Қазақстандықтар әлеуметтік желіде, мессенджерлерде дизель отынының «қара нарығы» пайда болғанын хабарлап жатыр. Оңтүстіктегі жанар-жағармай құю стансаларында дизель жоқ деп жазылады, алайда сол жерде делдалдар оны жоғары баға-ға, литрін 400 теңгеден жасырын сататын көрінеді. Бірқатар стансада бір қолға 20-50 литрден артық сатпайды. Бұған қоса, бензин де 50 теңгеге қымбаттап шыға келді. Салаға жауапты министрлік халықты үрейге бой алдырмауға шақырды. Бірақ бұқараның дүрлікпеске амалы жоқ.Тапшылыққа шектеу түрткі ме?Жанар-жағармай құю стансаларының мамандары бұған саудаға қойылған шектеу, дизель отынының тапшылығы және күзгі жиын-терім науқанына байланысты сұраныстың күрт артқаны әсер етті деп түсіндіреді. Салдарынан оны сатуға лимит енгізуге тура келген.
«Барлығын жасырып, ресейліктерге, алыс жолға шығатын жүк көліктеріне сатып жатыр деген айыптауды естідім. Бұл шындыққа жанаспайды. Біздің ЖҚС-тарымыз елорданың ішінде орналасқан, оларға жергілікті КамАЗ болмаса, шетелдік жүк көліктері соқпайды. Бізге күніне дизельдің 500, әрі кетсе, мың литрін ғана жеткізеді. Салдарынан жеке куәлігін көрсеткен әр тұтынушыға 20-30 литрден ғана құйып беріп жатырмыз. Соның өзі бірер сағат саудаға ғана жетеді. Қағылған жұрт ашуланады, тапшылыққа бізді кінәлайды», – деді ЖҚС менеджері Нұрасыл.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, өзге өңірлерде де жетіспеушілік байқалады: Семей тұрғындары талондары бар адамдарға да дизельді 20 литрден артық құймайды дейді. Егер көлік иелері жаңа талон сатып алса, олар үшін баға 260 теңгеге дейін барады: бұл Энергетика министрлігі бекіткен бағаның жоғарғы шегі.
Осының алдында, 22 тамыздан бастап Қазақстанда резиденттілігіне, көлік түріне және тұтыну көлеміне қарай дизельді отынға сараланған бағалар енгізілді. Тиісінше, сатуға лимиттер белгіленген. Атап айтқанда, қазақстандық жүргізуші куәлігі бар жеңіл автомобиль иелеріне өңіріне қарай 230-260 теңге бағамен тәулігіне 100 литрін ғана алуға рұқсат. Отандық жүк көліктері мен автобустарына шектеу 300 литрді құрайды. Шетелдік жүргізушілерге бұл отынның әр литрі тек 450 теңгеден босатылады. Әйтпесе, еліміз арқылы әрлі-берлі сабылған ресейлік, беларусьтік ауыр жүк көліктері арзан қазақстандық дизелді өте үлкен көлемде құйып алып кетуді әдетке айналдырған.
Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанға сырттан күніне шамамен 4,5 мың жүк көлігі, фура кіретінін, оның шамамен 70 пайызы шетелдік көлік екенін (қалғаны елге оралған отандық көліктер) хабарлады. Осыдан-ақ елдегі жанар-жағар май құю стансаларына қандай ауыртпалық түсетінін аңғаруға болады. Оның үстіне батыстың санкциялары аясында Ресей мен Беларуське Еуропаға автокөлікпен жүк тасуға тыйым салынды. Соның кесірінен олардың халықаралық тасымалмен айналысып келген алып автопарктері енді еуропалық жүктерді өз шекарасынан Қазақстан мен Қытайға тасуға қайта бағдарланып жатыр. Яғни, жүктеме ұлғая бермек. Мұның сыртында Энергетика министрлігінің ресми мәліметі бойынша ЖҚС-тардағы төмен баға да оларды қызықтырады. Нәтижесінде, дизельді тұтынудың орташа айлық көлемі шамамен 120 мың тоннаға артқан.
Жүк көліктері министрдің жүйкесін жұқартты
Әрине, шетелдік алып жүк көліктері қазақстандық әріптестерінің қызметіне жүгініп, арзан отынды солардан құйып алуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін дизельді лимиттерден артық көлемде алатын қазақстандық барлық жүргізуші үшін 450 теңге бағасы бекітілді. Жүргізушілер қолдан тапшылық туғызып, бар дизельді көтерме көлемде соларға қымбатқа сатып жатыр деп ЖҚС-тарды айыптайды.
Өз кезегінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов дизельді отынды сату кезінде тәртіпке бағынбайтындарды жазалауды тапсырды. Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында «Dala-FRUIT.KZ» ЖШС құрылтайшысы Болатбек Нәжметдинұлы аграршыларды, отандық жүк тасымалдаушыларды, барша кәсіпкерлерді қатты алаңдатқан осы проблеманы көтерді. Оның айтуынша, өңірлерде жергілікті жанар-жағармай құю бекеттері дизель отынын транзиттік көліктерге қымбатқа құюды жөн көреді, салдарынан төмендетілген бағамен алатын отандық машиналар отынсыз қалуда.
«Жаңа төлем жүйесі дүйсенбіде енгізілді. Талапқа бағынбаған, ондай негізсіз «еркелік» жасайтын жанармай құю бекеттерін жазалаймыз, тіпті лицензиясын қайтарып алуға дейін барамыз. Сондықтан бұл мәселе жақын арада реттеледі», – деді Премьер-Министр.
Ал Энергетика министрі Болат Ақшолақов қазақстандықтарды осыған бола әуреге түспеуге үндеді.
«Бүгінде ЖЖМ қоры да, оның өндірісі де жеткілікті. Ал транзиттік көлік санының көбеюі – маусымдық құбылыс қана. Ол бұрыннан болған. Бұған дәстүрлі егін ору науқаны қосылды. Біз ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дизельді отынды басымдықты тәртіппен жеткізіп жатырмыз. ЖҚС-терге бірінші кезекте жеткізіледі. Қынжылтатыны сол, көрші елдердің көліктері өте көп көлемде Қазақстанға кіріп, тіпті транзитпен өтпей-ақ, жай ғана отынды құйып алып, кері қайтады. Себебі, оларда бұл отын қымбаттау», – деді министр.
Шетелдік көліктерге қымбат бағаның енгізілуі осыған тоқтау салуы тиіс еді. Алайда оны пайдакүнемдер өз орайына пайдаланып, өнімді соларға сататынды шығарыпты. Салдарынан отандық көліктер отыннан қағылып, жасанды тапшылық туындаған көрінеді. Көрші Ресейде дизельдің бір литрі 54 рубль (0,887 доллар немесе 425 теңге) тұрады. 450 теңгеге дейін барған. Арменияда 700 теңгеден қымбат.
Энергетика министрі «отынның – бензиннің, дизельдің санкцияланбаған түрде сыртқа кетуіне қатаң бақылау орнату керек» дейді. Қолданыстағы заңнама оған мүмкіндік бермейтін көрінеді, оған өзгерістер енгізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыс арнайы комиссия аясында жүргізілуде. Комиссия отын тапшылығының алдын алу шараларын да пысықтап жатыр.
Келіспей пішкен шешім келте болды
Маусымдық тұтынудың шырқау шегі жылда шілде мен қыркүйек айларына тұспа-тұс келеді. «Қазір барлық ЖҚС-тарда сауда қалыпты режимге қарағанда 2, тіпті 2,5 есеге өсті. Елімізде отынның жеткілікті көлемі бар, алайда оларды ЖҚС-тарға тез жеткізуде қиындық, логистикалық проблемалар туындады. Содан стансаларда отын тез таусылып қалады. Дизельді отынды жүктеп жөнелту жоспары тұтынысты 100 пайыз өтеуге негізделген. Бірақ ол тұтыныстың 2-2,5 есеге күрт өсуіне шыдас бере алмады. Сол себепті бүгінде аталған комиссия аясында ҚТЖ-дағы әріптестерімізбен, барлық мұнай өңдеу зауыттарымен бірлесіп, күн сайын, тіпті күніне бірнеше рет осы жұмыспен айналысып, тасымалдаушы цистерналар санын арттырып жатырмыз», – деп сендірді министр Б.Ақшолақов.
Оның мәліметінше, соңғы екі күнде дизельді жөнелту көлемі айтарлықтай артты.
– Барлық азаматты босқа дүрлікпеуге шақырамын. Елде отын қоры бар, жаңа қорлары өндірілуде, зауыттар тегіс жұмыс істеп тұр. Тамыз соңына дейін тек дизель бойынша 288 мың тонна қосымша, жедел қор жасалады. Ол зауыттардың бірі тосыннан тоқтап қалса, тапшылықты болдырмауға керек болады. Бұған қоса, ай сайын жарты миллион тоннаға жуық көлемде жаңасы өндіріледі. Логистика мәселелері бірнеше күн ішінде шешіледі. Қазақстан мұнай өндіруін жалғастырды. Ендеше елде отын таусылды деп торығудың қажеті жоқ, – деді Энергетика министрі.
Оның байламынша, сатуға шектеу қою ағаттық болған жоқ, ол да нәтиже береді.
Бұдан бөлек, жанар-жағармай құю стансаларында дизельді отынды тұтынушылардың дерегін верификациялау жүйесі іске қосылады. Яғни, клиенттердің деректері тексеріледі. Сонда мол көлемде отынды кімдердің сатып алғаны анықталады. Энергетика министрлігі мүдделі органдармен тізе қосып, верификациялауға арналған модулді құру мәселесін пысықтауда. Әйтсе де, сарапшылардың түсіндіруінше, ол қазіргі тапшылыққа ықпал ете алмайды, болашаққа арналған. Ол жүйеге ірі көлемде жанар-жағармай сатып алған жүргізушілердің дербес деректері енгізіледі. Нәтижесінде, алыпсатарлар әшкереленеді. Министрлік еліміздегі барлық ЖҚС-тарда бұл жүйе қыркүйек айының ортасына қарай іске қосылады деп хабарлады.
Дегенмен, министр Ақшолақов дизель тапшылығына қатысты жағдай оған дейін, бірер күн ішінде қалыпқа келеді деп уәде етіп отыр. Әзірге отын таба алмаған қазақстандықтардың сергелдеңі жалғасуда. Дизель жетіспеуі кесірінен Алматы облысының бірқатар елді мекенінде қоғамдық көлік тоқтаған. Мысалы, өңірдегі Қараой ауылдық округінде 14 мың адам автобуссыз қалыпты. Ақпарат құралдарына түсініктемесінде жергілікті әкімдік «соляркі жетіспегендіктен проблема туындады» деп түсініктеме берген. Өзге өңірлерде тұрғындар маршрутқа шыққан автобустар саны азайғанын байқаған. Отын тапшылығы қоғамдық көліктің бір бөлігінің паркте қаңтарылып тұрып қалуына соқтырды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 24 тамызда еліміздегі мұнай базаларында болған және жолда бара жатқан АИ-92 бензинінің жиынтық қоры – 183,3 мың тоннаны, ал дизель отынының қоры – 212,4 мың тоннаны құрады. Жыл басынан бері, 7 айда 3 миллион тонна дизель өндірілген, бұл былтырғы ұқсас мерзімнен 110% көп.
Егіншілерге күзгі орақ науқанына жалпы көлемі 423 мың тонна дизель отыны бөлінбек. Оның бәрі бір мезгілде емес, бөліп жеткізіледі: шілдеде 111 мың, тамызда – 161 мың, қыркүйекте – 124 мың, ал қазанда – қалған 28 мың тоннасы жөнелтіледі.
Жалпы, сарапшылар елде отын тапшылығы туындайтынын болжап білуге болғанына назар аудартады. Мамандар Ресей және Беларусь тарапынан жүк тасымалы күрт артқанын жаз басында ескерткен. Бұған дәстүрлі түрде егін ору науқаны қосылады. Энергетика министрлігі де қалыптасқан жағдайды осы факторлармен түсіндірді. Ал ол факторлар бір мезетте, аяқ астынан туған жоқ, бірнеше ай бойы қордаланды. Энергетика министрлігінің дизель саудасына шектеу енгізген 2022 жылғы 21 тамыздағы №278 бұйрығы ұзақ үрілген осы көпіршіктің жарылуына түрткі болды. ЖҚС-тардың жеткілікті көлемде дизель сатпай қойғанына назаланған жүк көліктерінің жүргізушілері 23 тамызда Жетісу облысының Үшарал қаласындағы трассаны жауып тастап, митинг өткізді. Өзге өңірлерде де жүк тасушылар түрлі жолмен қарсылығын білдірді. Қаңтардағы сияқты Энергетика министрлігінің кезекті шешімі наразылыққа триггер болды. Жалпы, бұл министрлікке алдын ала, әрі кең ауқымды түсініктеме жұмыстарын жүргізбей, халыққа қатысты шешім қабылдауға тыйым салса, жөн сияқты.