды. Себебі әріптестерінің бірінің коронавируске шалдыққаны анықталған. Шұғыл эвакуацияланған банк қызметкерлерін үйлеріне жіберген. Банктің ресми мәлімдемесінде айтылғандай, олар енді үйлерінен жұмыс істейді. Сырқат қызметкерге және оның отбасы мүшелеріне банк қажетті көмек пен қолдау көрсететінін хабарлады. Ал жауапты құрылымдар ол адаммен кімдердің жақын араласқанын айқындауда.
Осыдан кейін барлық жергілікті компаниялар өз қызметкерлері үшін термосканерлеу – дене температурасын қашықтықтан өлшеу рәсімін енгізді: онсыз ішке ешкім жіберілмейді.
Ресейде жаңа жұқпалы ауру Қытай азаматтарынан анықталған, олар емдеуден соң ауруханадан шығарылды. Олармен қарым-қатынас жасағандарда кесел ізі табылмапты.
Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, ресейліктердің 42%-ы ғана коронавирустен қорқатынын білдірген. Қазақстанда ондай сұрау салынған жоқ. Бірақ дәріханашылардың айтуынша, медициналық маска іздеушілер көп, егер саудаға түссе, ондаған данасын бірден алып кетеді. Ендеше қазақстандықтардың бойында іргедегі елді ен жайлаған жаман дертке қатысты үрей бар.
Індеттің таралуына әсіресе, Жапония (66%), Австралия (61%) және АҚШ (55%) тұрғындары бәрінен көбірек уайымдайды.
Жапонияда мәселен, Diamond Princess тұтас круиз лайнері сол бойы карантинде ұсталуда. Ондағы тұтас бір ауыл халқына тең жан – 3,7 мың адам сыртқа да шыға алмайды, туысқандарымен көрісуіне де тыйым салынған. Кемедегі аурулар саны күн санап артуда: коронавирус 218 жолаушы мен экипаж мүшесінен табылды.
Гонконг билігі өз тұрғындарына қайырылып, індеттің қанат жаюының жаңа версиясын жариялады: коронавирус канализация құбырлары бойынша таралуы мүмкін. Бұл жорамалға бір-бірімен араласпаған, қол алыспаған, алайда бір тұрғын үй кешенінде тұратын бірнеше тұрғынның ауыруы себеп болды. Өйткені 2002 жылы Гонконгте атипті пневмония да құбыр жүйелері арқылы жұққан көрінеді. Салдарынан 300 адам сырқаттанып, 42-сі өлген.
Сондықтан жергілікті құзырлы органдар ондай үйлердің тұрғындарын эвакуациялау шараларын қабылдауда. Пациенттердің бірінің пәтерінде иесі канализациялық құбырларды өз бетінше қайта құрып шыққаны мәлім болды. Конструкцияның дұрыс жасалмауы кесірінен құбырдағы жел унитаздан сыртқа шығып кетіп тұрған. Ғалымдардың тұжырымдауынша, бұл вирус нәжісте көп шоғырланады. Демек, вирус бір пәтерден екіншісіне солай көшуі ықтимал.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда әзірге коронавируске шалдыққан бірде-бір адам тіркелген жоқ.
Елдос СЕНБАЙ