Қазіргі біздің қоғамда «элита» сөзі жағымсыз мағынада көбірек қолданылады. Яғни, тамыры мен көпшіліктен ажыраған, елдік мүддені ойламайтын, бұқара халықтан бөлек өмір сүретін топ ретінде сипатталады. Бірақ кез келген қоғамда тағдыршешті шешім қабылдауға жауапты, ұлттың болашағы туралы пікір қалыптастыратын, мемлекеттің даму бағытын анықтайтын, осы міндеттерді іске асыруға қажетті қабілеті, білімі, тәжірибесі, түсінігі мен тиісті дайындығы бар орта болуы қажет. Сол ортаны «элита» дейді.
Ұлттық элита қалай пайда болады, қалай қалыптасады?
Даму заңдылығы – баланың әкеден, келер ұрпақтың алдыңғы ұрпақтан ілгері болуын талап етеді. Олай болмаса, даму жоқ. Саналы әке артында қалар мұраға ие болатын ұрпақ тәрбиесімен мықтап айналысады. Мұрагердің денсаулығы мықты, түсінігі мен білімі мол, мұрагерлікке қажет қабілеті мен дайындығы бар, ең бастысы, әулеті мирас тұтатын құндылықтарға жанашыр азамат болуы қажет. Мұның барлығы өздігімен болатын, үйреншікті «бұйырғаны болар» деп ысыра салатын мәселе емес. Бұл – жүйелі, жоспарлы жұмыс талап ететін аса маңызды міндет. Сол сияқты ертеңін ойлайтын мемлекет, ұлы мақсаты бар есті қоғам елдікке мұрагер болатын жаңа ұрпақ дайындаумен айналысады.
Орта ғасырларда бұл қанмен берілетін, ұрпақтан ұрпаққа мұра болатын мәртебе еді. Қазір элиталар меритократиялық жолмен, яғни әр адамның қабілеті мен еңбегі негізінде қалыптасады. Сонымен бірге болашағын ойлайтын елдерде бұл процесс үйлестіріліп, ұйымдастырылып, бағытталып отырады. Әр жаңа ұрпақтың таңдаулы өкілдері осындай мәртебелі де жауапты міндетті саналы түрде таңдап, оған алдын ала дайындалып, лайық екенін дәлелдеу арқылы таңдаулы ортаға кіреді.
Көп ілгері дамыған елдерде ұлттық элитаны тәрбиелеу, кезең-кезеңмен дайындау, қалыптастыру процесі жүйелі жолға қойылған. Өкінішке қарай, мұндай дәстүр біздің тарихымызда бұрын болғанымен, қазір ол үзіліп қалды. Кезінде елдің игі жақсылары балаларын жастайынан елдік шаруаға баулитыны туралы әдебиеттен, тарихтан білеміз. Мәселен, Абайды билік пен елдік шаруаға баулыған Құнанбайдың мысалы белгілі. Қазір осы дәстүрді қайта жалғап, жалғастыру және тиісті деңгейде жолға қою – өте маңызды. Өз тілінде ойлап жаза алатын, төл мәдениетін терең таныған, сонымен бірге әлемнің де озық білімі мен тәжірибесін білетін қайраткерлерді, ұлт мүддесі мен елдік мұратқа қызмет ете алатын жаңа буын тәрбелеу жұмысын бізге де қолға алу керек.
Біз әлеммен қоян-қолтық араласамыз, түрлі саладағы ғаламдық процестің бөлігіміз. Білім беру де күннен-күнге ортақ халықаралық стандартқа келе жатыр. Қазір дүние жүзі елдері таланттар мен капитал үшін таласады. Біз сырттан капитал тартуға тырысамыз, ал экономикасы дамыған елдер біздің талантты жастарымызды өздеріне қарай тартқысы келеді. Соңғы жылдары «әлем азаматы» деген ұғым кең таралып жатыр. Ол ұғым кейбір ресми құжаттарға, жоспарлар мен стратегияларға да кіріп кетті. Бірақ біз мына дүниені ұмытпауымыз керек. Әлем азаматы – Қазақстан азаматы емес, ол мемлекеттік шекара, ұлт мүддесі дегенді мойындамайды. Қазіргідей жаһандану процестері өте жылдам жүріп жатқан кезеңде талантты жастарды ел игілігі мен болашағына жұмыс істеуге жұмылдыру – үлкен міндет. Мәселен, біз тәжірибесіне жиі жүгінетін Ұлыбритания мемлекеті осы істі ғасырлар бойы дамытып, әлі күнге жүйелі түрде іске асырып келе жатыр. Оның өзегі, негізгі құралы, қазіргі тілмен айтқанда, платформасы – білім беру жүйесі. Білім беру жүйесі тек білім берумен шектелмей, мемлекеттің негізін нығайтып, қоғамның қуатын арттыратын болашақ элита тәрбиелеуді міндет ретінде таниды. Осы бағытта жұмыс істейтін арнаулы мектептері бар. Ол мектептердің тарихы бірнеше ғасырға жалғасады.
Атап айтсақ, ағылшын қоғамында Boarding School (жатып оқитын мектептер) тәжірибесі кең таралған. Балалар 13 жасынан бастап ата-анасынан ажырап, мектепте оқып, сол мектепте тұрады. Оларды Ұлыбритания азаматы, патшайымның өкілі ретінде қызмет істеуге жастайынан дайындай бастайды. Мұндай мектептердің өз дәстүрі, сырт көзге ерсі көрінуі мүмкін ритуалдары, символикасы, оқушылар арасындағы иерархиясы, қатаң қарым-қатынас ережелері болады. Кейбір мамандар бұл мектептерді ортақ, ұлы мақсатқа жан-тәнімен берілген ұйым деп те сипаттайды. Оқушылар кез келген мамандық таңдауы мүмкін. Бірақ бастысы, өз елінің, ұлтының жаңа өкілі екенін жете түсініп, танып, өздері бір сөзбен «джентльмен» дейтін мәртебіні өмір бойы үлкен абыроймен алып жүруді санасы мен бойына сіңіреді. Осындай азамат тәрбиелеу процесін бағыттайтын, тиісті мазмұнмен толтырып, мағына беретін – ұстаз. Әлі күнге дейін осындай мектептерде білім алған азаматтар Британ саясаты мен іскерлік орталарда, мемлекет мүддесін қорғауда басты рөл атқарады, алдыңғы шепте жүреді. Оларға бұл міндетті бала кезінен теліп өсіреді, сондықтан олар өмір бойы оны абыроймен алып жүруді және сол міндетті өз ұрпағана мұра етуді міндет деп біледі.
Мұндай мектептер математика, физика, химия мен биология емес, тарих, тіл, әдебиет, философияны оқытуға аса үлкен мән береді. Өйткені біз «гуманитарлық ғылым» деп атап жүрген мазмұнмен байланысты пәндер болашақ азаматтардың түсінігін, ұстанымын қалыптастырады. Өкінішке қарай, бізде соңғы жылдардағы екпін гуманитарлық емес, математика мен жаратылыстану пәндеріне (физика, химия, биология), информатика мен ағылшын тілін оқытуға түсіп кетті. Ана тілін, әдебиет пен тарих, өлкетану, философия секілді ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын пәндерді оқыту екінші кезекте қалып қойды. Бізге осы мәселеге көңіл аударатын уақыт келді. Ұлттық элитаны қалыптастыруға қажет білім мазмұнын жүйелі негізде дайындап, ұлттық мектептер желісін қалыптастыру қажет деп ойлаймыз. Мұның барлығы бір кезеңде бола салатын шаруа емес. Бұл – тұрақты, сабақтаса жалғасатын, ұдайы дамитын процесс болуы тиіс.
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,
Bilim Media Group компаниясының
негізін қалаушы, қоғам қайраткері