«2022-2026 жылдар аралығында 9 радиофармацевтикалық препаратты (18F-FDG, 18F-NaF, 18F-DOPA, 18F- PSMA, 18F-FET, 18F-FLT, 11C-MET, 68Ga-PSMA, 68Ga-DOTA) кезең-кезеңімен өндіріске енгізу жоспарланған. Кешеннің жобалық қуаты – күніне 2-3 синтез. Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптары бойынша сертификатталады және Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің лицензиясын алады», – дейді Индира Қайратқызы.Кешен радиациялық қауіпсіздік және фармацевтикалық сапа жүйесінің талаптарына сәйкес жоспарланған 9 РФП барлық желісін өндіруді қамтамасыз ету үшін өндірістік, талдамалық, дозиметриялық жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Үш бөліктен тұрады – циклотрон блогы, өндірістік аймақ және сапаны бақылау блогы. Мұнда физик, химик, биолог мамандар жұмыс істейді. Ядролық медицина орталығының диагностика блогы диагнозы қиын анықталатын қуықасты безінің обыры, нейроэндокринді өспелер, бас миының ісіктері, остеобластикалық сүйек метастаздары, тағы басқа қатерлі ісік ауруларын, сондай-ақ кардиология және неврология ауруларын ерте кезеңінде анықтайды. Орталық жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен, бүгінде әлемдік медицина индустриясында қолжетімді позитронды эмиссиялық компьютер томографиясының сканерлеу жылдамдығы жоғары, бұл аппарат диагноз қою сапасын арттырады.
«Discovery MI ПЭТ/КТ аппараты жоғары жылдамдықты сканерлеу режиміне ие әрі сурет сапасы диагностиканың ерекшелігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл арқылы өткізу қабілетін арттыру және пациенттердің зерттеу нәтижесін күту кезегі (қазіргі уақытта 3-4 айға дейін) азаяды. ПЭТ/КТ зерттеу өткізу қабілеті қазіргі уақытта жылына 3 мыңға дейін пациент қамтиды. Бұл орташа алғанда күніне 20 науқас. ЦӨК іске қосылғаннан кейін пациенттер ағымын 1,5-2 есеге, яғни жылына 7 мың пациентке, күніне 35-40 зерттеуге дейін арттыру жоспарлануда», – дейді Ядролық медицина орталығы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сәдуақасова.Ал GE компаниясы өндірген БФЭКТ/КТ аппараты жоғары өткізу қабілетіне ие, техникалық және бағдарламалық мүмкіндіктері бар. Бас миына, сүйек-буын жүйесіне, өкпеге, бауырға, бүйрекке, қалқаншабезге, қосқалқанша безге және тағы басқа барлық ағза мен жүйенің қызметіне зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Фотонды-эмиссиялық компьютерлік томография қатерлі ісік жасушаларының мінез-құлқын бақылай алады. Өзгеріске ұшыраған жасушаларда қатерлі ісік пайда болғанға дейін қалыптан тыс метаболизм жүреді. Оларды анықтауға науқастың қанына енгізілетін арнайы препараттар көмектеседі. Белгіленген қосылыстар неоплазмада жиналып, радиациялық сәуле шығарады, оны арнайы гамма-камера тіркейді. Сонымен қатар құрылғылар кез келген органның және адам ағзасының бүкіл жүйесінің функционалды жағдайын, соның ішінде қан мен лимфа қозғалысының жылдамдығын зерттей алады.
«Бұл аппарат жоспарланған зерттеулерді, сондай-ақ сатып алынатын жабдықтың экономикалық тиімділігін ескере отырып таңдалды. Өткізу қабілеті күніне 6 зерттеуге дейін немесе жылына 1 300 пациенттен аспайды. Жаңа БФЭКТ/КТ аппаратын пайдалануға беру кезінде пациенттер ағымын 1,5-2 есеге, күніне 10-12 зерттеуге дейін, жылына 2,5 мың зерттеуге дейін арттыру жоспарлануда», – дейді Айгүл Сәдуақасова.Қазіргі уақытта елімізде 4 ПЭТ/КТ аппараты жұмыс істейді. Біреуі – University Medical Center КҚ РДО, екіншісі – «ҚР ПІБ МО ауруханасы» РМК, үшіншісі – Алматы қаласындағы ҚазОРҒЗИ, төртіншісі – Семей қаласындағы ядролық медицина және онкология орталығында орналасқан. РДО және Семей қаласындағы орталықтың базасында бір ғана радиофармпрепарат – 18-фтордезоксиглюкоза (18F-FDG) өндіруге арналған циклотронды кешен бар.
«Біздің орталықта заманауи медициналық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікпен қатар өзге де ауру түрлерін ерте кезеңде диагностикалауға мүмкіндік бар. Бірегей медициналық мекеме онкологиялық және кардио ауруларын диагностикалау мен емдеуді әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтау, ем-дом жүргізу үшін шетелге барудың қажеті жоқ. Бізде барлық заманауи технология, қажетті техника мен білікті дәрігерлер бар», – дейді Индира Қайратқызы.Жаңа ашылатын Ядролық медицина орталығы аруханасы GMP сертификатталған өндірістік алаңы бар және өз базасында ПЭТ/КТ зерттеулерін қатар жүргізетін Қазақстандағы жалғыз медициналық мекеме болады. Жаңа емдеу-диагностикалық блогында күрделі ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу мен оңалтудың тәсіліне жүгінетін 7 терапиялық бөлімше жұмыс істейді. Қыркүйекте ашылатын орталыққа МӘМС, портал арқылы келіп, тегін жазылуға болады. Орталық азаматтардың денсаулығын жақсартуға және қазақстандықтар үшін заманауи медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттыруға қызмет етпек.
Айдана НҰРМҰХАН