«Алтын адам» фабрикасы мектеп формасын тігеді
«Алтын адам» фабрикасы мектеп формасын тігеді
870
оқылды
Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Алтын адам» тігін фабрикасы биылғы мамыр айынан бастап оқушы­ларға арналған мектеп формасын тігіп жатыр. Форманың ұл және қыз балалар үшін бір жинағы 14 мың 500 теңгені құрайды. Отандық нарықта сапалы әрі сәнді киімдерімен танылған тігін фабрикасы еліміздің жеңіл өнер­кәсібінің өрісін кеңейтуде. «Алтын адам» және Golden Nomad киім бренді еліміздің бірқатар өңірін­де кеңінен тарады. 2013 жылы негізі қаланған «Алтын Адам» – іскерлік киімнің алғашқы отан­дық бренді. Кәсібін класси­калық үлгідегі ерлер киімін тігумен бас­таған қазақстандық бренд әйелдер костюмі, ер мен әйелге арналған пальтолар және тағы басқа өнімдер шығарды.
«Өзбекстаннан костюм-шал­бар әкеліп сататын танысым ой тастады. Зерттеп қарасам, базарлар мен сауда орталықтарында «түрік костюмі» деп сатылып жатқанның барлығы Өзбекстаннан әкелінеді екен. Көрші елдегі кәсіпорындарға бірнеше рет барып, осы істің қыр-сырына қаныға түстім. Сол кездің өзінде Наманган облысында тек костюм тігетін 24 зауыт жұмыс істеп тұрды. Оның жиырмасының шығарып жатқан өнімі Шым­кент­ке келеді. Сосын басқа қалаларға тарайды. Ойлана келе, өзімізде осындай тігін фабрикасын ашып, отандық киім өндірісін қолға ал­мақ болып шештім. «Даму» кәсіп­керлікті қолдау қорының бағдар­ламасы бойынша 110 миллион тең­ге несиеге қол жеткізіп, Түр­киядан арнайы құрал-жабдықтар алдырттым. Мемлекет бөлген қаржы қолға тигенде доллар ба­ғамы 150 теңгеден 180 теңгеге ша­рықтап кетті. Шегінерге жол жоқ. Бар ақшамызды осы іске құйдық. Соңғы үлгідегі қондырғылар мен техникаларды сатып алдық. Клас­сикалық үлгідегі киімдер тігетін тігіншілер тапшы болды. Бұл ол­қылықтың орнын толтыру үшін шет­елден мамандар алдырып, қыз­меткерлерді оқытуға кірістік. Сөйтіп, 2013 жылдың наурыз айын­да тігін фабрикасы өз жұ­мысын бастады», – деп еске алады фабрика басшысы Балжан Ора­зәліқызы.
Өнімдері алғашқыда Шым­кентте, кейіннен еліміздің өзге де бірқатар өңірде сатылды. Кәсіп­орын қолданылатын ең соңғы үлгідегі автоматтандырылған тігін машиналарының тігісі жатық, ­теп-тегіс. Еуроүлгідегі киімдер ди­зайнымен ерекшеленді, әр тұты­нушының дене бітімі мен талға­мы­на орай әрбір өлшемге мән беріліп, киімнің қонымды болуын есепке алынды. Дизайны мен тігісі шетел­дік костюм-шалбарлардан кем түспейтін отандық өнімнің матасы да сапалы. Түркия, Италия елдері­нен арнайы тапсырыспен әкелін­ген маталар түтілмейді, бояуы ақпайды. Ал бағасы шеттен тасы­малданатын костюмдерден әлде­қайда арзан. Кейінгі жылдары осы өнімге тапсырыс азайған соң, фабрика мектеп формасын тігуге көшті. 8 жылдан бері тұрақты түрде бірың­ғай мектеп формасына тапсырыс алып, жыл сайын 30 мың дана мек­тепке арналған киім жинағын дайындайды. Мектеп формасының ұл және қыз балалар үшін бір жи­нағы – 14500 теңге. Оның ішінде жейде – 3 мың, костюм – 5,5 мың, шалбар – 4,5 мың, жилет – 3,5 мың, белдемше 3 мың теңге тұрады. Фабрика басшысы Балжан Халмұратованың айтуынша, биыл фабрика Алматы облысындағы 4 мектеппен келісім жасап, 10 мың дана мектеп формасын дайындауға тапсырыс алған.
«Тауар өнімін дайындауға үш айдай уақыт кетеді. Тапсырыс бе­рушімен келісім жасалған соң, екі айдай қажетті матаны таңдап, са­тып аламыз. Матаны Түркия, Қы­тай елдерінен аламыз. Шикізатты шетелден тапсырыспен алатын болғандықтан, көп уақытымыз кетеді. Ал киімді пішіп, тігуге бір ай жұмсаймыз. Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Кез келген ата-ана баласына сапалы әрі ыңғайлы мектеп формасын іздейді. «Алтын адам» мектеп формалары Оқу-ағарту министрлігі бекіткен стан­дарттарға сай тігілген. Қою көк түсті, қыз балалардың белдемшесі тізеден келеді. Костюмі, ішінде жакеті және ұлдарға шалбар, қыздарға белдемшесі бар. Егер ата-аналар тарапынан ұсыныс түсер болса, белдемшенің ұзын­дығын өзгертуге болады. Суыққа жұқа, ыстыққа қалың болмас үшін матасы арнайы таңдалған», – дейді Балжан Оразәліқызы.
Өнім өте сапалы, ыңғайлы, мек­теп формасына қойылатын та­лаптар толық сақталған. Фаб­рика тапсырыстан бөлек, дайын өнімдерін сатылымға шығарады. Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары мен еліміздің басқа өңірлеріндегі ресми және келісім бойынша дү­кендерде сатады, сондай-ақ түрлі жәрмеңкелерге қатысады. Кәсіпорын мектеп форма­сы­нан бөлек, теміржол, қорғаныс істері қызметкерлері үшін арнайы жұмыс киімін дайындайды. Пан­демия кезінде 30 мың данадан ар­тық бетперде тікті. Фабрикада жеке лекалдар базасы бар. Соның арқасында киім өнімдері жаңа сән үлгілеріне сай дизайнда жасалады. Өндірісте жоғары дәрежелі ма­мандар істейді. Фабрика қызметі­нің арқасында жергілікті тұр­ғын­дардан 70-80 адам жұмыспен қам­тылған. Тапсырыстың көбе­юіне байланысты алдағы уақытта 200-ге жуық адам жұмысқа тарты­луы мүмкін. «Алтын Адам» тігін фабрикасында киім өндірісінің толық циклі – дизайнын әзірлеу­ден бастап қаптамаға дейін жүзеге асады. Барлық жұмысты шеберлер жоғары технологиялық жабдықтар арқылы атқарады. Фабрикада орнатылған шетелдік заманауи жаб­дықтар сапасы әлемдік бренд­терден еш кем түспейтін өнім өндіруге мүмкіндік береді.
«Алдағы мақсат – осы ішкі нарықты қамтып, елімізде саты­лымдағы отандық өнім мөлшерін ұлғайту. Мектеп оқушыларын сапалы, сәнді, бағасы да қолжетімді мектеп формаларымен қамтамасыз ету. Осы орайда ата-аналар мен мектеп ұжымдарына отандық өндірушіні қолдап, отандық киім киюге шақырамыз. Себебі отандық өнімді тұтынудың ел экономи­касына пайдасы зор», – дейді Балжан Оразәліқызы.

Асыл ТҰМАР