19 тамызда Ақтөбе облысы бойынша полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) азаматтарға жүргізуші куәлігін заңсыз бергені үшін күдіктілерді ұстады.
ҚР Ішкі істер министрлігінің БАҚ-қа таратқан ақпаратына сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушылары яғни мамандандырылған ХҚКО-ның қызметкерлері кейбір клиенттердің емтиханға кедергісіз кіруіне көмектескен.
«Теориялық емтихан тапсыру кезінде пайдаланылатын биометриялық жүйеге қызметімен «U-Study» ЖШС айналысады. Сондай-ақ, емтихан тапсыруға келген кандидаттарды тексеру және оларды сынақ өтетін кабинетке кіргізумен де «U-Study» ЖШС қызметкерлері айналысады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Нариман Дүйсекеев.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысы бойынша полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы өкілдері мамандандырылған ХҚКО-ның қызметкерлерін емес, «U-Study» ЖШС-нің қызметкерлерін ұстаған.