Сенімді серіктестік серпін алады
Сенімді серіктестік серпін алады
385
оқылды
Ресей Ферациясының Сочи қаласына жасаған сапары кезінде Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федера­ция­сы­ның Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүр­гізді. Кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан – Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мә­се­лелерін жан-жақты талқылады. Сауда-эко­но­ми­ка­лық және инвестициялық ынтымақтастықты ны­ғайтуға ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қа­ты­настардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресей ара­сын­да стратегиялық серіктестік негізіндегі қарым-қа­тынас орнаған. Биыл біз дипломатиялық қарым-қа­тынас орнатудың өте маңызды датасын атап өтіп жатырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын Достық, ын­тымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. 2013 жылы осы Шарт елдеріміз ара­сындағы одақтастық қатынастар туралы сіз қол қойған жаңа құжатпен толықтырылды. Сон­дық­тан қалыптасқан негіз өте жақсы, – деді Қа­зақ­стан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ын­тымақтастық табысты дамып келе жатқанына тоқ­талып, өнеркәсіп кооперациясы біздің көңі­лімізден шығатындай елеулі нәтижелерге жет­ке­нін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, сауда динамикасы дұрыс жағынан дамып жатыр. Былтыр сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құрады. Президент бұл көрсеткішпен Ресей біздің тауар айналымымызда бірінші орында тұрғанын айтты. Тоқаев Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ және басқа да халықаралық институттар арқылы белсенді ынтымақтасып келе жатқанымызға тоқталды.
– Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Қазан айында ТМД саммиті өтеді. Оған өзіңіз қатысасыз деген сенімдеміз. Оның үстіне Ресей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында маңызды рөл атқарады. Бұл – шынымен де халықаралық форматтағы ынтымақтастықтың басым бағыты, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдайдағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелеріне назар аударды.
– Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр. Олар бір-бірімен табысты қызмет етіп келеді. Дегенмен өмірдің өзі жаңа міндеттер қояды және олар шешуді қажет етеді. Жалпы, біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар. Мен бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыруын қабыл алып, Сочиге келгеніне алғысын білдірді.
– Шақыруымды қабыл алғаныңызға рақмет. Біз екеуіміз үнемі кездесіп тұрамыз. Жақында ғана жүздескен едік, бірақ Сочиде кездесуге келістік. Алдымызда өте ауқымды жұмыс бар. Ал биыл ерекше жыл. Біз қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр. Біздің министрліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеп жатыр. Үкіметаралық комиссия қарқынды жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер, қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, соның ішінде ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларды және тағы басқаларын дайындап жатыр. Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4 пайызға өссе, биыл бес айда 9 пайызға дерлік, 8,8 пайызға өсті. Инвестициялар екі жақтан да артып келеді. Меніңше, Ресей инвестициясы 18 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы төрт жарым миллиард шамасында. Қазақстанның сауда-экономикалық серіктестері арасында Ресей бірінші орында тұр. Бізде сондай-ақ жақсы ірі жобалар дамып жатыр. Жоғары технологиялық салаларда, соның ішінде ғарыш саласында жұмыс істейміз. Жалпы, жұмыс барлық бағыт бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр. Біздің кездесуіміз, әрине, сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын, – деді Ресей басшысы.