Жаңа оқу жылында мектептерде қандай өзгерістер болады?
Жаңа оқу жылында мектептерде қандай өзгерістер болады?
1,311
оқылды
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева 2022-2023 оқу жылындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы айтты. мектеп – Жаңа оқу жылының ерекшелігі мен басым бағыттары қандай? – Биылғы оқу жылында бірнеше маңызды жаңашылдық болатынын айта кету керек: оқу жылының 36 апта болып ұзаруы, қазақша оқитын 1-сыныптарға орыс тілі мен ағылшын тілінің оқытылмауы және т.б. Алдағы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар, биыл білім мазмұнында әрбір пәннің бағдарламасындағы құндылықтардың жүзеге асырылуына ерекше мән беру көзделіп отыр. Заманауи қоғамда еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтарға баланы жастайынан баулудың маңызы зор екенін көріп жүрміз. Ендігі мақсат – аталған жаңашылдықтардың сапалы іске асуын қамтамасыз ету. – Оқу жылының ұзақтығының артуы білім алу процесіне қаншалықты әсер етеді? – Биыл оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталатын болады. Нақтырақ айтқанда, 1-сыныптар 35 апта, ал 2-11 (12) сыныптар 36 апта оқиды. Бұл тәжірибе білім алушылардың оқу жүктемесін төмендетуге (бір күнде өтетін сабақтар саны азаяды), барлық мектептің бес күндік оқу аптасына көшуіне (үш ауысымды мектептерден басқа), қосымша сағаттар есебінен оқу материалын қайталауға және бекітуге көбірек уақыт бөлуге, сынып аудиторияларының жүктемесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бірінші сынып оқушыларына орыс тілі мен ағылшын тілі оқытылмайтынын айтып өттіңіз. Өзге тілдер қай сыныптан бастап оқытылатын болады? – Қазақ тілінде оқитын 1-сыныптарға «Әліппе/Ана тілі», орыс тілінде оқитын сыныптарға «Қазақ тілі» мен «Букварь/Обучение грамоте» пәндері оқытылады. Сонымен қатар, қазақ тілінде білім алатын 1-сыныптарға «Орыс тілі» және «Шет тілі» пәндері оқытылмайды. Мұндағы мақсат – тілдерді оқытуды кезең-кезеңмен енгізу. 1-сыныпта тек ана тілін оқыту ұсынылады. Себебі ана тілін бірінші тіл ретінде меңгеру өзге тілдерді оңай үйренудің негізі болып табылады. Орыс тілін екінші тіл ретінде 2-сыныптан бастап енгізу ұсынылады, ал ағылшын (шет) тілін үйрену 3-сыныптан басталады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мүлдем басқа тілдік топтарға жататынын ескерсек, бұл тәсіл оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді және бұл тілдердің графикасын қабылдауда қиындықтар тудырмайды. Биыл бірінші сыныптарды оқытуда тағы қандай өзгерістер бар? –1-сыныптар үшін «Көркем еңбек» пәні «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» болып екі жеке пәнге бөлінді. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламалары әзірленді. Оқу мазмұнында негізгі басымдық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға беріледі. Биыл «Еңбекке баулу» мен «Бейнелеу өнері» пәндері бойынша оқулықтар әзірленбейді, тек мұғалімге әдістемелік қолдау мақсатында әдістемелік нұсқаулық ұсынылады. Ал 2-4 сыныптарға биылғы оқу жылында «Көркем еңбек» пәнін оқыту жалғасады. – Өткен оқу жылында мектептерде «Жаһандық құзыреттер» курсы оқытыла бастаған болатын. Бұл курс биыл да оқытыла ма? – Былтыр бұл курс оқушылар үшін өз тиімділігін көрсетті. Себебі қазіргі заманауи қоғамның сын-қатерлері мен сұраныстарына сай білім беруде, кәсіби бағдар беруде бұл курстың маңызы жоғары. Жаңа оқу жылынан бастап «Жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сыныптарға міндетті курс ретінде оқытылады. Курс 5-9 сыныптарда «Парасаттылық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық және патриотизм», «Өмір сүру қауіпсіздігі», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» сынды 5 бөлімді қамтиды. «Жаһандық құзыреттер» курсынан қай пәннің мұғалімдері сабақ береді деген сұрақ жиі туындайды. «Өрлеу» біліктілік арттыру орталығының «Жаһандық құзыреттер» білім беру бағдарламасы бойынша оқу курсынан өткен барлық мұғалім бұл пәнді жүргізе алады. Сұхбат бергеніңізге рахмет!