Тәңірден адамға берілер сансыз жұмбақ қуаттарды есептесек, санынан жаңылар едік. Күнделікті тірлікте, өмірдің қилы кезеңдерінде адам ұғлының тұрпаты айқындала түседі. Өмірге өзіне ғана тән ерекшелікпен туған әрбір адам кейін келе қоршаған ортаға бейімделіп, өзінің жеке болмысын жоғалтып жатады. Ал өз беті мен үнін сақтап қалып, кеудесіндегі қазынаны ұрпаққа ұсынар дара туған перзенттер сирек. Болмыс жайлы сөз еткенде, көз алдыма ақын Ғалым Жайлыбайдың беймәлім болмысы келеді. Ақынның сөйлеуі, кофе ішуі, ойлануы, кісіге көз қадауы, өлең оқуы ешкімге ұқсамайды. Әлдебір замандасым: «Ғалым Жайлыбай өлең оқығанда залдың іші суға толып кеткендей болады...» дегені бар-тын. Ақынның жаны бейне бір жазира даладай кең, атмосферасы көңілге бөгде кеңістік сыйлайды. Ертеректе оқыған «қалай өмір сүрсе солай жазады, қалай жазса, солай өмір сүреді» деген тәмсілге «Ай таңбалы арғымақ» атты кітабын оқып отырып көз жетті. Жинақты оқи бастағанда санама неше жыл аяғына шідер салып, ақыры бостандыққа шыққан асаудың үні келгендей... Асқақ та паң жырлар Түркі даласының салқар да шалқар жондары мен бектердің қылышын, топ алдында төрелік айтқан билер даусын құлаққа әкелгендей.Ғаламаттарын естимін күнде ғаламның,Ей, менің көшім,Қисая тартпай жөнге көш!Арғымақтарын арбаға жеккен заманның,Таңғы бақтарын бұлбұлдың әні тербемес!
Жақсысы мен жаманы, асылы мен жасығы араласқан қоғам ішінен ақын тік тұрып төрелік айтады, Асан қайғыдай алысты барлап, беріден толғап сөйлейді. Бұл – пафос емес, бұл – қазақтың қанымен келген асқақтық, қиып түсер қылыштай ділмарлық, тұтас елдің тағдырын шешер шешендік болмыс.
Көгіме менің құдіретті байрақ байласын,Тірі Рухымды көзімен көрсін сенбесе.Бабам болжаған бозторғай құсым, қайдасың?Сәуірге жетем, тәуір боп кетем, ендеше!
Ақынның тегеурінді жырларының түбірі ауыз әдебиетінен нәр алып жатады. Бірінен қобыздың үні, бірінен жетім қамыстың зары естіледі. ХХ ғасырдағы Еуропа ақындарының алтын жүзігі атанған Аполлинерден бастап төл тілімізге аудармалар жасаған ақын, ізденіс бұлағын ұлттың дариясына құйып, диірменіне ұсақтап барып оқырманға жеткізеді. Әр шумақта өзінше көрініс табатын образды ойлар болмысын айшықтай түседі. Өлеңде өрілген бай тілдің қуаты басқа көкжиекке жетеліп, аңыз-қиссалардың ішіне сүңгіп кеткендей сезім кешесіз. Сірә, бұл болмыспен келген құндылық. Шекспир емес, Гете емес, қазақ ақыны ғана осылай жаза алса керек.
ЗАМАНА
Ақын – өзі өмір сүрген заманының бет-бейнесі, айнасы іспетті. Мәселен, ежелгі Овидий жырларынан көне Римдегі қатыгез қоғам мен іңкәр махаббатты көруге болады. Ал Поль Элюардың азаматтық сарынға толы жырларынан ХХ ғасырдағы Францияның сызғыланған ажарын көре аламыз. Кемеңгер Абай жырларын оқып, сол дәуірдің суретін жүрегімізден өткізіп, санамызға сіңіреміз. «Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені, жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың» дегендей, ақын әрбір құбылысқа жаны сыздап, бәйек болып отырады. Қайбір жылы Арқаға пратон құлағанын, оның жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп төндіргені жайлы хабар қазақ сахарасына тарады. Кейін келе осы құбылысқа күңіреніп араша түскен атақты өлең оқырмандар арасын медузадай шарлап кетті.
...Мұң емес –Мұқалмас қайғы,Ғасырдың қауіп өткелі.Жусаны жұпар шашпайды,Ақбөкен ауып кеткелі.Келгендей Арқаға құрдым,Тажалға лағнет, мейлі..Жаңаарқа, Қарқаралының,Базарда малы да өтпейді.Көргенде алаңсыз кепті, Қартым-ай, ретің сынар.«Гептилді залалсыз депті,Өкімет білетін шығар...»
«Сарыарқа. «Пратон» құлаған жыл» атты өлеңде мұң да, шер де, юмор да бар. Сірә, юмордың өзі шынайы шерден пайда болатын болса керек.
Ақынның азаматтық тақырыпқа дендеп барған көлемді шығармалары жеке әңгімеге тақырып. «КарЛаг»-тағы зиялы ата-апаларымыздың тартқан зары мен мехнатын толғаған «Қара орамал» поэмасы, Қытайда қалған қалың қандас бауырларымыздың басына қатер төнген тұста қынаптан суырылған қылыштай жарқ еткен «Сұлубайдың әні» поэмасы, дүйім әлемді дүр сілкінтіп, қаншама халықты көзден ғайып еткен «Тәжді індет» бас салған кезеңде жазылған «Сұрақ белгі» поэмалары ағылшын, орыс, түрік тілдеріне аударылып оқырманның жоғарғы бағасын алған болатын. Жазушы Смағұл Елубай «Сұрақ белгі» поэмасы хақында «Ғалымның «Сұрақ белгісі» – салмағы сан ғасырға жүк боларлық дүние» десе, ақын Ұлықбек Есдәулет «Сұлубайдың әні» поэмасы жайлы: «Төрт тілге аударылған «Сұлубайдың әні» атты кітабы – әдебиетімізге қосылған үлкен үлес деп бағалауымыз керек» деген сүбелі пікір айтқан-тын. Замана желін қалт аңғарып, қапысыз байқаған, нәубетті уақытты терең сезінген қордалы еңбектерге әр ұрпақ жаңаша бағасын берері сөзсіз.
ТҮСӘйтеуір, ақ-қараның арасында,Бір түс бар маған ғана көрінетін...
Шығармашыл тұлғалардың өзіне ғана тән түсі, қуаты болатынын білеміз. Бірі – ауыр, бірі – көңілді, бірі – зарлы, бірі – юморлы. «Ай таңбалы арғымақ» кітабының энергиясының ауырлығы сондай бойыңды зілмауыр таспен бастырғандай рухани әлемге еніп кетесіз. Міне, дәл қазір кітапқа үңіліп отырып, күзгі салқын орманның жағасында жүргендей, яки бала күнім қайта оралып, Ордабасының бауырында ауылдың отар қойын бағып жүргендеймін. Немесе он жеті жасымда Алматыға оқуға түсе алмай қалып, үстінен пойыз өтетін кішкене көпірдің астында жылап отырған баяғы баладаймын. Апыр-ай, соншалық алыс шақтарыма сапар шектірген бұл қандай тұңғиық энергия, тылсым түс?
Әйнегімнің артынан жел де ысқырып,Кесіп өтер кеудемді келді үскірік.Қарашаның түнінде қараямын,Алматының уақыты – 23.40.23.40 – уақыты бұл қаланың,Бақытыңды бағалап жүр, қарағым.Жапырағы жанымның желге ұшады,Батырады мына түн мұңға қалың...
Ақынның ұлттық қайнарға бөккен қалың энергиясы мен тылсым түсі өзімен бірге мұңайтады, өткенге ой жүгіртуге мәжбүрлейді. Тіпті мұны ақынның өзі де сезбеуі мүмкін. Шам өзінің түбін көре алмайтыны секілді авторға қағазға түскен мәтіннің шабытты шағы тарқаған соң, кейін келе өлең тек мәтіннен құралғандай көрінуі ғажап емес.Ал жүрек көзі ашық оқырман қауымның кеудесіне әр шумақ ішіндегі жасырын қуат бірден сезіледі.
Әр мезгілдің өз түсі болғандай, әрбір ақынға түс беріп көрелікші. Мәселен, Абай дегенде санаңызға ең бірінші қандай түс келеді? Маған сұр түс, Шәкәрім дегенде бұлыңғыр түс, Мағжан дегенде қою сары түс елестейді.
Ал Ғалым Жайлыбайдың поэзиясын оқып отырып санама келген түс –күрең түс. Иә, күрең түс. Күрең бейне, күрең қасқа, күрең өлке. Ақынның руханияты күрең түспен боялғандай. Әлденеге мәңгілік аңсар, мәңгілік сағыныш бардай. Үнемі бөгде шаққа ұмтылу, өткен сәтті бүгіннің көзілдірігімен саралау, уақыттың тоқтап тұрғанын сезіну, Мартен Иден секілді арзан атақ пен лепірме сөзден жалығу, лабиринтке ұқсайтын шексіз әлемде өзінің кім екенін білмесе де жүрегінің түбіндегі ізгілікке сенетін аңғал ауыл адамдарына деген юморлы махаббат – мұның бәрі ақын поэзиясының есте қалар детальдары. Міне, бұл «Ай таңбалы арғымақ» кітабын оқып шыққан соңғы санадан үзіліп түскен қиыршық сезімдер мен ойлар.
СОДОМ МЕН ГОМОРРА
Біршама уақыт бұрын оқуға мүмкіндік алған «Содом мен Гоморра» дастаны – мәңгілік тақырыпты қамтыған соны туынды. Адамзат тарихында орын алған қанды оқиғаның желісіне құрылған поэмада ақынның азаматтық болмысы ашылып, ғаламға зау көктен шүйілген қыранша қарайды. Өткеннің зауалды мезетін жан-ділімен сезініп, тіл қатады.
Сағыныштың айналса саны арманға,Самал болып соғайын санаң барға.Ізгілік пен Ібіліс қатар туған,Адам ата – Хауа Ана жаралғанда.
Иә, Ізгілік пен Ібіліс күресінің майданына айналған жер бетінде адам баласына ерік қақпасы ашылған. Ақын әзәзілдің жылпос күші сансыз адамды шырмауына тартып, ізгіліктен адастырғанын, ақыры апатқа алып соққанын күйіне, шабыттана жырлайды. Әділетті Құдай ақыл мен сана, кемелдік пен қуат кілтін бергенде, надандықтың батпағына батқан пенделер ісіне арашаға түскісі келіп аһ ұрады ақын. Жаны өртенеді. Шынында, Содом қаласының басты кінәсі не еді? Олар неге Құдайдың қаһарына лайық болды?
Арсыздыққа кім қалды арбалмаған,Қасиетіңнен айрылып қалған жаман.Сайтан қала бұл Содомсайқал қала – Ақиқатқа алаңдар жан қалмаған.
Арсыздыққа арбалып, қасиетінен айрылып, ақиқатқа алаңдар жан қалмағандығынан екен. Түс көргендей түнеріп, өзіне берілген ақ жолды алашұбар жолға айырбастап алғандықтан екен. Поэманы оқып отырып рухың оянып, әділетсіздіктің құрдыма қарсы садағыңызды оқтайсыз, санадан сыр суыртпақтайсыз. Бір мезетте дастан желісі жалғаса келіп бүгінгі, біз өмір сүріп отырған ғасырға оралады. Уақыт тұсбағары өзіңе тіктелгенде қипақтап, күмілжіп қалатынымыз бар. Расында, біз қандай өмір сүріп жатырмыз? Құдайдың әділетіне сай өмір кешудеміз бе?
...Жолсыздықтан жоғалады құт кейпің,Иман нұры орнамаса санаға.Ылығуы,былығуы бітпейтін – Онда бәрі...Содом менен Гоморра.
Міне, поэманың алған жүгі, кір тасындай ауыр демі, таңдайдан өтер сызы рухқа ізгілік дәнін егеді. Әр адамға жеке-жеке жауапкершілік сезімін ұялатып, үйрей мен үмітке бастайды. «Содом мен Гоморро» – өлмес тақырыпты арқау еткен сом дүние, кесек бітім дер едік.