Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, хат жазды. Хат мазмұнына қарасақ, ұжым театр басшысы Сәбит Әбдіхалықовтың орнында қалуын қалап отыр.
Хатта: «1 жылға жуық қызмет атқарған Сәбит Әбдімүтәліпұлы Әбдіхалықовты лауазымынан босатады деген әрекеттер Сізге хат жазуға мәжбүрлеп отыр. Директорды қандай себеппен лауазымнан алып тастайтыны белгісіз. Тағайындалатын жаңа директордың қандай себеппен қойылып жатқаны да бізге беймәлім. Директордың денсаулығына байланысты лауазымынан босату туралы арызы мәжбүрлі түрде жасалған деп есептейміз. Ұжымның көкейін мазалаған осы сұрақтарға жауап алу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға хат жолдадық» делінген.
Ұжымның 200-ге жуық қызметкерінің Президентке хат жазуына не түрткі болды? Мәселенің анық-қанығын білейік деп, театрға хабарласқан едік. Театр басшысы Оңтүстік Кореяда ем қабылдап жатқанын естідік.
Театрдың белді актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановтың айтуынша, ұжымның қарсылығы басшылықты орнына қалдыруға байланысты өрбіген секілді. «Театр басшылығын жыл сайын ауыстыра беру үрдіске айналды. Екіншіден, келген басшының өз жоспарын түгел орындап, жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмей қалады. Ал басшымыз Сәбит Әбдіхалықов туралы айтар болсам, аз уақыт ішінде академтеатрдың бүкіл жыртығын жамады десек те болады. Ең әуелі көлік қоятын автотұрақты ретке келтірді. Өнер адамдары жұмысқа таңертең барамыз, кешкісін бір-ақ шығамыз. Бәріміздің шүйіркелесіп, тамақ ішетін жағдайымыз болмады. Көбіне сырттағы асханаларды, көпшілік тамақ ішетін орындарды жағалап кететін едік. Сәбит театрдың ішіндегі асхананы ретке келтіріп, актерлерге жағдай жасады. Наурыз айында 600 жетім балаға сыйлық жасап, арнайы жылқы сойып, Наурыз мерекесін өткізді. Театрдағы үлкен апалар қиналмасын деп, демеуші тауып, лифтіні ретке келтірді. Сахнаны көтеріп-түсіретін станоктар бар. Әбден ескірген еді. Сол станоктарды қайта жасатып, режиссердің дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап берді. Бұрынғы басшылардың кейбірі өз шәкірттерін жинап, жұмысқа қабылдайтын еді. Сәбиттің бір жақсы қасиеті – шығармашылық ұжымға араласпайды. Оны көркемдік кеңес шешеді. Ол тек шаруашылық жағын ретке келтіріп отырды. Директордың да негізгі міндеті осы емес пе? Бізде директор болғандардың көпшілігі шығармашылықты да, шаруашылықты да қосып алады. Сәбит келгелі шығармашылықпен көркемдік жетекші ғана айналысты. Театр қызметкерлері үшін арнайы сыйақы берді. Ол сыйақы қайдан келеді? Жоспарды артығымен орындағаннан кейін түсіп отырған ақша. Менің жеке басыма ешқандай жақсылық жасаған жоқ. Бастысы, ол театрға қандай жақсылық жасап жатыр? Мәселе – осында! Жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Театрда Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» спектаклі қойылды. Мұхтар Әуезовтің «Қобыландысын» қойдық. Ұжым Сәбиттен қорыққанынан қол қойып, Президентке хат жазып отырған жоқ. Басшының осындай жақсы іс-әрекетін жоғары бағалап, оны қадір тұтқаннан кейін осындай қадамға барып отыр» дейді.
Хатқа қол қойғандар да Болат Әбділмановтың сөзін айтады. Олар үшін іскер басшыны ауыстыра берудің қажеті шамалы. Бастысы, жұмысына тиянақты, ұжымға сыйлы, шаруашылыққа мығым Сәбит Әбдіхалықовты қозғамаса деген ой айтады.
Белгілі режиссер Алма Кәкішева: «Біреуді сынап, біреуді мінеу емес басты мәселе. Коллективтің өнерге болсын деген құрметінен туындап отырған дүние. Біз директорды өзімізден өзіміз сайламаймыз. Оны тағайындап, әкеліп отырғызады. Кезінде Сәбит Әбдіхалықовты басшы ретінде әкеліп таныстырғанда көпшілігіміз «тосырқай» қарағанымыз да рас. Осы театрда өміріміз өтіп келе жатқан соң, қанша басшының ауысқанын көрдік қой. Кейбіреулер директордан тұлға іздейді. Директордың тұлға болуы шарт емес. Директордың өзіне тән нақты міндеті бар: ол – менеджерлік. Ол театрға қажетті дүниенің бәрін үйлестіретін адам болуы керек. Шығармашылық жұмыс, спектакль қою, көркемдік дүние – кеңеске байланысты шешіледі. Ал қаржылық жағдай, театрдың имиджі, шаруашылығы – директордың міндетіне кіреді. Театр – творчестволық ұйым. Оның мықты көркемдік жетекшісі болуы қажет. Мықты режиссері болуы керек. Әзекеңнің кезінде жұмысқа келдік. Ол кісінің қалай жұмыс істегенін көз көрді. Керемет туындылар сахнаға шықты. Ал Сәбитке қарасаң, менеджерлігі жоғары адам екенін байқатты. Бұл баланың кәсіби түрде жұмысын істеді. Спектакльдің қойылуы үшін қаржысын тауып берді. Жалпы, адамның қадір-қасиетін білуіміз қажет. Ол жігітті де жек көріп жатқан жоқ. Әр адам болған соң, алуан пікір қалыптасады. Кей актерлерге ұнамауы мүмкін. Бастысы, ұжымның жетпіс пайызы осы жігіттің жұмысына дән-риза екенін білемін. Ол еден жуушыдан бастап, Халық әртісіне дейін тең қарады. Бұл – үлкен жетістік. Біреуді жамандап, біреуді жек көру – мақсат емес. Бастысы – өнердің өрге өрлеуі» дейді.
Ал министрліктің бұған айтары бар ма? Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Қарсақбайқызы театр басшысының өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш бергенін айтады. «Жұмыстан кету туралы өтінішін 21 қаңтар күні кадр бөліміне берген екен. Өтініш түскеннен кейін себебін анықтауға тырысады ғой. Кадр бөлімі оның «денсаулығына байланысты жұмыстан шығуға өтініш бергенін» айтады. Әзірге оның бұл өтініші қарастырылған жоқ. Біз заң аясында жұмыс істейміз. Заңнама бойынша денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқан қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығымыз жоқ. Біз мұны ұжымға түсіндіріп айттық. Бұған дейін бізге осы мәселеге байланысты «КТК» арнасы сауал қойып еді. Біз онда: «өз еркімен кетемін десе, қыстамаймыз. Егер денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқан (еңбекке уақытша жарамсыздық парағы – ред.) болса, оны жұмыстан шығара алмайтынымызды» айтқан едік. Екіншіден, басшының іскерлігі, қызметке тиімділігі болмаса, оның бір жылдық есебінде көрініп тұрады. Ондай жағдайда да бәрі заң аясында қарастырылады. Сондықтан әзірге «жұмыстан» босатылады деген әңгіме жоқ» дейді.
Министрлік өкілдері кеше ұжыммен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанығып қайтты. Сәбит Әбдіхалықов орнында қала ма, жоқ па, емі біткесін белгілі болады.
Гүл БЕКЗАТ