Ерлі-зайыпты Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова 8 миллиардқа тағы қандай мектеп салмақ?
Ерлі-зайыпты Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова 8 миллиардқа тағы қандай мектеп салмақ?
12,079
оқылды
Тасмағамбетованың айтуынша, мұндағы мектеп түлектерін әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайды. Бұл туралы ол Forbes порталына берген сұхбатында мәлімдеді. – Жас түлектердің көбісі мектеп бітірген соң кім болатынын не болмаса қандай мамандық таңдайтынын білмейді. Түсуін түсіп алып, артынан оны қажетіне жаратпай жатқаны қаншама?! Сол себепті де бітірушілердің 60 пайызы өз мамандығына сай жұмыс істемей жүр. Осының негізінде жаңа мектеп ашу ойға келді. Әрине, жекеменшік мектеп көп, ал біздікі арнайы жоғары сынып оқушыларына арналады. Жоғары сыныпта оқитын әр оқушының өзіне тән білім беру жоспары құрылады, – дейді «Сәби» қайырымдылық қорының басшысы Әсел Тасмағамбетова. Оның айтуынша, білім ордасына түскен оқушының 7-сыныпта түрлі тесттер тапсырып, оның қабілеті, білімі жан-жақты тексеріледі. Артынан қарым-қабілеті мен қалауына қарай оқыту жоспары құрылады. Соның арқасында 10-сыныпта оқушы қандай оқуға түскісі келетінін біледі, мақсатты түрде сол бағытта жұмыс істейді. Мектеп құрылысына барлығы 8 миллиард теңге жұмсалу жоспарланған. Оның 4 миллиард теңгесін несиеге алса, қалғанына ерлі-зайыпты өз қаржысын құяды. Білім ордасы келесі жылдың қыркүйегінде іске қосылмақ. Қазір ғимараттың құрылысы ерлі-зайыптының осыдан 3 жыл бұрын ашқан Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің жанында тұрғызылып жатыр. Естеріңізге салсақ, мұндағы бір айдың оқуы – 300 мың теңге.  Оның ішіне тамақ, түрлі үйірмелер қарастырылған. Бірақ оқудың ақысы бірден 9 айға төленуі тиіс. Сол секілді салынып жатқан жаңа оқу орны да ақылы болмақ. Бұл жай ғана ғимарат емес, жаңа инновациялық оқу орны болады. Бір сыныпта 3-5 оқушыдан оқытылмақ екен.