«Арбат» аяқталмады
Солардың бір сыпырасы Жамбылды Асқар Мырзахметов басқарған тұста көптеген жобаның жанданғаны ел есінде. Бұрынғы «Шахристан» базарының орны түрленіп, шығыс үлгідегі кешендермен көмкерілгенін бүгінде ел аңыз қылып айтып жүр. Әу бастағы жоспар бойынша жоба негізі бірнеше кезеңнен тұруы керек болған. «Арбат-1»-ден бастап «Арбат-3»-ке дейін жалғасып, демалыс орнының маңынан жасанды көл жасалып, тұрғындардың тынығуына тамаша орынға айналады деп күтілген. Алайда «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешені ашылғаннан кейін облыс тізгінін қолға алған Бердібек Сапарбаев жобадағы талай тірлікті аяқсыз қалдырды. Әйтеуір, ұқсатқандай қылып, «Арбат-3» демалыс орнын ашқандай болды. Алайда бүгінде мұнда серуендеп жүрген жанды кезіктіре алмайсыз. Өйткені қызықтайтын ештеңе жоқ. Сыммен түйілген темірлерді төбеге іліп жылтырлатып қойғаны болмаса, «Арбат» деген аты ғана. Алматы шаһарындағы «Арбатқа» барсаң, небір өнер иелерінің туындылары қойылып, әр жерде ән салып, би билеп, жырдан шашу шашып отырған жастарды көресің. Ал Тараз қаласындағы «Арбатта» өлі тыныштық орнаған. Тек бірер күн бұрын дәл осы «Арбатта» ішімдік ішіп, мас күйінде итімен жүрген азамат көпшіліктің үрейін алған еді. Кейіннен айналадағы азаматтарға қауіп төндірген итті тәртіп сақшылары тапаншамен атып, мас азаматты да күшпен сабырға шақырған.Аспалы жол арманға айналды
Облыс орталығындағы «Тектұрмас» тарихи-кешенінен де көпшілік көп өзгеріс күткен. Алайда өңірдің кейінгі басшылары жобаны жалғастыруға құлық танытпады. «Тектұрмас» кешенінің екінші кезеңі ретінде жасанды сарқырама мен өзен жағалауын абаттандырғандай болды. Бірақ әлгі сарқырамасы бірде ақса, бірде тоқтап тұрады. Асқар Мырзахметовтің жобасы бойынша «Тектұрмас» тарихи-кешенінен басталатын аспалы жол «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешенін жалғауы керек болатын. Ұзындығы бірнеше шақырымды құрайтын жол арқылы қала тұрғындары мен қонақтары бүкіл шаһарды жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік алуы керек еді. Бұл туристерді тартуға теңдессіз жоба еді. Алайда облыстың кейінгі әкімі бұл жобаны тиімсіз деп тапты. Жамбылдықтар бірер ай бұрын облыс әкімі болып тағайындалған Нұржан Нұржігітов осы жобаның бойына қан жүгіртеді деп күткен. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен жиында аймақ басшысы Тараз қаласының сәулетіне қатысты ешқандай жобаның қолға алынбайтынын ашық айтты. Өңірдің жаңа әкімі шаһардың сәулеттік келбетінен гөрі күн тәртібінде тұрған әлеуметтік мәселелерді шешуді құп көреді екен.Ұшады. Ұшпайды
Жолының жайы айтыла жыр болған «Тараз-Шу-Мойынқұм» бағытында әуетасымалын қолға алу да сол күйі аяқсыз қалды. Шалғайдағы ауданға жасаған сапарында облыстың сол кездегі әкімі Асқар Исабекұлы ауданның алшақтығы мен жол сапасының нашарлығын ескеріп, талай жыл әуеге көтерілмеген ұшақтарды ұшыруға уәде еткен. Өңір басшысының тапсырмасынан мамандар әуежайдың жағдайын зерделеуге кіріскен. Ал Мойынқұм ауданының сол кездегі әкімі Мәден Мұсаев ұшақтар Ұлыстың ұлы күнінен бастап қатынай бастайды деп сүйіншілегені де есте. Алайда Мырзахметов қызметтен кеткеннен кейін тағайындалған Сапарбаев бұл бастамаға оң шырай танытпады. Еске түсірсек, 1966-1990 жылдар аралығында Мойынқұм ауылынан облыс орталығына «АН-2» және «ЯК-40» ұшақтары күніне екі рет жолаушы тасымалдаған екен. Сол тұста билет құны 10 сом болыпты. Мұны теңгеге айналдырсаңыз, 5 мың теңгені жобалайды. Қазір Тараз қаласынан Мойынқұм ауданына такси қызметі 5 000-6 000 теңгені құрайтынын ескерсеңіз, ұшақпен қатынау мойынқұмдықтар мен бірге шулықтарға да әлдеқайда тиімді болар еді. Облыстың жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов әзірге Мойынқұммен әуетасымалына қатысты пікір білдірген жоқ. Егер Нұржан Молдиярұлы осы жобаны жүзеге асыра алса, ауылдағы ағайынның алғысы шексіз болар еді.«Қаралма» қашан бітеді?
Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне бүгінде халық қарай-қарай шаршады. Жобалық құны 4 миллиард теңге болатын жоба құрылысы 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған. Алайда Алатау тауының баурайында орналасқан туристік нысанның құрылысы сағызша созылып келеді. Бұл да кезінде Асқар Мырзахметовтің бастаған жобасы. Бердібек Сапарбаев мегажоба келешегінен мол табыс күттірсе де, «Қаралмаға» көз қиығын сала қоймады. Мемлекет тарапынан инфрақұрылым тартылып берілгенін алға тартып, инвестордың тілін тауып, тірлігін ширатуға тырыспады. Жамбыл облысының жаңа әкімі Нұржан Молдиярұлы аталған кешенге жуырда арнайы ат басын бұрды. Аймақ басшысының БАҚ өкілдерімен кездескендегі сөзіне сүйенсек, қазір ондағы құрылыс 90 пайызға аяқталып отырған көрінеді. Кәсіпкер әкімге кешенді биыл іске қосуға уәде де беріпті. Уәденің қаншалықты орындалғанын төрт айдан кейін көрерміз.Ұмытылған шағынаудан
Асқар Мырзахметовтің тұсында Тараз қаласында №15 ықшамауданның қабырғасы қалана бастаған. Жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, үлкен жобалардың сызбасы сызылған еді. Соның бірі «Оқушылар сарайы» болатын. Алайда аймақты Бердібек Сапарбаев қолға алғаннан кейін №15 ықшамаудан ұмыт қалды. «Оқушылар сарайын» балаларға алыс болады деген желеумен Төле би көшесінің бойына көшіріп, құрылысы таяуда аяқталды. Оның өзі аталған нысанға қатысты қазір ел ішінде көп сын айтылып жатыр. Біріншіден, ғимарат маңында көлік тұрағы жоқ. Екіншіден, үлкен жол жиегінде орналасқандықтан, балалардың ары-бері өтуіне қауіпті болып тұр. Сондай-ақ нысанның бір жағында «Һибатулла-Тарази» атындағы орталық мешіт орналасса, екінші бүйірінде тергеу изоляторы жанай орналасқан. Бұл №15 ықшамауданнан «ұрланған» жалғыз нысан емес. Жоба бойынша онда бірнеше көпқабатты үй бой көтеріп, еліміздегі ең үлкен шағынаудандардың біріне айналуы керек болған. Алайда Бердібек Машбекұлы №15 ықшамауданындағы құрылысты қоя салып, №14 ықшамауданды салуға кірісіп кетті. Тіпті, орнын дайындап, алғашқы нысан ретінде Онкологиялық ауруларды емдейтін облыстық аурухананы жапан даладан тұрғызып тастаған. Алайда өзі қызметтен босаған соң №14 ықшамауданда қызу тіршілік байқалмайды. Бұл жобаны Нұржан Молдиярұлы жалғай ма, әлде жоқ па, белгісіз.P.S. Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда бұл бұқараға мәлім жайттар. Біз тек әкімдерге алдыңғысынан «мұра» болып, аяқсыз қалған бірнеше жобаны айтып отырмыз. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданындағы көпір, Шу ауданындағы Мия зауыты, Қордай, Меркі аудандарындағы су қоймаларының құрылысы сынды жобалар аз емес. Сондай-ақ Сапарбаев бастаған «Таразға тарту», «Асарлатып үй салу» сияқты жобалар да бар. Облыстың жаңа әкімі ескі әкімнен қалған көп тірлікті қайта қолға алар-алмасы белгісіз.
Жамбыл облысы