– Биыл облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 756 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артық. Қазір өңір диқандары дәнді дақылдардың әр гектарынан 19 центнерден өнім алып жатыр. Сондай-ақ картоп, бақша, көкөніс және майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына 31,2 миллиард теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 12 миллиард теңгеге артты. Бүгінде 11 миллиард теңге игеріліп, 6,6 мың шаруа қожалығы субсидияның шарапатын көрді. Десе де, әр шаруашылық мемлекеттік қолдауды сезінуі керек, – деді облыс әкімі.Жамбыл өңіріндегі агросаланың ахуалы Егінжай күніне орай Шу ауданында өткен шарада кеңірек сөз болды. Аталған жиында аймақ басшысы биыл облыс бойынша 120 мың тонна тәтті түбір жиналатынын да тілге тиек етті. Сондай-ақ мол өнім алу үшін тұқым мен техниканы жаңарту және егістік алқабын тыңайтуға басымдық берілетінін атап өтті. Сондықтан қазір 34,2 мың тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалып, оның 32,1 мың тоннасы шаруаларға жеткізілген. Тағы бір мәселе ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып, су үнемдеу технологиясын кешенді түрде енгізу. Қазір облыс бойынша 12 316 дана ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген болса, жыл соңына дейін техниканы 11 пайызға жаңарту жоспарда бар. Ал су үнемдеу технологиясы биыл 50 мың гектар алқапқа енгізілген екен. Егінжай күніне орай ұйымдастырылған басқосуда өңір басшысы осынау көрсеткіштерге тоқтала келе саланың ақсап тұрған тұстары да бар екенін жасырмады. Аймақ басшысы бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Ал Qyzylsha жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шараға жиналғандарға қант қызылшасын өсірудегі озық технологияларын таныстырды. Сондай-ақ «Келет» компаниясының су сорғы қондырғылары, техника, тыңайтқыш, пестицид пен тұқым көрмесі де көпшілікке ұсынылды. «Шығын» шаруа қожалығы пияз алқабына апарса, Volmant компаниясының су үнемдеуге негізделген Valley қондырғы көптің қызығушылығын тудырды. Семинар барысында еліміздің әр өңірінен келген 15 компанияның 30-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары жиналғандардың назарына ұсынылды. Өз кезегінде бірқатар аграрлық мәселеге қатысты ғылыми институттардың өкілдері де тәжірибелерімен бөлісті. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Марат Қожахметов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты білімді тарату және әзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейіткәрім Қалтаев, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма директоры Теміржан Айтбаев, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Асан Оспанов тұқым шаруашылығын дамыту, қызылша мен жүгері сұрыптарын жіті білу, жаңа технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану, қой шаруашылығын дамытудың ұтымды тұстары, су үнемдеу қондырғыларын кеңінен енгізу туралы жан-жақты баяндама жасап, орамды ойларын ортаға салды. Сондай-ақ аталған бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді. Семинар соңында алдыңғы қатарлы институттардың әлеуетін пайдалана отырып, әр ауданнан тұқым шаруашылығын жетілдіру бойынша шешім қабылданды.
Жамбыл облысы