Енді бірер күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Дегенмен алғашқы қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттайтын оқушыларда қуаныштан гөрі мұң басым. Себебі оларды әлімжеттік жасау мен әкіреңдеуді әдетке айналдырған тентектер күтіп тұр. Зорлық-зомбылық, тепкіге түсу, теперіш көру жалғасады. Мектеп сыртындағы төбелес түгіл сынып ішіндегі қысым-қиянаттарды педагогтардың біразы елемеуге тырысады. Оларды осыған үн қатып, тосқауыл қою шараларын қабылдауға міндеттеу үшін Оқу-ағарту министрлігі Буллингтің профилактикасы қағидаларын әзірледі. Бірақ оған қоғам қарсы. Неге?
Буллингпен күреске мемлекет мүдделі
Президент білім ордаларындағы әлімжеттікпен күресу керегін бұрыннан айтып келеді. 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында мұны азаптауларға теңеді. Балалар құқын қорғау жөніндегі шараларды күшейту қажеттігін, кибержүйедегі ғайбаттаулардан, қоқан-лоқыдан ең алдымен балалар зардап шегетінін, оның соңы қайғылы жағдайға да ұшырап жататынын қаперге сала келе, азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғайтын заң қабылдауды жүктеді. Ол заң биыл күшіне енді, бірақ сарапшылар заңдық актілері дайын емесін ескертеді.
2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің I сессиясының ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені қайта көтеріп, балалардың қауіпсіздігі, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді енгізуді тапсырды. Бұл мәселе сондай-ақ Ұлттық кеңесте де талай сөз болған. Дегенмен істің ілгерілегені шамалы. Әлімжеттік мектепте ғана емес, өзге білім ұйымдарына, колледждерге, университеттерге қанат жайғаны жасырын емес. Оған бүгінде қоғамды дүрліктірген, полицияның тергеуіне арқау болған Назарбаев университетіндегі дау дәлел болса керек.
Буллинг мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән берілуі бекер емес: ол әлеуметтік кернеуді, азаматтық шиеленісті ушықтыратын теріс фактор. Айналасынан қыспақ көріп, тәлкекке түскен жастар кейін қоғамға соны қайтаруға тырысып, қаскөйлікке, қылмысқа құмар болуы ғажап емес. Бұл факторлар білім ордаларындағы буллингпен күресті күшейтудің мемлекеттік маңыздылығын көрсетсе керек.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында буллинг мәселесіне оралды. Мемлекет Балалар жылы бұл кеселден арыла алмағанына, мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мұны жауапты органдар мектептерге жаппай бейнебақылау камерасын орнатып, оны полицияның жедел ден қою орталықтарына қосу арқылы шешуі тиіс еді. Бірақ аз жиынтықты ауыл мектептерін қоспағанның өзінде толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында, яғни 3 мың мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид оқиғалары көбейіп барады. Сол себепті ел Президенті балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқығын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар әзірлеуге тапсырма берді.
Сотқарды «агрессор» алмастырады
Қош, сонымен Оқу-ағарту министрлігі «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларының» жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат жұртшылық арасында қызу айтыс-талас туғызды.
Онда ұрыншақ, сотқар балаларды «агрессор» деп атау көзделген. Қағида жобасында бұл терминге «басқа адамды қорқыту немесе оның денсаулығына зиян келтіру мақсатында оған қатысты жүйелі түрде кемсітушілік сипаттағы іс-әрекеттер жасайтын адам» деген анықтама берілген. Бірақ педагогтар да, бірқатар ата-ана да бұған қарсы. Себебі біріншіден, сарапшылар, саясаттанушылар әлемде Украина қалаларына шабуыл жасап, қанды қырғын ұйымдастырған басқыншыларды агрессор деп атайды. Оның қасында құрбы-құрдастарын қорқытатын, кемсітетін шалдуар, сотанақ балалардың ісі агрессор деп бағалауға тартпаса керек. Ал егер оқушы ұрлық жасаса, зорласа онда ол қылмыскер атануы, қылмыстық қудалануы керек.
Екіншіден, қағида педагогтарға да қолданылатындықтан, қарғысқа бергісіз бұл «атақ» мұғалімдерге таңылуы мүмкін. Үшіншіден, бұл қағида ресми нормативтік-құқықтық акті саналатындықтан, ондағы осы термин кейін инспектордың, құқық қорғау органының хаттамасына түседі. Салдарынан ұстазды айтпағанда, бір рет жаза басып, теріс қылық жасаған балаға «агрессор» атағы өмір-бойы жабысып, тұлға болып қалыптасуына, мансабында өсуіне кедергі, кесір келтіруі мүмкін.
[caption id="attachment_214305" align="aligncenter" width="1432"]
«Алайда сынып жетекшісі қызыма «көзге шыққан сүйелсің» деп қайта-қайта тиісе берген. Формасы мектеп талабына сәйкес келмейді деп оның үстінен шағымданған. Бірақ мектептің сол талабы жазылған ресми шешімді көрсетпеді. Мен өзге ата-аналармен ақылдаса келе, жаңа форма көңілімізден шықпағанын, наразы екенімізді айтып, мәселе көтердім. Содан директор бүкіл мектептің алдында қызымды сөгіп, жылатқан. «Басқа мектепке кет» деген. Динара үйге жүгіріп келіп, өзіне-өзі келе алмай, ұзақ өксіді. Жанына қатты жарақат түссе керек, қатты налып, енді мектепке бармайтынын жариялады», – деп еске түсірді ана. Содан басқа үйден алыстағы мектепке ауысуға мәжбүр болыпты.Білім күні жақындады. Жауапты органдар әлімжеттікпен күресте алға жылжи алмағандықтан, әлжуаз балалар аяусыз, адуынды буллерлердің қақпаны мен қыспағына қайта түспек.