Өзіміздің Өзағаң

Өзіміздің Өзағаң

Тосын хабар

Алпысқа келдіңіздер, Бәрін де көрдіңіздер. Бәріне сендіңіздер, Бәрін де бердіңіздер. Алпысқа келсек екен енді біздер… 28 тамыз. Өзағаңның туған күні. 1991 жылы Өзағаң Мұқағали Мақатаев армандаған асқар таудай алпыс жасқа толды. Қазақстан Жазушылар одағы ішіндегі «Қалам­гер» мейрамханасына бір атадан тараған ағайындар кешкі сағат алтыда жиналдық. Кө­ке­міздің туған күнін қалай атап өтпекпіз? Өз орта­мыз­да той иесінің өзі жоқ. Өза­ғаң қайда? Бір сағат күттік. Жоқ. Екі сағат күттік. Жоқ. «Бір шұғыл шаруасы шы­ғып қалған шығар, тойды бастай бере­йік, кешіксе де кеп қалар», – деп жаюлы дас­тар­ханға жайғастық. Кө­кеміз көрін­бейді, кімге тілек айтамыз? Алқа­қотан жиылған ағайындар бір-бірімен шүйіркелесіп, әжік-күжік әңгімеге көшті. Той ортасынан ауғанда алпысқа толған ағамыз жалғыз өзі жарқ етіп көрінді-ау әйтеуір. Бәріміз қол шапалақтап қарсы алдық. Өз тойына өзінің кешігіп келген себебін бір-ақ ауыз сөзбен түсіндірді: – Орталық комитеттегі жина­лыс­тан қазір шықтым, – деді, – Совет одағы тарады! Үш ұйықтасақ, түсімізге кірмейтін тосын хабарды естіген елдің бәрі үрпиісіп қалды. Әуелгіде «Әкең өлді!» дегендей естілді. Сенбедік. Аузымыз ашылып, аңырдық. Төбемізден жәй түскен­дей бір сәт Өзағамыздың түріне қарасақ, о, ғажап! Арқасы кеңіген адамдай арқа-жарқа. Жүзі жай­дары. Коммунистік партияның құз басынан құлағанын қуат­тағандай, өкініш табы өңінен байқалмайды. Сыр алдырмайтын сырбаз ағамыз­дың ішінде ұлт мүддесінің байып­ты бағдарламасы жатқанын ол кезде аңғармадық.

Шалалық пен даналық

Он айдай Мәдениет министрі боп істеген Өзбекәлі Жәнібеков 1987 жылдың соңына таман Қазақ­стан компартиясы орталық коми­тетінің идеология хатшысы болып таққа отырды. Қалпағымды аспан­ға атып қатты қуандым. «Бір адам таққа отырса, қырық адам атқа отырады» деген. Әй, енді менің айым оңынан туа­тын шығар. Саяси-сатиралық «Ара-Шмель» жур­налында жауапты хатшымын, енді бір секірсем, бас редактор болып қалуым мүмкін. Реті кеп тұр. Он екі жылдан бері осы журналдың отымен кіріп, күлімен шығып келем. Сатиралық төрт-бес жина­ғым шығып, есімім елге танылды. СССР Жазушылар одағының мү­ше­сімін. Өзағама барайын. Өтінішімді айтайын» – деп шештім. Белді бекем будым да, есігін қақ­тым. «Сүт сұрай келіп шелегімді несіне жасырайын», мақсат-мүддемді баяндадым. Меселімді қайтарып, жекіңкіреп сөйледі. «Ара» журналының бас редакторы» деген құрғақ атақтың саған не керегі бар? – деп дүрсе қоя берді. – Ол жұмыс сенің қолыңды байлап, аяғыңа тұсау салады. Шідерленген ат секілді алысқа ұзап шаба алмай­сың. Одан гөрі шығармашылықпен айналыс. Соған көбірек ден қой. Сені шыңға шығаратын шығарма ғана! Отырған орныңды емес, оқырманыңды ойла. Олардың обалына қалма!». Шаруам бітті! Шалқайып ба­рып, еңкейіп қайттым. Іштей өк­пеледім. Қазір бажайлап қарасам, менікі – шалалық, ол кісінікі – даналық екен. Профессор сыншы інім Құлбек Ергөбек те мен секілді бұрылған, мен секілді ұрын­ған. Ол айтады: «Бірде Өзағама барып, «Көке, осы мені неге бір жерге бастық қылып қоймайсыз, өмір тәжірибем де, іс тәжірибем де жетерлік емес пе?» дегенім бар. Сонда «Қарағым-ай, сенің мінезің жұмсақ қой. Сен бала жыласа, қоса жылайтын жансың, айлакер адам емессің. Пысық айла, тәсілің аз, тура мінездің адамысың. Осы жазушылығың жетпей ме, кімнен кемсің?» деп кесіп тастаған» – деді. Құлбек менен гөрі жастау ғой. Оныкі – шалалық емес, балалық. Өзағамныңжүзімі Жексенбі болатын. Оянғаным сол. Таңалакеуімде телефон шы­рыл­дады. Көтердім. Жұмсақ биязы дауыс. Үні, сөз саптауы таныс. Бірақ танымадым. Аман-саулықтан соң: – Бүгін қолың бос па? – деді. – Сіз үшін уақыт табамыз ғой, көке! – дедім оңтүстікше орағытып. – Онда қазір үйге кел. Дачаға барамыз, – деді «бейтаныс» көкем. – Қай үйге барайын? – дедім кім екенін білгім келіп. – Менде қанша үй бар еді? Бір-ақ үй ғой, – деді о кісі де алдырмай. «Ойпырмай, кім болды екен?» деп аң-таңмын. – Көке, үйге кірмей-ақ қояйын. Далаға шығыңыз. Қай көше мен қай көшенің қиылысында тұрасыз? Сол жерге барайын. – Сен онда былай істе. Әлгінде Керімге телефон соқтым. Машинаң бар ғой, соны үйінен алып, маған кел. Керімді білем. Пірімқұлов. Пар­ла­мент мәжілісінің депутаты. Сол бауы­рыма телефон шалдым. – Кереке, көкеміз дачаға шақырып жатыр екен, – дей беріп ем: – Иә, иә! Қазір ғана сөйлестім. Өзбекәлі ағамның дачасын көрген жоқ ем. Жақсы болды! – деп қуанғандай рай танытты. Оһо-о-о! Өзекең екен ғой. Өзбекәлі Жәні­беков. ОК-нің хатшысы. Жақында ғана зейнетке шыққан. Сонымен «соқамызды» сүйре­тіп, Өзағаның саяжайына бардық. Қалихан жеңгем немерелерімен сонда екен. Қауқылдасып амандас­тық. Алатаудың баурайындағы айналасы алты-жеті сотық аядай жерге аршыған жұмыртқадай үй тұрғызыпты. Үй деген аты ғана. Бір-ақ бөлмелі. Кіреберісте дәлізі мен шағын асхана. Болды. Бар-жоғы сол. «Жұрттар тастан сарай салғызып жатқанда көкемнің мұнысы несі?» – деп ойладым. Осы ойымның ағынымен: – Көке, мына жерге біреу театр салып жатыр ма? – дедім көршісінің көк тіреген зәулім ғимаратын иегіммен меңзеп. Жа­уап­ бермеді. Үн-түнсіз. Тіпті жүзінде «Сен не деп тұрсың?» деген ишара да жоқ. Өзім ыңғайсызданып қалдым. Білдей бір депутат, бір сықақ­шы, сосын ОК-нің хатшысы үшеуміз түске дейін жер аудардық. Өзағаң шар­ша­майды. Күрегіне сүйеніп, сәл-пәл де­мала­ды да әрі қарай кіріседі. Баяғы бала кезден кейін қолымызға кетпен-күрек ұстаған емеспіз, екі рет еңкейсек ентігіп қаламыз. Осыны байқады ма қайдам, Қалихан жеңгей: – Біреулерді әкелсе сөз қылады деді ме, ағайын болғасын екеуіңді шақырды ғой, – деді аяушылық білдіріп. – Жо-жоқ, жеңеше. Қанымыз жүріп, адам боп қалдық! – деді депутат қайнысы тігісін жатқызып. Түсте дастархан басына жиыл­дық та, бұйырған дәмнен татып, тыныстадық. Әңгіме барысында: – Ағаларың сондай, – деді жеңгем көкемізге өкпе-назын танытып. – Жұрт бір үйін екеу, екі үйін үшеу қып үлкейтіп жатса, ағаларың қызықпайды. Тіпті ондайларға аяп қарайды. Зейнетке шыққасын өкімет «Интер­националь­ный» көшесінен төрт бөлмелі үй берген екен. «Кемпіріміз екеумізге екі бөлме де жетеді» деп төрт бөлмелі үйден бас тартыпты. Соны естігесін дәулердің есігін қағып жүріп, үш бөлмелі пәтерді әрең қайтарып алдым. Көкеміз жеңгейге көзінің астымен бір қарады да, қоя салды. Үндемеді. Не ойлады екен? Мен енді көзіммен көріп, көңілмен түйгенімді баяндайын. Әңгімеміздің басы басталды да аяқталмай қалды ғой. Өзағаңның саяжайына оралайын. Түстен кейін жиі егілген жүзімдерді жегелеп, арасын сиретіп артылған он шақты түбін шетке қойғасын: – Көке, – дедім сыпайылап, – баяғыда паркке барсақ, «Мына ағашты член Политбюро ЦК КПСС Пәленше Түгеншеевич еккен» деген жазуды оқитынбыз. Сіз кімнен кемсіз? Сіз де біз үшін член Политбюросыз. Осы артылған жүзімдеріңізді тамыры бусап тұрғанда біздің саяжайға апарып өз қолыңызбен ексеңізші. Бір жүзім­нің түбіне «Өзбекәлі Жәнібеков отырғызған» деп жазып қоямыз. Ойнап айтқанымды о, шіркін-ай, Өзағаң шындап көрді. – Дачаң қайда? Кеттік! – деді. Апыл-ғұпыл ұбап-шұбап біздің саяжайға бардық. –Көке, ырым болсын, өз қолыңызбен бір түбін қадаңыз! – дедім. Рахым Сатаев, Сағыныш Сариев секілді көрші-қолаңдарым Өзағаңды көргесін жиылып қалған еді. Ыңғайлы жерден шұқыр қазып, жеті түп жүзімнің біреуін өз қолы­мен отырғызды. –ЦК-ның секретарына жер қазғызып қойған, әй, Көпен-ай, сен де пәлесің ғой! – деді көрші­лерім қалжыңға басып. Қалихан жеңгей қызық оқиға айтты. – Бұ кісі, – деді Өзағаға бұрылып, – комсомолдың бірінші хатшысы болғасын кейбір жина­лыстар мен мерекелерге мені ертіп жүретін болды. Бір күні: – Киін, кеттік! – деді. – Қайда? – Паркке. – Өзің бара берші! – дедім. – Сенсіз болмайды. Москвадан бір үлкен кісі келген екен. Сол кісі паркке ағаш отырғызады. Тәртіп бойынша біздер әйел­дерімізбен барып, төңірегінде тұруымыз керек, – деді. Бардық. Аты-жөні есім­де жоқ, бір еңгезердей орыс парктің бір шетіне шырша отыр­ғызды. Қол шапалақтадық. Бітті. Қайттық. Келесі жылы шет жақтан тағы бір дөкей келген екен. Тағы да сол паркке бардық. Былтыр еккен ағаштың орны үңірейіп тұр. Оны жұлып тастап, дәп сол жерге әлгі бейтаныс дөкей жаңа шырша қондырды. Бәріміз қол шапалақтап қайттық. Келесі жылы тағы да сол шыршаның орнына жаңа келген біреу жаңа шырша екті. Көпен, сен сықақшысың ғой, осы көзбояу­шылықты жазшы! – деді. Жаздым. «Жалғыз шырша» деген сықақ жаздым.

 «Итаяқ»

Соноу жетпісінші жылдары Тор­ғай облысы ашылғанда Өзбек­әлі Жәнібеков сол өлкеге идеология жөніндегі хатшы боп барды. Қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбеков сол дәуірдегі Өзағаңның атқарған шаруаларын аузынан тастамай аңыз ғып айт­қанын талай естідім. – Отызға да толмаған жас кезім, – дейді Серік аға көзбен көргенін кестелеп сөйлеп. – «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») осы облыстағы меншікті тілшісі болғандықтан Өзағаңның жанына ілесіп көп жүрдім. Неге екенін білмеймін, мені жақын тартатын. Сондай бір сапарда малшы ауыл­дарды аралап, айдаладағы шопан­ның ақбоз үйіне тоқтадық. Обком хатшысы келді деп бәрі бәйек. Киіз үйдің ішінде дастархан жайылды. Дәм татып сәл тыныстадық. Кетер кезде Өзағаң: – Анау есік алдында жатқан ағаш ыдыс не ыдыс? – деп сұрады. – Итаяқ! – деді шопанның әйелі. – Итаяқ болса… Сол итаяқты маған беріңізші, Арқалыққа алып кете­йін, – деп биязы даусымен өтініш жасады. Айналасындағылар «Обкомның хатшысы итаяқ сұра­ғаны несі?» деп аң-таң болды. Сол «итаяқ» Өзағаңның өзі ұйымдас­тырған Арқалықтағы өлкетану музейінің төрінде тұр. Сөйтсек, сол «итаяқ» XVII ғасыр­да ағаштан ойып жасалған аса құнды астау екен. Бабалардың көзін көрген жәдігерді алыстан қалай аңдаған? Таңғаласың. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасы мен дәстүрі «итаяққа» айналып кетпес үшін Өзағаңның атқарған шаруасы ұшан-теңіз.

Ақ бесік

Белгілі сықақшы, жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы қазақтың салт-санасы мен дәстүрі туралы әр томы диірменнің тасын­дай үш кітап жазғаны белгілі. Жаз­ды дейміз-ау, жазған жоқ. Ел аузы­нан жинады. Жинақтады. Шөпшек тергендей терді. Зерттеді. Зерделеді. Түйді. Түйіндеді. Ол еңбек­терін кейінірек қазақ, орыс, ағылшын тілінде бастырып «Өнер», «Ата­мұра» баспасынан әлденеше рет шығарды. Оқырмандар құнды кітап­тың арзан-қымбатына қара­май пышақ үстінен үлестіріп талап әкеткенін білем. – Сейіт аға, –дедім бір күні, – Сіз әу баста әзілкеш боп жаралып, ғылым жолына қалай түсіп кеттіңіз? Әлде қы­зық­тыңыз ба? – Оның тарихын айтайын, – деп Секең ағынан жарылып, ақтарылды. – Облыстық «Торғай таңы» газетінін жауапты хатшысы едім. Редакторымыз Ақтөбенің тумасы Нұқы Қартбаев деген кісі. Жұмыста отырғанымда: – Сені обком хатшысы Өзбек­әлі Жәнібеков шақырып жатыр. Қазір барып қайт! – деді редак­торым. Бетіне қарасам, реңі қашып кеткен. Үрейлі. Сірә, «Менің орнымды алып қоюға әрекеттеніп жүр-ау?» деп іштей қауіптенсе керек. Бардым. Тапсырма берді. – Қазақ халқының салт-дәс­түрлері, дархан дастарханы, тұр­мысы мен мәдениеті туралы ел аузындағы ескі әңгімелерді жина. Бүгіннен бастап осы шаруаға кіріс! – деді. Қаперімде жоқ нәрсе, қапелімде не дейін, қатты әбір­жідім. – Өзаға, мен облыстық газетте жауап­ты хатшымын ғой. Өзіңіз білесіз, оның жұмысы көп. Сіздің тапсырмаңызбен ай­налысуға уақыт бола қояр ма екен? – дедім. – Жауапты хатшылықты басқа біреуге тапсыр. Бірақ сол айлықпен еркіндеу жүретін бөлімге ауысасың. Редакторыңа өзім айтам! – деді Өзағам. Келістім. Редакцияға келгенімше редакторыма тапсырма беріп қойыпты. Нұқы аға қуанғаны сонша құшақ жая қарсы алды. «Өзағаңның тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындамаса ұят болады!» деп ойладым да құлшына кірістім. Мұн­шама міндетті маған неге жүктегенін кейін түсіндім. Жас кезімде ағаш шебері болсам деп армандағам. Армандап қана қоймай, ұста болам деп ұмтылғаным бар. Өз жиһазымды өзім жасап, үй ішіне қойып қоя­тын­мын. Үйлендім. Перзентті бол­дым. Кіндігі кесілген жас баламды бөлей­тін бесікті өзім жасадым. Баламнан несін аяйын, барымды салып өрнектедім. Сол бесікте екі қыз, төрт ұлым тербеліп өсті. Өза­ғаңның ұйымдастыруымен ашыл­ған облыстық өлкетану музейіне алты балам жатқан ақ бесікті тапсырған бола­тынмын. «Мынадай бесікті жасаған ұста­ның ұлттық рухы бар» деп ойлаған-ау шамасы. Мені тауып алып, тапсырма бергені де сол екен. Көрегендік емей немене?

Қандай қажеттілік?

Амангелді ауданында өтетін шо­пандар тойына бара жатқан Өзағаң қасқа жолдың қақ маң­дайын­дағы «Добро пожаловать!» деген жазуды көзі шалады. Алды­нан шыққан аудан басшы­сы­на: «Келген меймандарды орысша­лап қарсы алу қандай қажеттіліктен туды?» – дейді де үндемейді. – Шопандардың алдында оқи­тын баян­дамаң дайын ба? – дейді. – Дайын. Мінеки. Көз жүгіртіп қараса, орысша жа­зылып­ты. – Қанша орыс қойшы бар? – деп сұрайды Өзағаң. – Орыс қойшы жоқ. Бәрі – қазақ. – Қазақ қойшыларының ал­дын­да орыс­ша баяндама жасау қандай қажеттіліктен туды? – дейді де баяндамасын көз алдында жыр­тып тастайды. – Қазір барғасын қазақша сөй­лейсің! Ауданның бірінші хатшысы қара терге түсіп қазақ тілінде ауызша айтып шығады. Тілінің ұшынан емес, жүрегінің ішінен шыққан табиғи сөзге күллі шопан қол соғып риза болыпты. Шопандар тойынан соң Өзағаң Ар­қа­лыққа қайтып бара жатып ар­тына бұрылып қараса, қасқа жол­дың қақ маңдайына «Қош кел­діңіздер!» деп жазып қойыпты.

Жүрек жұтқан адам

Іс-сапармен Отар стансасына бар­дым. 1985 жылдың желтоқсан айы. Ша­ғын қонақ үйде орын жоқ. Енді қайттім? – Люксте бір кісі жатыр. Соның ауызғы бөлмесінде бір диван бар. Соған жатасыз ба? – деді қонақ үйдің қожайы­ны. – Жарайды. Жайғастым. Бейтаныс кісімен аман­дас­тым. Екі көзінің нұры бар егделеу ер азаматпен таныстым. Аты-жөні – Тас­темір Байтелиев. Жалын атқан жас кезінде Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің құзырында бөлім меңгерушісі боп істепті. Қазір Жамбыл облыстық тұтынушылар одағының төрағасы екен. Жөн сұрастық. – Қайдан келдің? – Алматыдан. – Туған жерің? – Шымкент облысы. – Оның қай жері? – Шәуілдірден. – Е-е, Өзбекәлі Жәнібековтің ауылынан екенсің ғой! – деді де әңгіменің тиегін ағытты. – Москвада өтетін бүкілодақ­тың бір жиынға Қазақстаннан 150 комсомол-жас бару керек болды. Олардың қайсысы қай облыстан, туған жылы мен ұлтын көрсетіп жазылған тізімді Өзекеңнің алдына апардым. Шұқшиып қағазға үңілді. Қарасам саусақ бүгіп санап отыр. Нені? Кімді? Білмеймін. Бір кезде алдында жатқан дәу қара қайшымен әлгі апарған қағазды турап-турап тастады да, «Мәскеуге ба­ра­тын 150 делегаттың жүзге жуығы орыс ұлтынан. Бұл қалай? Мәскеудегі орыстарға орыс апарып, орыстарды таңғалдыра алмайсың, – деді жай ғана жабыр­қау үнмен. – Жүз орыстың орнына жүз қазақ дайын­даңдар. Қалғаны басқа ұлт болсын!» Айтты – бітті. Тапсырманы тастай қып орындадық. Өзағаңның мұндай батыл қимылы ерлікпен пара-пар еді. Жүрек жұтқан адам ғой.

«Айқаракөз», Мәдина!

Қызылордадағы музыка учили­щесі­нен кейін Алматыдағы қыздар педагогика институтының музыка факультетінде оқып жүрген жас әнші Мәдина Ералиева «Ақбаян» әнімен әйгілі бола бастады да, кейін көгілдір экраннан көрінбей ізім-қайым жоғалды. Мәдина қайда? Не істеп жүр? Ешкім білмейді. Хабарсыз. «Ешкімге ұқсамайтын ерекше даусы бар еді, әншілікті бекер қойды-ау» деп уайымдап жүргенімізде бұлт арасынан шыққан алтын Айдай боп көрерменнің көзайымына айналды. Ақын Жарасқан Әбдір­ашевтің өлеңіне жазылған ком­пози­тор Қалдыбек Құрманәлінің «Кір­меші жиі түсіме» сияқты әсерлі әндерден кейін халық әні «Айқа­ра­көзді» орындап, бар көрерменді баурап алды. Бір ән кешінен кейін Мәдина екеуміз әңгімелестік. Өткен-кеткенді қозғап сырлас­тық. – «Ақбаян» әнімен атың жер жарды да, артынша көрінбей кеттің ғой. Себебін айтшы, неге? – деп сұрадым. – Мен жоғалайын деп жоғалды дейсің бе? Жолым болмады. – Жолың болмағаны қалай? –Қос диплом қолымда. Барма­ған жерім, қақпаған есігім жоқ. Мені ешкім жұмысқа алмайды, не «Қазақконцерт», не филормония, не театр… Бәрінің айтатыны: «Дауысың баланың дауысы сияқты. Детский дауыс» – дейді. Тауым ша­ғыл­ғасын ағалардың ақылымен кандидаттық диссертация қорғау үшін ғылым академиясына жұ­мыс­қа тұрдым. Тақырыбымды белгілеп, ғылым академиясының архивінде отырсам, Өзбекәлі аға өтіп бара жа­тыр екен, амандастым. Шыра­мытып тұрған кісідей бетіме қарап тұрды да: «Мәдинасың ба?» – деді. Мен бас изедім. «Мұнда неғып жүр­сің?» деді. «Диссертация қор­ғайын деп жүрмін, аға», – дедім. «Сенің бағың ғылымда емес, сахнада. Диссертация қорғамай-ақ қой, көп болса Қазақстанда бір ғалым кем болар. Ертең сағат он бірде маған кел!» – деді. Жүрегім алып-ұшып айтқан уақытында жеттім. Ол кезде Өзағаң Алматы облыстық атқару комитеті төраға­сының қатардағы орынбасары болатын. Бағым жанды. Өзағаң құрған «Адырна», «Сазген» фоль­клорлық ансамблінің белді мүшесі боп, әнім арқылы әлемді шарла­дым. Гастрольдік сапармен қан­шама шетелдік көрерменге концерт қойдық. – Айналайын Мәдина, оның бәрі белгілі. Ал тыңдармандардың аузын ашып, көзін жұмдырып таңғалдырған «Айқаракөз» әнін таңдауыңның тарихын айтшы. Жұрт білсін. – Ол әнді орындау ойымда жоқ. Бір күні Өзағам: «Халықтың жүрегінен туған «Айқаракөзді» орындап көрсең қайтеді?» –деді. Күтпеген нәрсем. Ойланбастан «Ой, аға, ол ән – өте күрделі ән. Менің даусыма келмейді!» – деп басымды ала қаштым. «Айқаракөз» сені шыңға шығарады. Орында!» – деп нұсқау бергендей сыңай танытты. Тәуекелге бел буып дайындалдым. Сан мәрте репе­тиция­ма қатысты. «Мына жерін олай айтпа, былай айт!» – деп қо­ңыр даусымен қосылып әндет­кенде, біраз нәрсені біл­мей­тініме ұялдым. Егер Өзбекәлі Жәні­бе­ков болмағанда, әнші ретінде бағым жанар ма еді, жанбас па еді? Бір мен ғана емес, бар қазақтың бағын ашуға барын салған ағамыз көреген ғой, көреген.

Қазақтың қаны

Жаңадан ашылған Торғай облысы­ның әлеуметтік, мәдени мәселелерін шешу мақсатымен ай сайын Алматыға келіп «Қазақстан» телеарнасы арқылы «Арқалықтан сөйлеп тұрмыз!» атты хабарды Өзағаңның өзі жүргізіп отырған. Не үшін? «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» өмір сүруіне болатын еді ғой. Жоқ, Өзағаң өйтпеген. Ұлты үшін ұм­тыл­ған, жаны жай таппаған. Вальс ко­ролі Шәмші Қалдаяқов пен жас ақын Мұхтар Шахановты облысқа шақырып, Торғай туралы ән шығаруды тапсырады. «Қосылған қос өзен секілді» екі дарын­нан ерекше ән туады. Әннің аты – «Ар­қалықтың ақ таңы». Әнді Өзағаң құрған «Шертер» атты этнографиялық-фольклорлық ансамбльдің жас әншісі Отаркүл Мұқатова алғаш рет орындап, ол ән Торғай облысы­ның гимніне ай­налады. Қазір бұл әнді Жұбаныш Жексенұлы шыра­йын келтіріп шырқап жүр. Әйгілі композитор Әсет Бей­сеу­ов: – Шәмші аға, «Арқалықтың ақ таңын» жақсы шығарыпсыз. Құтты болсын! – десе, жарықтық Шәкең: –Торғайға барсаң әніңді сайлап бар. Әйтпесе Жәнібеков бөлмеге қамап қойып, ән шығарғанша шығармайды! – деп әзілдесе керек. Олай дейтін себебі де бар. Өнер адамдары, оның ішінде Шәмші Қалдаяқовтай халық қошеметіне бөленген дара дарынды қамап, қадағалап ұстамаса қолдан-қолға тимей кетуі әбден мүмкін. Ондай да оқиға болған. Әдемі ән туып, қамап қойған «қапас» бөлмеден шыққан Шәмші ағамыз Алматыға қайтатын күні табылмай қалған. Жоқ. Қайда? Ешкім білмейді. Бір білсе Серік Тұрғынбеков біледі дегендердің жорамалдары дәл келіп, Серік ақын арқылы Шәкеңді оңай тауып алады да, Өзбекәлі Жәнібековтің кабинетіне алып келеді. – Бүгінгі рейстен қалып қой­дың, қашан қайтасың? – дейді Өзекең түнеріп. Не дей қойсын. Жарықтық Шәмші: – Бүгін қайт десе бүгін қайтам, ертең қайт десе ертең қайтам, арғы күні қайт десе арғы күні қайтам! – деп жау­ап қайыр­ғанда, қыртысы жазылмай отырған қиқар мінез Өзбекәлі Жәнібеков миығынан мырс етіп күліп жіберген екен.

Ұлттық бояу

Түркістан қаласына Әбунасыр әл-Фараби мен Абайдың, Шәмші Қалдаяқов пен Елбасының ескерт­кішін орнатқан талантты мүсінші Тілеуберді Бинашевті білесіз бе? Білесіз. Жауы­рыны жерге тимеген атақты палуан Қа­жымұқанның мүсінін жиырма жасында Орда­басыға орнатып аты шыққан айту­лы мүсінші, Өзбекәлі Жәнібековтің төл шәкірті. Күндердің күнінде сол Тілеуберді ұстазына мұң шағып: – Өзаға, – депті, – менің бір өкінішім бар! – Ол қандай өкініш? – «Москвадағы суретшілер ака­де­мия­сында оқысам, шіркін» деп арман­даушы ем жасымда. Қолым жетпеді. Басқа өкінішім жоқ, аға. – О жақта оқығаныңда қазақы қалпыңнан айырылып, ұлттық бояудан жұрдай болатын ең. Сені қайта Құдай сақтап қалыпты! – дейді Өзағасы. Расында да солай-ау?

Қаржысы жоқ қайраткер

Өзағаң зейнетке шыққан соң үкімет үш бөлмелі үй сыйлапты деген әңгімені естіп жаңа қонысына іздеп бардым. «Динамо» стадионы­ның қарсы бетінде, Интер­националь­ный көшесі, 120 үй. Екін­ші қабатқа көтеріліп, есік қақтым. Жеңешем ашты. – Құтты болсын! – дедім. Өзағаңның өңіне қарасам, енжар қалпы, ештеңеге қызығып тұрмаған сияқ­ты. Сыртқы есіктің қоңырауы қағылды. Кім келгенін білмеймін. Қалихан жеңгем есік ашты да, әлдебір әйелмен әжік-күжік әңгімелесті. Сосын екеуі бір бөлмеге кіріп кетті. Сәлден соң әлгі әйелді шығарып салып әңгімесін жалғастырды. – Еркін аға Әуелбековтің үйіндегі же­ңе­шем ғой, – деді. – О кісілер көрші ғой, біздің үстімізде тұрады. Қарыз сұрап келіпті. Іштей таңырқадым. «Ой, Алла-ай! Кезін­де Көкшетау, Торғай, Қызылорда облысын басқарған қайраткер қазақ Әуел­бековтің әйелі қарыз сұрап жүр ме?». – Бердіңіз бе? – Бізде де ақша жоқ, қайдан болсын? – деді жеңешем. Қолына ұстата қоятын теңгем жоқ. Сандығымда жинап жүрген алтын жүзік, сырға, білезіктерімді бердім. Сатып ақша қылыңыз. Қарыз емес, қайтармаңыз дедім. Шіркін, қайраткер ағаларымыз қалай өмір сүрген?! Бұл еліміз егемендік алған жылдардың басы болатын.

Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері