Теміржолшы Көпеновтер көпке үлгі
Теміржолшы Көпеновтер көпке үлгі
849
оқылды
Шиелі жұрты Көпеновтерді темір­жолшылар әулеті ретінде біледі. Жанұясымен осы саланы нәсіп еткен әулеттің әрбір мүшесі өз ісінің нағыз маманы десек артық айтпаспыз. Жалпы, Қызылорда облысы Шиелі ауданының теміржол бойында қызу тірліктің табы толастаған емес. Депода күн-түн демей, адал еңбекпен күнкөріс қамын күйттеп жүргендер көп. Біз тілге тиек еткен Көпеновтер әулетінің де саланың өркендеуіне қосқан үлесі өлшеусіз. Шиелі өңірінде Көпеновтер жанұясы өскен-өнген әулет саналады. Әулеттің отағасы – Дүйсен Көпенов мұнай-газ саласында еңбек жолын бастап, 1987 жылы Батыс Қазақстанда теміржолға қарасты «ОРС-НОД-1» мекемесінде бас есепші болып зейнетке шыққан. Жұбайы Рахия Көпенова екеуі 5 ұл, 5 қыз тәрбие­леп өсірген көпбалалы отбасы. Дүйсен ағамыздың бауыры Бейсен Көпенов те саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған жан. Осы Бейсеннің ұлы Мешітбай Бабатов әке жолын қуып, теміржол саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан. Еңбек жолын Қызылорда теміржолында бастап, теміржол бөлімшесінде, жол дистанциясында басшы орынбасары, инженері, басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Кейіннен «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына қарасты «Жол жөндеуші» мекемесінде бас директордың орынбасары, бас директор болды. Одан «Қазақстан темір жолының» басқарушы директоры лауазымына дейін көтерілген. Теміржол саласында жасаған еңбегі елеусіз қалмай, «Құрметті теміржолшы», «Құрмет» ордені сынды көптеген марапаттарды иеленген екен. Шынында, шойын жолда шыңдалған Көпеновтер әулетінің де теміржол саласына сіңірген еңбегі зор. Мәселен, Несіпбай Көпеновтің кіндігінен тараған Бағдат пен Мерей болат жолдың білікті маманы атанды. Ал әулеттің үшінші ұлы Оразбай Көпенов те теміржол саласында табысты еңбек етіп, ел ықыласына бөленіп жүрген жан. Ол қазір Integra Construction KZ жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механик болса, жұбайы Рая жолсерік болып жұмыс жасайды екен. Шаңырақтың төртінші ұлы Еркінбай да те­міржол мамандығын игерген. Отыз жылдан астам Шиелі стансасында станса бастығының логистика жөніндегі орынбасары, жұбайы Гүлмира байланыс операторы болып еңбек еткен. Отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған әулеттің алтыншы қызы Лира Көпенова – теміржол саласының маманы. Өзі «Шиелі Депо» мекемесінде аға шебер болса, жолдасы Нұрлан Асанов теміржол өрт сөндіру мекемесінде жұмыс істейді. Шаңырақтың жетінші қызы Гүлнар Бабатова мен Қуаныш Бақыторазов та теміржол саласында тер төгіп келеді. Бүгінде Гүлнар «Шиелі ПЧ» мекемесінде техникалық бөлім қызметкері болса, жолдасы Қуаныш теміржол жарық беру мекемесінің шебері болып еңбек етеді.
«Негізі біздің отбасы жайында тұрғы­лықты халықтан сұрай қалсаңыз, темір­жолшылар әулеті ретінде таниды. Осы орайда біздің әулетті теміржол саласына бейімдеген әкемнің туған ағасының баласы, бәрімізге туған ағамыздай болған Мешітбай Көпеновтің еңбегін ерекше атап өткен келеді. Бүгінде әкем 87-ге қадам басып, немерелерінің қызығына бөденіп отыр. Ал бауырларымыз әрбірі теміржол саласында табысты еңбек етіп жүрген білікті маман иелері», – дейді Күләйша Көпенова.
Берекелі әулеттің ұл-қыздарымен қатар, немерелері де болат жолдың бүге-шігесін зерделеген білікті маман иелері атанып жүр. Әрқайсысы өз міндетін абыроймен атқарып, саланың өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде Сыр өңіріне теміржолшылар династиясы ретінде жақсы таныс Көпеновтер әулетіне көптің құрметі ортайған емес. Бір әулеттен тараған білікті маман иелеріне жергілікті жұртшылықтың айтар алғысы шексіз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы