Кибербуллинг: әжуа емес, азаптау тетігі
Кибербуллинг: әжуа емес, азаптау тетігі
388
оқылды
­Ол балалар өсе келе «тентек­тігін» ересектер деңгейінде, еңбек ұжымында жалғастырады. Мәсе­­ленің өршігені сонша, енді оны ел Президентінің өзі көтеріп отыр. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кибербул­линг­пен күресті – елдегі адам құ­қын қорғаудың жаңа шаралары қата­рында ерекше атады. – Бүкіл әлемдегі сияқты Қа­­­зақстанның азаматтары да интер­неттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар ин­тер­нет арқылы тараған қоқан-ло­қының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жа­тады. Азаматтарды, әсіресе ба­ла­ларды кибербуллингтен қорғау жө­­нін­дегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.  

Қорғау жоқта қорлау көп

Қазақстандық ата-аналардан ел басшылығына, Үкіметке мектепте баласының қорланғанына қатысты шағым көп түседі. Ә. есімді ана Алматыдағы №120 гимназияда орын алған оқиғаны баяндады. «Биылғы жыл басында осы гим­назиядағы еңбек сабағы үстінде 3 оқушы ұлымның намысын тап­тауға тырысты. Еңбек пәнінің мұ­ғалімі өз компьютеріне шұқши­ғанын көрген әлгі бұзақылар ба­ламды жұлқылай көтеріп, кәдімгі алманың үстіне қадай отырғызбақ болыпты. Ұлым үздік оқиды, әдемі билейді, мұны олар көре алмайды. Сондай-ақ олар ұлымның шалба­рын бүлдірді. Арқасына бормен «лох» деп жазған. Тағы бір балаға олар өз дегенін істеп, ақыры алмаға отырғызыпты. Ол дымқыл болып қалған шалбарымен отырмауы үшін үйіне кетіп қалған. Педа­гогтың мұны байқамауы мүмкін емес, алайда жағаласушыларға ара­­­­ша болудан қорқыпты, үнсіз қалған. Оған кейін ескерту жария­ланды. Арнайы сынып сағаты өткізіліп, сонда әлгі үшеуі көпшілік алдында кешірім сұрады. Дұрысы, оларды инспектор есепке қоюы керек деп санаймын. Әйтпесе, олар жазаламайды, кешіріммен құтыла саламыз деп бетімен кетеді, өздерін барлық жерде қожайындай сезі­неді. Әсіресе, Артем деген үлгерімі нашар содыр бар. Тәртіп­сіздікті де сол бастайды. Бұларды әлеуметтік психологқа жолдау керек», – дейді ана. Ол психологиялық қолдау көр­се­тетін 150 байланыс орталығы қызметіне қоңырау шалып, кеңес алды. Оның психолог-маманы оқи­ғаны жабулы қазан күйінде қалдырмай, қалалық Білім бас­қар­масына хабарлауды ұсыныпты. Ал­маты қаласы Білім басқар­ма­сының мәліметінше, зәбір көр­ген 6-сыныптағы екі баланың ата-анасымен жеке кездесу өткі­зілді, онда қос ана ешқандай ша­ғымы жоғын айтыпты. Ал Артемның анасы баласына ұрысып, сөгумен шектелген. Екі жұмысты қатар алып жүргендіктен, тәрбиемен шұғылдануға, перзентінің мінез-құлқын бақылауға уақыты қал­майтынын айтып, ақталыпты. Ар­темның әкесі отбасын тастап кеткен. Ата-анасы арасындағы араздықтан азап көрген жасөспірім құрдастарына қыспақ көрсетіп, өз қиналысын «кемітуге», өзгеге кө­шіруге талаптануы ықтимал. Тағы бір ана – Бақытгүл былтыр өз қызының мұғалім тарапынан буллингке ұшырағанын жеткізді. «Біз бір жыл бұрын ғана жай мектептен мектеп-гимназияға ауысқан едік. Білім ордасы дирек­торының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызыма психоло­гиялық қысым көрсете бастады. Үнемі сыныптастары алдында Ару­­­жанның беделін тү­­сіруге тал­пынды. Сабақ үстінде сыныпқа баса-көктей кіретін бол­ған, асха­нада да қудалаған. Сабақ үстінде қызымның сауса­­­­­ғынан ұстап, ұзын тыр­нақтарын сынды­рып тастай­тынын айтқан. Күз­гі балда сахнаға көтеріліп, микро­фонмен сөз сөй­леп, 8-11-сынып оқушыла­­­­рының көзінше қызымды кештен қуып жіберген. Ата заңымызда: «адам­ның қадір-қасие­тіне қол сұғыл­майды, ешкімді азап­тауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа­дай қатыгездік неме­се адамдық қадір-қасиетін қорлай­тындай жә­бір көрсетуге не жаза­лауға бол­майды» деп жазып қойыл­ған. Пе­дагог­тың мынасы не тірлік? Қызым психологиялық жарақат алды. Ол өзіне-өзі қол жұмсамақ та болды» деп қапала­нады Аружан­ның ше­шесі. БҒМ дерегінше, Алматы Білім басқармасы №110 мектептің әкім­шілігімен әңгімелесіп, түсін­діру жұмысын жүргізіпті. «Оның барысында дирек­тордың тәрбие жөніндегі орын­басары өзінің лауазымдық міндет­терін атқарғаны, Білім және ғылым министрлігінің міндетті мектеп формасына талаптарды бекітетін №26 бұйрығын және мектеп жар­ғысын басшылыққа алып, оқу­­шы Аружанға ескерту жасағаны анық­талды. Өйткені ол сабағына кешігіп келген, мектеп формасын кию талаптарын бұзған. Директор­дың орынбасарына лауазымдық өкі­леттікті бұзуға жол беруге бол­май­ты­ны түсіндірілді және сөгіс жария­ланды», – деді өз блогында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.  

Есірікке еркіндік сеп

«Қамқорлық» бірлестігінің же­текшісі, құқықтанушы Евгений Цай мектепте тәрбие беру жұмысы ақсап жатыр деген пікірде. Әрине, балалардың қашықтан оқытуға көшірілуі буллинг мәселесінің өзектілігін біршама төмендетті. Бірақ алда барлық оқушы дәстүрлі оқу форматына қайта ауысқанда бұл проблема қайта оралады. – Жасөспірімдердің бойында өктемдік, өзгеге өшпенділік секілді теріс мінездер ұшталуда. Себебі ненің жақсы, ненің жаман екенін қазіргі кезде мектептерде түсін­дірмейді. Дұрысы, бала тәрбиесімен мұғалім, ата-ана, мемлекет пен қо­ғам тең дәрежеде айналысуы керек. Қынжылтатыны сол, мем­лекет бұл істен бойын аулақ салды, Үкімет тек экономика мәселе­лері­мен әлек болуда. Педа­гогтер өз жұ­­мысы онсыз да бастан асатынын алға тартып, жақсы қасиеттер мен адамгер­шілікті баланың бойына ата-аналары дарытуы керек деп сырғы­та салады. Ал ата-аналар дағ­да­рысты шақта отбасын қалай асырай­мын деп басы қатып жүр. Жас ұрпағын құндылықтарға, ізгі қасиеттерге, жақсылыққа үйрет­пеген елдің ертеңі қараң екенін билік түсінуі керек, – дейді Е.Цай. Бүгінде әлемде мектептегі тен­тек балалармен күрестің жаңа тә­сілдері қолданылады. Мысалға, АҚШ-та, Еуропада, дамыған ел­дер­­де сыныптастарына күн бер­мейтін оқушы қашықтан оқы­ту­ға ауыстырылады. Мүлдем мек­тептен қуатын тәжірибе де бар. Қазіргі заманда мектептегі зор­лыққа телекоммуникациялық құ­ралдарды пайдаланып қоқан-лоқы жасау – кибербуллинг қосыл­ды. Қорқыныштысы сол, бұдан қа­шық­­тан оқу да құтқара алмайды: ол үйде отырған баланың да түйсік-санасына зақым кел­­­тіреді. Expo&Women халықаралық ұйымының басқарма төрағасы, педагог Ләззат Асқарова балалар­дың ересектерден үлгі алатынын нұсқады. – Мен біраз жылдан бері мұға­лім болып мектепте жұмыс істедім, кемсіту, қорлау жайттарына куә болсам, көмектесуге тырыстым. Алай­да кейінгі кезде буллинг құбылысы өршіп кетті. Бұған се­беп – біріншіден, Кеңес Одағы күйреп, тәуелсіздік пен демократия орна­ғалы адамдарда не жасасам да өз еркім деген сезім пайда болды. Екін­­ші­ден, құқық ұғымы бұрма­ланды. Көпшілік демократия деген әдеп пен тәртіптен тұра­тынын біл­мейді. Сөз бостандығы дегенді же­леу етіп, кез келген адамды ба­лағаттауға, ар-ожданын таптауға дайын тұрады. Ересектерге елік­теген балалар мен жастар «өзіңнен кішіні, әлсізді, тұрмысы төменді кемсітуге, ұруға болады» деп түйеді. Тіпті, ұялы телефоны нашар, арзан болса, оқушыны кем санауға осының өзі жеткілікті. Осылайша, қоғамда құндылықтар деградацияға ұшырады. Бұл бізді, қоғам қайрат­керлерін, аналарды қатты алаңда­тады, – дейді сарапшы. Л.Асқарованың пайым­­дауын­ша, интернет осы теріс құбылыстың қоғамға дендей енуіне және кең жайылуына мүмкіндік берді. «Өйткені әлеуметтік желіде адам бөгде біреудің суретін іліп, бүр­кеншік атпен тіркеліп, бөтен никпен кіріп, қалаған жерге былапыт сөз жазып қалдыра алады. Еш шектеусіз барлығын қорлай алады. Көңілде үрей тудыратыны сол, кибербул­лингті алаяқтар қолда­­на бастады. Олар шын аты-жөнін жасырып, қыздарымызбен, оқушылармен танысады, сеніміне кіреді, қорқы­тады, алдайды. Бұдан біз, ересек адамдар да зардап шеге­­­міз. Биылғы маусым айында бірқатар онлайн-семинар өткізе келе, педагогтердің, ата-аналардың көбі цифрлы сауат­сыз екенін анықтадық. Бала­лары­мыздан бұл жөнінен әлдеқайда артта қал­­­­ған­быз, тиісінше олардың интер­нет кеңістіктегі мінез-құлқын бақы­лай алмаймыз», – деді халық­аралық ұйым басшысы.  

Балаға да «өмір батырмасы» керек

Әртүрлі салада елдің сауатын ашуға арналған Sauap.org порта­­­лының дерегінше, Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы әрбір бесінші жасөспірім және 15 жастан жоғары әрбір оныншы жас мек­­тепте буллинг құрбанына айналып­­ты. Оқу­шы­лардың 20%-і кемінде бір рет өзге­лерді тобыр болып жабыла қорлауға қатысқан. Қорқы­нышты сандар. Психологтар бул­линг тек құрбанның ғана емес, сонымен қатар буллердің де психи­калық денсаулығына нұқ­сан келті­ретінін ескертеді. «Қазақстанның интернет қауым­­­­­дастығы» бірлестігінің пре­зиденті Шавкат Сабыров Қазақ­­станда осы мәселеде ано­­­­нимді ша­ғым қалдыруға болатын арнайы веб-сайтқа 2011-2019 жылдар аралығында 19 мыңнан астам өті­ніш келіп түскенін мәлім етті. – Пандемия балаларды да, ере­сектерді де интернет желісіне тәуел­ді етті. Салдарынан интернет-алаяқ­тық және кибербуллинг се­кіл­ді жаңа қауіп-қатерлер бой көтерді. Кибербуллингтің бастап­­­қы нышан­дарын айқындай білген жөн. Ол қарапайым әрі бейкүнә көрінер троллингтен басталады. Мысалы, оқушылар бір-бірін әзіл түрінде түйреп, келемеждеуге тырысады. Ізінше онысы қысастық көрсетуге ұласа­­ды. Егер экранның ар жағын­дағы адам баланың құрдасы емес, ниеті бұзық ересек не алаяқ болса, ол осы қудалауын тоқтату үшін ақ­ша бопсалайды немесе өтемі ретінде басқа бір қызмет көрсетуін талап етеді. Бұған қоса, біздің байқа­ғанымыздай, карантин кезінде қазақстандық жасөспі­­рімдерді «көгілдірлердің» ЛГБТ-қауым­дас­тықтарының топ­тарына тарту белең алды. Бұған әрине, тосқауыл қойы­луы керек, – деді Ш.Сабыров. Оның дерегінше, көптеген ата-ана құқық қорғау органдарына жүгінуден бас тартады, полицей­­­­­лермен байланысқысы келмейді. Мұндай адамдарға психолог­­тар­дың, ІТ-сарапшы­­­­ларының көме­гі қажет. Демек, Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы тиісті тапсырманы орындау кезінде Үкімет біріншіден, халыққа осындай кеңес-көмек бе­ру­ді жолға қойғаны маңызды. Екін­шіден, балаларға арналған бул­лингтің не екенін және одан қалай қорғануға болатынын көр­­­некті, жеңіл тілмен түсіндіретін білім құ­ралдары қажет. Үшіншіден, тех­никалық тұрғыда заманауи ше­шімдер қабылдап, әрбір оқушы баланың ұялы телефонына «SOS» батырмасын орнатуға болады. Жағ­дай шегіне жеткенде жас бала соны басып, ата-анасына не пси­хологқа дабыл жібере алар еді. Бұл ретте жақсы үлгі де бар: дәр­менсіз қария­ларға құлап қалған не жай-күйі күрт нашарлаған жағдайда маманды шұғыл шақыруға мүм­кіндік беретін «өмір батырмасы» (кнопка жизни) атты медициналық дабыл жүйесі енгізіліп жатқаны белгілі.  

АйханАйхан ШӘРІП