Кейінгі күндері қазақстандық күн тәртібіндегі басты саяси оқиға – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сочиге сапары болды. Онда Қазақстан Президенті Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Ақорда да, Кремль де қысқа ақпаратпен шектелді. Сапар соңында ешқандай құжатқа қол қойылмаған. Сонда бұл сапардың маңызы, қажеттілігі неде? Сарапшылар пікіріне құлақ түрсек.Аспанды торлаған бұлт сейілді ме?
Сапардың негізгі түйінді сөзін Қ.Тоқаев айтты: «Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға негіз жоқ!»
Бұл сапарға Мәскеудің баса мән бергені байқалды. Кездесудің ақпарат құралдары үшін ашық, жария бөлігін көршінің басты федералдық арнасы «Россия24» таратты. Ресейлік журналистер қос президенттің қол алысумен шектелмей, құшақ айқастырғанына назар аудартып жатты. Сарапшылар биік деңгейдегі келіссөздердің жылы, достық ауанда өткенін нықтады.
Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың жазғанына қарағанда, Сочиде ұзаққа созылған жеке кездесудегі келіссөздің қорытындысына Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңілі толыпты. Мемлекет басшысының пікірінше, келіссөз өзара сенім әрі іскерлікпен ерекшеленген айрықша достық атмосферада өтті. Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-әрекетіне қатысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланғанына екпін түсірген. Мемлекеттер басшылары уағдаластықтарды екі ел үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы маңызды деп түсінеді. Олар тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісіп тарасты.
Қазан айында олардың қатысуымен елордада ТМД саммиті, ал 15-16 қыркүйекте Самарқанда ШЫҰ саммиті өтпек. Қос мемлекеттің қорғаныс ведомстволары биыл ҰҚШҰ аясында қазақстандық «Мәтібұлақ» полигонында бірлескен әскери жаттығуларды дайындап жатыр...
Қ.Тоқаев пен В.Путиннің бұған дейінгі кездесуі биылғы маусымда, Петербор экономикалық форумы аясында өткен. Сонда Қазақстан лидерінің әрбір сөзін шетелдік ақпарат құралдары цитатаға таратып әкетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының квазимемлекеттік аумақтардың тәуелсіздігін Қазақстанның мойындамайтыны, Батыстың Ресейге қарсы енгізген санкцияларын бұзбай, сақтайтыны туралы мәлімдемелері сенсацияға айналып, сарапшылар тарапынан батыл әрі тәуелсіз саясаттың нышаны ретінде бағаланды. Содан кейін ресейлік кейбір насихат құралдары Қазақстанды нысанаға алып, түрлі жала жапты. Каспий құбыр консорциумы құбырының жұмысы тоқырады. Сондай-ақ Д.Медведевтің Қазақстан мен Грузияға қатысты әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты жанжал туындады. Осының бәрі Қ.Тоқаевтың осы жолғы сапарына деген қызығушылық отына май құя түскендей болды.
Яғни, Петербордағы кездесу біршама шиеленісті ауанда өтсе, Сочидегі кездесудің жылы шырайлы атмосферада өткенін, одақтастар арасында салмақты келіспеушіліктер жоқтығын қос тарап та барынша паш етуге тырысты. Бұл дұрыс та, әйтпесе, кейбір шетелдік сарапшылар қос мемлекет арасында қарулы жанжал тууы мүмкін дегенге дейін барған.
Ақорданың хабарлауынша, Сочи кездесуінде мемлекеттер басшылары Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылаған. Бұл ретте сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
«Мен сізді көргеніме өте қуаныштымын. Күн тәртібінде тұрған мәселелер көп, оларды тыныш, іскерлік, достық ауанда талқылауға мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын», – деп қайта-қайта қуанумен болды В.Путин. Президенттер ресми және бейресми жағдайда, түскі ас үстінде емен-жарқын, оңаша әңгімелескен.
Кремль көпвекторлы саясатымызға көнді ме?
Мәжіліс депутаты, «AMANAТ» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұлдың байламынша, Мемлекет басшысы тәуелсіздігіміздің тірегіне, мемлекеттігіміздің темірқазығына айналған көп бағытты сыртқы саясатты Жаңа Қазақстанның жақтайтынын әрі сақтайтынын анық білдірді.
– Қазақстан Мәскеумен бірге санкцияның астында қалған Беларусьтің қателігін қайталамайтынына сенімім мол. Бірақ бұл стратегиялық серіктестің бірі саналатын Ресеймен араздасу, ат құйрығын кесу керек дегенді білдірмейді. Қазақ билеушілері, Ұлы даланы ен жайлап, еркін көсілген халқымыз әрдайым кеңдігін көрсетіп, көпбағдарлы саясат ұстанған. Тіпті, үш ғасыр қырылысқан жоңғарлармен Абылай хан дәуірінде одақтасып, сыртқы жаумен бірге соғысқаны тарихтан белгілі. Тарихтан алатын сабағымыз: біріншіден, өз халқымыздың бірлігін нығайта түсуге, екіншіден, Қарулы күштерімізді заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етуге, үшіншіден, барлық көршімен достық қарым-қатынасымызды сақтауға тиіспіз. Жаңа Қазақстан осы үш ұстынды нығайтады. Сондықтан Президентіміздің Сочиден оралған соң Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, отандық қаруды өндіру мен сатып алу мәселелерін пысықтауы бекер емес, – деді Бақытбек Смағұл.
Оның пікірінше, Мәскеу Қазақстанның көпбағдарлы сыртқы саясат жүргізетініне көнді. Бұл біздің әскери қуатымызды арттыруға әрі экономикалық дамуымызды өрістетуге мүмкіндік береді.
Соның дәлеліндей, ертең Мемлекет басшысының Бакуге сапары күтіліп отыр. Әзербайжан санкция салдарынан оқшауланған Ресейді айналып өтетін баламалы жолдарды дамытудағы Қазақстанның басты әріптесі саналады. Бакуде Қазақстан лидері Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен жеке және кеңейтілген құрамдағы кездесулер өткізеді деп жоспарланған. Олардың аясында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа белеске шығаруға баса назар аударылып, стратегиялық серіктестікті өркендету көзделген. Сапар соңында екіжақты құжаттарға қол қойылуы мүмкін. Сарапшылар Ресейге жалғыз барған Қазақстан көшбасшысының Бакуге үлкен делегация апарғалы жатқанын айтады.
Бақуатты болашақ кілті – бітімде
Ресейлік саясаттанушы Андрей Суздальцевтің байламынша, қазір екі елдің күн тәртібі әртүрлі. Оны Украинадағы қарулы жанжал ажыратып отыр. Мысалы, Мәскеу үшін бүгінде әскери көмек, батыстық санкцияларды айналып өту өзекті. Ал Қазақстанды экономикалық ынтымақтастық көбірек қызықтырады.
«Қазақстан Батыстың қайталама санкцияларына душар болғысы келмейді. Бұл ел бұрыннан сауда-саттықты жақтаған ел, Ұлы жібек жолының басты бағыттары соның жері арқылы өткен. Қазір Қазақстан экономикасы сыртқы саудаға, әсіресе мұнай экспортына қатты тәуелді. Санкция салдарынан әлеммен сауда-экономикалық қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылса, республика даму мүмкіндігін де жоғалтады. Бірақ Мәскеумен де байланыстарын үзе алмайды. Бұл оған тиімсіз. Сондықтан Қ.Тоқаевтың саясаты Ресеймен сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты сақтап, нығайтуға бағытталуы мүмкін. Сочиде соның негізі қаланды. Әйтпесе, Петербор кездесуі кикілжіңмен аяқталғандай болған. Содан бері тараптар сабырға келіп, сабаға түссе керек», – деген пікірде ресейлік саясаттанушы.
Саясаттанушы, халықаралық сарапшы, саясат ғылымдарының кандидаты Аббас Галлямов қазіргі кезде Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия лидері Реджеп Тайып Ердоғанмен бірлесіп, түркі елдерін біріктірудің мега-жобасын жүзеге асырып жатуы ықтимал деген қызықты тұжырым жасады. Ал Ресейде түркітілдес халықтар көп тұрады. Мәскеу қазір олардың TÜRKSOY, ТүркПА сияқты таза түркі елдерінің халықаралық ұйымдарына қатысуын шектеп отыр.
«Түркияның ақпарат құралдарының хабарлауынша, таяуда, 5 тамызда Сочиде Ердоғанмен кездескен В.Путин Украинадағы соғысты тоқтату үшін келіссөзге дайын екенін меңзеген көрінеді. Артынша, Сочиге Тоқаев суыт аттанды. Бұл ретте сапардың жасалатыны әдеттегідей біраз бұрын хабарланбады. Бұған дейін өзін паң ұстайтын Путин де бұл жолы үнемі ілтипат танытып, күлімсіреумен болды. Тоқаевты сыртқа шығып, қуана қол бұлғап, өзі қарсы алды. Демек, Түркия мен Қазақстан тізе қосып, соғысты бітіммен аяқтауға үлес қосып жатуы да ғажап емес. Осының алдында, шілде соңында Қазақстан Президенті Украина басшысы В.Зеленскиймен сөйлесті», – дейді саясаттанушы.
Ол Ресей қоғамында соғысты тоқтатуға қатысты сұраныс артып келе жатқанын еске салды. Мұны Кремльдің тапсырысымен Қоғамдық пікірді зерттеудің бүкілресейлік орталығы (ВЦИОМ) жүргізген жабық сауалнаманың нәтижелері паш еткен. «СВО: Проблемные зоны» деп аталған әлеуметтік зерттеудің қорытындыларын The Bell басылымы өз дереккөздері арқылы алғызған. Сондай-ақ италиялық Corriere della Sera да қол жеткізе алыпты. Құжатта ресейліктердің 44 пайызы ғана Украинадағы әскери қимылдарды жалғастыруды жақтайтынын көрсеткен. 44 пайызы бейбіт бітімге келу керектігін айтқан. 12 пайызы жауап беруге қиналды.
Жалпы, Қазақстанның қақтығысқан елдерді бітістіріп, ымыраға келтіру тәжірибесі мол. Ресей де, Украина да бейбіт өмірге оралу үшін бейтарап Қазақстанның осы әлеуетін пайдалануы әбден мүмкін.