Қызылордада «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Қараөзек» компрессорлық стансасының базасында төтенше жағдай кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді дер кезінде эвакуациялауды жүзеге асыру мақсатында арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу «Қауіпсіз еңбек – 2022» қауіпсіздік жылының шеңберінде ұйымдастырылды.
Жалпы «Интергаз Орталық Азия» АҚ «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның құрамына кіреді. Еншілес компания еліміздің аумағында газ тасымалдау жүйесін пайдалануды жүзеге асырып келеді.
Әрдайым компания тарапынан өндірістік қауіпсіздікті сақтау, еңбек және денсаулықты сақтандыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелері назардан тыс қалған емес.
Биыл «Қауіпсіз еңбек – 2022» жылы болып жариялануы талапты тіпті күшейтті. Бұл тұрғыда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, мамандардың төтенше жағдайдың алдын алуға дайындығын ширата түсуіне ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта жыл бойына дайындық шараларын өткізу жоспарланған.
Негізінен «Қауіпсіз еңбек – 2022» сынды жоба компанияға еңбек қауіпсіздігін күшейту бағытында оң серпін беріп отыр. Оның ішінде өндірістік жарақаттану және қауіпсіздікті сақтау шараларын бекітуге жол ашады деп күтілуде. Сонымен қатар компанияның басқарушы персоналының саламатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға арттырады.
Компанияның бұл жолғы оқу-жаттығуы «Қараөзек» компрессорлық стансасының базасында ұйымдастырылды. Оған «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның нысанды өрттен қорғау және апаттық-құтқару жұмыстары, сондай-ақ объектіде күзет қызметін көрсету бойынша функцияларды жүзеге асыратын мердігерлік ұйымдар мен шұғыл ден қою қызметтері қатысты.
Оқу-жаттығу барысында жоспарға сәйкес компрессорлық стансада от тұтанып, шлейфі жарылды. Жедел іске кіріскен мамандар минут сайын хабарлау схемасын, крандарды ауыстыра отырып, жұмыс істеп тұрған газ айдау агрегаттарын автоматты түрде тоқтату алгоритмін жүргізді. Сондай-ақ компрессорлық станса персоналын эвакуациялауды, өртті оқшаулау және сөндіру, апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды пысықтады.
Апат орын алған орыннан құтқарушылар тобы екі зардап шегушіні анықтады. Оның бірінен жіліншіктің ашық сынуы және артериялық қан кетуі салдарынан білектің жабық сынуы түріндегі болжамды зақымданулар нақтыланды. Ал екінші зардап шеккен адамның жүрек соғысы тоқтап қалған. Құтқарушылар зардап шегушілерді ашық алаңқайға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Өз кезегінде медициналық қызметкерлер бригадасы минут сайын барлық қажетті реанимациялық іс-шараларды жүргізді. Оның ішінде қан кетуді тоқтату, иммобилизациялау және зардап шеккендерді компрессорлық станса аумағынан жедел жәрдем машинасымен алып кету бойынша іс-шараларды орындады.
Оқу-жаттығу сабағының қорытындылары «QazaqGaz» ҰК» АҚ және оның еншілес компаниялары басшылығының қатысуымен жасалды.
«Оқу-жаттығу сабақтарының негізгі мақсаты – барлық жұмылдырылған топтардың дайындығын, олардың апаттарды оқшаулау мен жоюдағы өзара іс-қимылын бағалау. Біз іс-шараның жоғары кәсіби деңгейде өткенін көріп отырмыз. Барлық қатысушылар қойылған міндеттерді орындау кезінде, сондай-ақ теориялық білімді практикада қолдануда нақты әрі үйлесімді іс-әрекеттерді көрсетті. Бұл бүгінгі оқу-жаттығуда көздеген мақсатқа қол жеткізілгенін білдіреді. Осындай сабақтарды өткізу тұтынушыларға табиғи газды үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді бізге «Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық директоры Әуезхан Уромбаев.
Оқу-жаттығуға өрт сөндіру және апаттан құтқару техникалары шоғырланып, оқиғаға қажеттігі бар өзге де құрал-жабдықтармен қамтылды. Осы арқылы оқыс оқиға кезінде қауіптің алдын алу және құтқару қызметінің төтенше жағдайларға даярлығын, қолдағы техниканың нақты жағдайы мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуші жүйенің әзірлігін тексеру, біліктілігін арттыруға негіз қаланбақ.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ-да шұғыл медициналық көмектің жұмысын жетілдіру бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл компанияның көптеген нысандары еліміздің шалғай және халық аз қоныстанған аудандарында орналасқанын ескерсек, мұндай шара өткізу аса маңызды болып табылады. Шын мәнінде бұл – зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша іс-қимылдардың нақты алгоритмі. Бағдарламада бірінші кезекте кімге қоңырау шалу қажет, кімге алғашқы көмек көрсету барысы нақтылана түсті. Сонымен қатар жәбірленушіні қайда тасымалдау және не істеу қажеттігі бойынша әрбір іс-қимыл сараланды. Жұмыс барысында әрбір қатысушының жауапкершілігі көрсетілді. Бұл оқу-жаттығулардың басты міндеті – жазатайым оқиға салдарының ауыртпалығын төмендетуге және кісі өліміне жол бермеуге мүмкіндік беретін осы бағдарламаны іс-әрекетпен көрсету», – деп түсіндірді «Қараөзек» компессорлық станциясының басшысы Кеңес Ембергенов.
Оқу-жаттығу жоғары деңгейде өткізілді деп айтуға толық негіз бар. Шара барысында төтенше жағдайдың алдын алу, одан қорғану жолдары мен мамандардың біліктілігін арттыруға негіз қаланды. Осылайша табиғаттың тосын апатынан сақтану, қауіптің бетін қайтару жолдары пысықталды.