Елімізде ұлттық өнерді дәріптеп жүргендер баршылық. Бірақ оны салт-санасына сіңіріп қана қоймай, тұрмыс-тіршілігіне енгізген жандар сирек. Соның бірі – Бейісбековтер әулеті. Олар ұлттық өнерді құндылықтардың ең биігі деп бағалайды. Қызығы бір әулеттен жетеуі Суретшілер одағының мүшесі болса, бесеуі Қолөнершілер одағының мүшесі. Олар сурет салып, түскиіз тоқып, киізден киім, жүннен кілем, былғарыдан бұйым жасайды. Шымкентте тұратын әулеттің «Алтын орда» галереясын аралап, өнерлі отбасымен танысып қайттық.
– Қолөнершілер – атам заманнан өз үйінде өмір сүргендер. Үйден шықсақ, бір жарым метрде жұмысымыз. Ары қарай жүрсек, галереяға кіреміз. Сол себепті қолөнермен үйде айналысқан дұрыс. Әрбір суретшінің арманы – өз галереясын ашу. Менің мақсатым – өнер адамдарының басын қосып, туындылармен тамсанту. Арманым орындалды, баспанамды үлкен галереяға айналдырдым, – дейді Болатбек Бейісбеков.
Үйге кіргенімізде дәлізде екі кішкентай бала асық ойнап жүр. Үстіндегі киімдері де шыт матадан тігілген. Болатбек Болатұлының айтуынша, ұлттық құндылықты насихаттау отбасынан басталады. Сондықтан кішкентайынан осындай киімді киіп өскен бала есейгенде де ұлттық нақыштағы киімді тіктіріп киетінін айтты. «Ал бұл дегеніміз – ұлттық өнерді дәріптеудің бірден-бір жолы» деді ол.
700 шаршы метрден тұратын галереяға келетін туристің де саны көп. Соған қарай ақылы сабақтар, яғни мастер класс та жиі өткізіледі. Тіпті, тәжірибеден өтуге келген жастардың көбі ісмерлік іспен айналысуға қалып жатады.
– Немерелерім батикқа арнайы сызбасын сызып, суретін дайындап қойған. Соның үстінен инемен сурет салып шығады. Келген туристер осы жерде мастер класқа қатысып, өзі жасап көреді. Тіпті, өзімен бірге алып кете алады. Бұл – өздерінің дүкені. Мұнда сатылған әр нәрсе немерелерімдікі, – деді Болатбек Бейісбеков.
Кішкентайынан өнерге баулыған қолөнершінің немерелері хош иісті сабынды да өздері жасайды. «Жұмыстың бәрі қазақтың төрт түлік малына арналған. Оның ішінде ешкі, түйе, лақ бар. Алдымен мүсіндерін жасаймыз, немерелерім оған сабын құяды. Шыны керек, дайын қалып сатып алған емеспіз», – деген қолөнерші сертификатталған сабынның қалындығына қарай бағасы қойылатынын айтты. Оның бағасы 700-800 теңгеден басталады. Ал косметикалық сабындар, яғни түрлі шөп қосылған хош иісті сабын 3 мың теңге тұрады.
Болатбек Бейісбековтің айтуынша, сабын жасау тәсілін оқып, үйреніп, бизнес көзіне айналдырғандар да бар.
Сонымен қатар галереяның ішінде алаша, ши, кілем тоқылады, киіз басып, кесте тігіледі. Әрқайсысына жеке бөлме қарастырылған.
– 2014 жылы кілем тоқу бойынша Ауғанстан дүниежүзінде бірінші орын алған. Сол жақтың жігіттерімен сөйлескенімізде, олар «Қазақта сапалы кілем жоқ. Үйді жылытуға ілінгеннің бәрі кілем емес. Сендердікі әлемдік стандартқа жатпайды. Өңдеген жағдайда тек 30 пайызы ғана сақталады. Одан қатты үйкесе, шашылып қалады» деген болатын. Сенбей, мықты деген кілемді көрсеттім. «Астының бәрі қыл болып, түсі оңып қалады» дегені расталды. Кілемнің бетін әдемілеп қырыққан соң, 10 сағаттай барабанда айналдырып шыққанда, түсі оңды, – деді қолөнерші.
– Сөйтіп, намыстанып, өз кілемімізді шығаруға тырыстым. Қазір бізде тақыр кілем, түкті кілем ғана емес, ауған кілемі де бар. Қазақ кілем тоқи алмайды деген стереотипті бұздым. Оларды ресейлік жіптермен тоқып, бетін машинкамен қырады. Сол құрылғыны кезінде 100 долларға алдым. Бірақ шекарадан өткізбеген соң, Үндістан арқылы өткізіп әкелдім. Ондай құрылғы Ауғанстан мен Пәкістанда ғана бар. Қазір біз елу шалымға жеттік. Бір тапсырысты бір жыл істейміз. Бір кездері құдалық той, мерейтой дегенге жақсы өтіп, саудаға да шықтық. Оған бояуды да өзіміз жасаймыз. Қаншама тонна шөп жинағанда аз ғана бояу шығады. Сонда бояуға ауылдағы апаларды шақырып, оларға самаурынын қойып, қазанына тамағын істеп қоямыз. Әндетіп отырып олар бояуды шығарады. Мұның өзі салттан алыстамағанды көрсетеді, – деді Болатбек Бейісбеков.
Қолөнершілер әулетінде киіз басудан киімнің түймесіне дейін өздері жасайды. Әр киімдегі ою-өрнектің берер мән-мағынасы да үлкен талғаммен таңдалады. Тіпті, таза былғарыдан аяқкиімге дейін осында тігіледі.
«Ұлым – былғары шебері. Былғарыдан әмиян, белдік секілді түрлі бұйымдар жасайды. Жақында былғарыдан етік тігуді үйренді. Біле білсеңіз, былғары әртүрлі қалыңдықта болады. Арасында бір теріден сегіз қабат шығара алады», – деді Болатбек Бейісбеков.
Айтуынша, келіншегі Күләш та, келіні Мәдина мен Венера, Ақбота, Арай деген қыздары да қолөнермен айналысады. Тіпті Дарын, Жібек, Нұрай, Шұғыла, Бәйкен, Бекарыс атты немерелері ата жолын жалғастырып келеді.