Үкімет кезекті рет дәрменсіз жағдайдағы банкті құтқарды. Бірақ бұл жолғы қадамында үлкен гәп бар: отандық емес, ресейлік банкке ел қаржысын төгіп отыр. Осы аптада мемлекеттік «Бәйтерек» холдингі мен «Сбербанк» тобы «Сбербанк Қазақстан» акцияларының толық пакетін сатып алу-сату мәмілесіне қол қойды. Үкіметтің банкрот қарсаңындағы банкті қаншаға сатып алғаны жария етілмеді. Ал сарапшылар мұның не үшін қажет болғанына бас қатыруда. Себебі сала дамыған: елде жалғыз емес, жиырмадан астам банк бар.Құзға құлағанды ұлықтағаны несі?
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі «Сбер» тобымен оның Қазақстандағы еншілес банкін сатып алу жөніндегі мәміле бекіткені 23 тамызда постфактум жария етілді. Бұған дейін түсініктеме беруден жалтарып келген. Яғни, мәміленің шарттары қоғамдық талқылауға шығарылмады. Халық қаржысын шашқан холдинг сол халықтың ақ батасын алмады. Оның үстіне, мәміленің егжей-тегжейін де жасырып қалды. Бұл ретте батыс санкцияларына іліккен және SWIFT халықаралық, банкаралық төлемдерді жасау және ақпарат беру жүйесінен ажыратып тасталған «Сбербанк Қазақстанның» банкрот алдында тұрғанын холдинг мойындамай, жоққа шығаруға тырысты.
– «Сбербанк» қазіргі геосаяси жағдайды басшылыққа алып және еншілес банк клиенттерінің мүддесі үшін әрекет ете келе, қазақстандық нарықтан шығуға шешім қабылдады. «Сбербанк Қазақстан» өтімділіктің жеткілікті қорына ие, кредиттік қоржыны жоғары сапалы. Ол көп жыл Қазақстанның қаржы нарығының негізгі қатысушыларының бірі саналады, – деп қол-аяғын жерге тигізбей мақтады холдинг.
Алтыннан қымбат, асылдан жоғары банк болса, неге онда Ресей Үкіметі мен акционерлері одан шұғыл түрде құтылуға ұмтылды? Жалпы, холдингтің оптимизмі «Сбердің» мәлімдемелеріне қайшы.
Ресей әскерінің Украинаға басып кіруіне байланысты АҚШ Мәскеуді жазалап, РФ-ның ең ірі қаржылық ұйымы саналатын «Сбербанкке» қарсы биылғы 6 сәуірде санкциялар енгізді. Оған сәйкес, банктің Америкадағы барлық активі бұғатталды. Азаматтарына бұл банкпен қандай да бір операция жүргізуге тыйым салды. Құрама Штаттардың санкциялық «қара тізіміне» «Сбер» тобының көптеген компаниясы, соның ішінде Қазақстан, Украина, Беларусьтегі еншілес банктері, Sberbank Europe AG кіргізілді. Соңғысын еуропалық билік толық банкроттау туралы шешім қабылдады. Өзге елдердегі құрылымдары да жабылып тынды. Тек Қазақстан Үкіметі ғана қолұшын созуды ұйғарды.
Жалпы, қазақстандық банктің ахуалы нашар екенін «Сбербанк» аға вице-президенті, Sberbank International блогының басшысы Тимур Козинцев күрсіне жария еткен-тін. Оның мәлімдемесін ресейлік Interfax басты.
«Санкциялар кесірінен қазақстандық «Сбербанктің» активтері 2 еседен астамға құлдырады. Соңғы екі жылда ғаламат жұмыс жүргіздік, активтерді екі еседен астамға ұлғайта алдық. Алайда санкция енгізілуі салдарынан біздің активтер небәрі 2 ай ішінде 2 еседен астамға бір-ақ құлады. Іс жүзінде біз екі айда соңғы екі жылдағы жетістіктерімізден айырылдық», – деген еді «Сбербанктің» аға вице-президенті.
2 жыл жиғанын 2 айда төккен банк
Холдингтің «Сбербанктің» кредиттік қоржыны жоғары сапалы» деген мақтауы шындыққа сай келмейтінін мемлекеттің ресми мәліметтері де көрсетті. Биылғы жартыжылдықта банктердегі қайтарылмайтын қарыздардың көлемі тағы 100 млрд теңгеге өсіп шыға келген. Ұлттық банктің дерегінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша төлемінің кешіктірілгеніне 90 күннен асып кеткен кредиттердің жалпы сомасы 769,7 млрд теңгеге жетті. Сөйтіп, жыл басынан, 2022 жылғы 1 қаңтардағыдан 100,8 млрд теңгеге немесе 15 пайызға артып шыға келген. Бұған ең көп үлес қосқандардың алғашқы бестігіне ресейлік үш банк енді. Атап айтқанда, «Сбербанк Қазақстанның» төлемі доғарылған кредиттерінің сомасы 96 млрд теңгеден асты, ал залалды заемдардың жалпы көлемдегі үлесі – 6,46 пайызға дейін ұлғайды.
«ВТБ Банкте» қайтарылмайтын қарыз – 9,8 млрд теңгені, үлесі – 8,4 пайызды, Eco Center Bank-те (бұрынғы «Альфа-банк») – 13 млрд теңгені, үлесі 8,37 пайызды құрады. Салыстыра кетсек, Jusan Bank-тен (11,24 пайыз) басқа отандық жетекші банктерде төлемі тоқтатылғанына үш айдан ұзаған несиелердің үлесі 4–5 пайыздан аспайды.
Бұл ретте АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Сберге мәмілелерді аяқтауға қосымша уақыт, яғни тағы үш ай бөлді: «Сбербанк Қазақстанды» сату мәмілелері қазан айына дейін аяқталуы шарт. Осылайша, «Сбербанк Қазақстан» 2022 жылғы 11 қазанға дейін ғана қалыпты жұмыс істей алатын. Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, OFAC 11 шілдеде банкке тиісті лицензия берді. Яғни, «Сбер» Қазақстандағы банкін осы мерзімге дейін сата алмағанда, ол банкрот болатын еді. Қаржылық реттеу агенттігінің түсіндіруінше, 11 қазаннан кейін «Сбербанк Қазақстан» штаттық режимді жұмыс істей алмай қалатын, клиенттерінің төлем операциялары, аударымдары өтпейтін.
Әйткенмен, Jusan Bank, Forte Bank сияқты қазақстандық өзге банктер қазанды күтпей-ақ, «Сбербанк» клиенттерінен теңгедегі төлемдер мен аударымдарды қабылдаудан бас тартты. Валютадағы аударымдар бұдан көп бұрын тоқтатылған-тын.
Сатып алды, не ұтты?
«Бәйтерек» холдингі дәрменсіз банкті неге сатып алғанын жете түсіндірмеді. Жалпы сөздермен шектелді. Ондағы айтылғаны: «Сбербанк Қазақстан» ұзақ жыл бойы отандық қаржы нарығының басты бір қатысушы болды. Сондықтан ол қаржы жүйесі үшін жоғары мән-маңызға ие.
«Сбербанк Қазақстанды» сатып алу туралы шешім қабылдағанда «Бәйтерек» холдингі оның елдің қаржы жүйесі үшін жоғары маңыздылығын бағалады. Банк меншігіндегі қазіргі заманғы инфрақұрылым мен технологиялар қысқа мерзімде банкті толыққанды жұмысқа қайтаруға және Қазақстан экономикасының нақты секторын қаржыландыруды бастауға мүмкіндік береді. Банк өзінің клиенттер алдындағы барлық міндеттемесін орындауды жалғастырады. Клиенттері үшін банк өнімдері бойынша барлық шарт өзгеріссіз қалады», – деп мәлім етті «Бәйтерек» холдингі.
«Бәйтеректің» мәліметінше, мәміле банкке операцияларды толық көлемде жаңартуға, төлемдер жүргізуге, сондай-ақ халық пен бизнес үшін өнімдер мен қызметтерді дамытуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Холдинг тіпті «Сбер» брендін де өзгертпеуге ниетті. Тиісінше, «Сбербанк Қазақстан» таяу арада халықтан қайтадан депозиттер тарта бастамақ. Дегенмен жуырда ғана дәл 90-шы жылдардағыдай «Сбербанктен» жинағын ала алмай, ұзын-сонар кезекте уақытын сарп етіп, жүйкесін жұқартқан жұртшылық оған кері орала қояр ма екен?
Бұл жерде холдинг «Сбербанк Қазақстанның» персоналын да сақтап қалмақ: «Қазақстан нарығында клиенттермен өзара іс-қимылдың 15 жылдан астам тәжірибесі жинақталған қызметкерлерінің кәсіби командасы өз жұмысын жалғастыратын болады. Тараптар мәмілені жақын арада жабуды жоспарлады».
Бірақ холдингтің бұл жалтарма, жуып-шайма түсініктемесі сарапшылар мен журналистер түгіл, былайғы жұртты да қанағаттандырмаса керек. Себебі өз саласы үшін жоғарғы мән-маңызға ие болған, салмақты орын иеленген қаншама кәсіпорын-компаниялар жабылып қалуда, Үкімет оларға көмекке келген жоқ. Сонымен бірге Қазақстанда мемлекетке жекеменшік банкті сатып алуға тыйым салынған болатын, ол тыйым осы «Сбер» үшін жойылды: 23 маусымда «Ашық НҚА» порталында Үкімет қаулысының жобасы жарияланды. Онда әлеуметтік шиеленістің туындау қаупін азайту үшін «Бәйтеректің» «Сбербанк Қазақстанды» сатып алатыны жазылды.
Экономист Марат Ерғозин бұған «Сбербанктің» шектен тыс тамыр жайып кеткені ықпал етті деген пікір білдірді:
«Агрессивті маркетинг арқасында «Сбер» тез арада қазақстандық банктерді артқа тастап, №2 орынға көтерілді. Әсіресе, солтүстік, шығыс, батыс жәны басқа облыстардағы бірқатар ауданда банк басқаларды ысырып шығарды. Тіпті, мақтанышымыз Kaspi банк те филиалдарын жапқан. Содан егер «Сбербанк» жабылып қалғанда, ол аудандар тосыннан банк қызметінсіз қалып, дүрбелең туындауы мүмкін еді. «Бәйтеректің» өзі бұл әлеуметтік кернеуді болдырмау үшін қажет дегенге келтірді. Мұның сыртында «Сбердің» «тегеурініне» көніп, көптеген мемлекеттік мекемелер соның қызметіне толық көшкен, миллиардтаған бюджет қаражаттары сонда ұсталған. Оларды жоғалту қаупі төнетін еді. Сол себепті Үкімет оны сатып алған оңай деп ұйғарған сыңайлы», – деді сарапшы.
Қаржыгер Мұрат Темірханов «Сбербанкті» сатып алу Жаңа Қазақстанда мемлекеттің экономикаға араласуын күрт қысқарту саясатына қайшы келетініне назар аудартады. Сондықтан алда «Бәйтерек» оны саудаға қоюы немесе отандық банктердің біріне қосуы мүмкін. Себебі холдинг әлі күнге дейін бұл банкті ары қарай қалай пайдаланатынын, перспектикасына қатысты көзқарасын да жария етпеді.
Экономист Арман Байғанов Azattyq Rýhy-на берген сұхбатында мемлекеттің бұл банкті амалсыздан сатып алғанын айтты: ол банкрот болғанда, бірде бір операцияны орындай алмай, кредит алғандар, депозит салғандар қиындыққа кезігер еді. Онда барлық проблеманы мемлекетке шешуге тура келеді. Ал «Бәйтерек» сатып алған соң санкциядан арылған «Сбербанк» бұрынғы жұмысын жалғастырады, өз клиенттеріне өзі қызмет көрсетеді. Осы арқылы салымшылар – халық, отандық бизнес және мемлекеттік компаниялар құтқарылады.
Қалай болғанда да, сарапшылар пікірі екіге жарылды. Банкрот болатын банктерді ел қаржысына құтқару әдетіне Үкіметтің қайта оралғаны қынжылтады. Дамыған елдерде бір банктің нарықта шектен тыс үстем жағдай иеленбеуін құзырлы органдар қадағалап отырады. Ал Қазақстанда банк секторы олигополияландырылған: бүкіл сектор активтерінің шамамен 66 пайызын бар-жоғы 5 банк астына басты. Олардың сапына «Бәйтерек» қосылмақ.