ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының мүшелері Мәди Елубаев пен Юлия Кучинская Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы 300 орынға арналған мектептің құрылысымен танысты. Білім беру нысаны «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасына сай қолға алынған. Сондықтан оның сапалы әрі өз уақытында аяқталуын партия өз бақылауында ұстап отыр.
Мектептің құрылысы 2020 жылы басталып, биыл қыркүйекте тапсырылуы керек болатын. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жобалық-сметалық құжатты қайта түзету қажеттігі туындаған. Мердігер дәл осы факторлар құрылыстың кешеуілдеуіне себеп болғанын атап өтті.
Ал Мәжіліс депутаты Юлия Кучинскаяның пікірінше, мәселенің түпкі себептері мемлекеттік сатып алу туралы заңның шикілігінен болып отыр.
«Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның шикілігінен туындаған біршама олқылықты байқадық. Сондықтан біз тек мониторинг жүргізіп, нысанды уақытылы тапсырмаған мердігерді жазалауды мақсат тұтпаймыз. Негізгі мақсатымыз – заңдарды жетілдіру. Сондықтан қандай заңда нендей олқылықтар барын анықтауға тырысамыз. Мәселен, бүгінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның жетілмегендігін байқадық. Одан бөлек, құрылыс нысандарын салуды жоспарлау жүйесі де жолға қойылмаған. Олай дейтінім, мердігермен әңгімелесу барысында жобалық-сметалық құжаттаманың әуелден-ақ сапасыз әзірленгенін, геологиялық барлаумен байланысты мәселелер анықталғанын білдік. Сондықтан келесі сессиядағы жұмыс аясында біз осы мәселелерді көтереміз. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырма берді. Сондықтан менің ойымша, бұл мәселе біздің депутаттар айналысатын негізгі бағыттардың бірі болады», – дейді депутат Юлия Кучинская.
Құрылыс нысанының бас мердігері «Достар» көпсалалы компаниясының өкілі Аслан Набиев болса, мектеп құрлысы желтоқсан айында аяқталатынын айтады.
«Бүгінде алаңішілік желілерді тарту жұмыстары аяқталды. Су құбыры мен кәріз жүйесі тартылып, қазандық орнатылды. Осы күндері мектептің алаңын абаттандырып жатырмыз. Сондай-ақ нысанның шатырын салу жұмыстары жақында аяқталды. Желілер бойынша электр сымдары толығымен тартылды. Қазір де ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр», – дейді Аслан Набиев.
Мәжіліс депутаты Мәди Елубаев аталған мектептің құрылысы Жібек жолы ауылындағы үш ауысымда оқу мәселесін біршама шешуге көмектесетінін алға тартты. Жалпы депутаттардың пікірінше, елорда маңындағы елді мекендердегі ең негізгі проблема тұрғындардың көбі ауылда ресми тіркелмегендігінен туындап отыр. Мәселен, Жібек жолы ауылындағы жергілікті халық саны ресми дерек бойынша 10 мыңның айналасында болса, шынтуайтына келгенде, тұрғындар одан екі есе көп. Бұл өз кезегінде елорда айналасындағы ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымдардың жетіспеушілігіне алып келуде. Сондықтан депутаттар алдағы уақытта агломерацияларды дамыту туралы заңды жетілдіру қажет деп санайды.
Жалпы, Жібек жолы ауылдық округінде бүгінде бір емес, екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Екеуі де 300 орынға шақталған. Мәжілісмендер Жібек жолы ауылындағы мектептің құрылысы баяу жүргендігін анықтап, оның жыл соңына дейін жылдам әрі сапалы орындалуы бақылауда болатынын айтты.