Соңғы жылдары елорда қонақтары мен тұрғындарының демалысын дұрыс ұйымдастыру мақсатында саябақтардың саны артты. Бірер жылдың өзінде ғана тұрғындар уақытын тиімді жұмсап, спортпен шұғылдануы үшін заманауи бульварлар мен скверлер салынып, тозығы жеткен балалар алаңқайы күрделі жөндеуден өтті.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін алғаш рет Ә.Мәмбетов көшесінде Demalys Promenade демалыс аумағының бірінші көшесі, «Театральный» жаяу бульвары, NS street life көше спортының колизейі ашылды. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» шеберлік жоспары аясында жүйелі негізде аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру әлі де жалғасын тауып жатыр. Бұдан басқа, Есіл өзені жағалауының бойындағы саябақ, «Атырау» көпірінің астында және «Ататүрік» атындағы саябақта скейт-алаңдар салынды. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында Студенттер саябағында NS street life көше спортының колизейі орнатылса, Есіл өзенінің жағалауында Триатлон-саябақта бассейндері бар жасанды жағажай салынды. Ол өзенге қарайтын оқшауланған аралда жабдықталған. Сонымен қатар әр мамандыққа деген құрметтің белгісі ретінде дәрігерлер аллеясы, құтқарушылар саябағы да ашылды. Мысалы, былтыр елордада алғаш рет баскетбол, футбол алаңдары, үстел теннисіне арналған аймақтар, workout-аймақтар, скейт-аймақ және тағы басқалар орналасқан көпірасты кеңістіктер пайда болды.
Биыл жүргізілетін жұмыстардың көлемін ескерер болсақ, абаттандырылған аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) саны 750-ден асты. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді ауқымды түрде абаттандырудың маңызы сол, тұрғындар мен қонақтардың бос уақытын тиімді өткізіп, саламатты өмір салтын ұстану үшін жасалып жатыр. Елорда әкімінің айтуынша, абаттандыру жұмысы елорданың барлық ауданында жүргізіледі. Жоспарға қала тұрғындары жүгінген, аулалары ескірген, осыған дейін бос жатқан орындар мен батпақты тұстар және т.б. учаскелер де енгізілген. Жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқан Сейфуллин 9, 9/1, Бөгенбай батыр 35, Абай 63, Тархан 9, Пушкин 1, 3/1, Кравцов, Целинный ш/а және өзге де мекенжайларда орналасқан аулаларды аралап қайтқан әкім бұл жұмыс әлі де жалғасатынын жеткізген болатын. Мысалы, Бараев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы, Бейбітшілік және келісім сарайының жанындағы амфитеатр, қараусыз қалған Жерұйық-2 саябағындағы Достық гүлзары, Мұғалімдер саябағының ашылуы өтті. Сол сияқты қалалық алаң, оң жағалауда баршаға белгілі «Встреча» ауданы және т.б. алаңдар абаттандырылды.
«Қаланың қоғамдық кеңістігіне жан біткендей болды. Осы ауданда талай жылдан бері тұрамын. Немерелерімді ойнатуға шықсам, ескі-құсқы турникеттер мен әткеншектерде жарақат алып қала ма деп жіберуге қорқатын едік. Қазір балаларды алаңсыз ойын алаңына жіберетін болдық. Балалар ғана емес, үлкендердің де бір уақыт таза ауамен серуендеп, әңгіме-дүкен құруына арналған қолайлы орындар көбейді», – дейді Алматы ауданының тұрғыны Күкен Әкімжанова. Шындығында да қаладағы қоғамдық кеңістіктер елорданың көркін арттырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып келеді. Абаттандыру жұмысы барлық ауданда, оның ішінде елді мекендерде де жүріп жатыр. Елді мекендердің өзінде соңғы жылдары 311 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылған екен.
Қала әкімдігі қоғамдық кеңістікті жайластыру кезінде тұрғындардың пікірін де ескереді. Соған сәйкес шешімдер ұжымдық түрде қабылданады екен. Атап айтқанда, учаскелер белгілі бір аймақтарға бөлініп, ересектер мен жастарға, балалар мен егде жастағылардың бос уақытын өткізуі жеке-жеке назарға алынады. Мәселен, биыл аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстың жалғасын жоспарлаған қаладағы аудандық әкімдіктер басқармалармен бірлесіп «Sport City», «Зам-Зам», «Хайвил» және тағы да басқа тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Бүгінде әкімдік тұрғын үй кешенінің орнына әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер – скверлер, бульварлар, аулалар салуды ары қарай жалғасатын болады. Қазір осы жобалар бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізіліпті.
Қала өміріне көрік беретін қоғамдық кеңістік көбейсе құба-құп. Бұл тұрғындардың талай жылдан бергі талап-тілегі. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін уақытын пайдалы өткізетін тартымды орталық көптеп салынса, бұқара жаппай спортпен айналысып, балалардың да бақытты балалық шағы алаңсыз өтері хақ.