Соңғы шақырымдардың «шатағы»
Соңғы шақырымдардың «шатағы»
© коллаж: Елдар Қаба
232
оқылды
Кәсіпкерлер көп жылдар бойы кірмежолдарға вагон жіберу тарифінің тым жоғары екенін айтып, талай рет арызданған. Бірақ құзырлы органдардың, монополист мекемелердің артында тұрған «кесек тұлғаларға» құзыреті жүрмеді ме әлде басқадай себебі болды ма, әйтеуір жүк жөнелтушілердің сынынан ешқандай нәтиже шыға қоймаған. Үкімет бұл мәселені шешуге тек Қаңтар оқиғасынан кейін ғана шындап кірісе бастады. Үкіметтің пәрмені күшті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қаңтарда биз­нес өкілдерімен кездесуінде на­рықтық экономиканың базалық принциптеріне қайшы келетін жа­санды монополияны қатты сы­наған. Сонда корпоративтік жем­қорлық пен жосықсыз бәсе­ке­лес­тіктің кәсіпкерлер иығына бат­пандай салмақ түсіретінін және ел ішінде бағаның өсуі мен инфля­цияның артуына әсер ететінін айтқан еді.
«Теміржол желісінде соңғы шақырымдар деп аталатын кірме жолдардың мәселесі жеке талқы­лауды талап етеді. Біз бұл жағдайды талай рет шешпек болғанбыз, бі­рақ әркез әлдекімдердің жеке мүддесі үстем болып шығады. Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл мәсе­лені түбегейлі шешуі тиіс» деген еді Президент.
Осыған орай, Қ.Тоқаев жа­уап­ты органдарға экономиканы мо­нополиясыздандыру туралы тап­сырмасы берді. Оның ішінде теміржол нысандары мен ұйым­дарының жекешелендірілуіне, жеке операторлардың құрылуына қатысты тексеру жүргізілді. Нә­тижесінде, бірқатар комму­ника­циялық, инфрақұрылымдық және өндірістік компаниялар мемле­кеттің қарамағына көшті.
«Мемлекет меншігіне қайта­ры­латын компаниялар теміржол инфрақұрылымының ішіне дел­далдардың кіріп кетуіне жол бер­мейді және бизнестің аталған қыз­метке төлейтін ақысын азай­та­ды», – деді Премьер-Министр Әли­хан Смайылов экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысында.
Тексеріс нәтижесі бойынша, 120 субъектінің, оның ішінде еліміздегі ең ірі кірмежол тармақ­тарының иесі «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның тарифтері төмендетілді. Бұдан кейін Үкімет іле-шала бұл саланы толықтай монополиясыздандыру туралы шешім шығарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов осы іс-шара­лар­дың арқасында мемлекетке жал­пы құны 57 млрд теңге болатын 600-ден астам кірмежолдар қай­тарылғанын жеткізді.
Соңғы шақырымдарды мем­лекет меншігіне қайтарудың шы­ғынды өтеп алуға қатысты тікелей пайдасынан басқа әлеуметтік-экономикалық әсері де зор. Мә­селен, теміржол тасымалдаушы­лар­дың тарифі 2200 теңгеден 147 тең­геге дейін 14 есе кемітілді. Қыл­мыс­тық схемалардың артын­да тұрған ықпалды адамдар та­риф­ті әлденеше есе көтеру арқылы заңсыз тапқан табыстарын шетел асыратын бол­ған», – деді Олжас Бектенов.
Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, «соңғы ша­қырым» деп жекелеген кәсіпорын­дарға, ұйымдарға, мекемелерге қызмет көрсетуге арналған кір­межолдарды айтады. Ол жалпы те­міржол желісіне жанама тармақ­тар арқылы жалғанады. О.Бектеновтың айтуынша, жеке тұлғалардың қолына көп мөлшерде экономикалық ресурс­тардың шоғырлануы және оларды мемлекет меншігіне қайтару мә­селесі Президенттің бақылауына ерекше алынған. Соның арқасында жекенің еншісіне заңсыз тиген 430 млрд теңгенің активі мемлекетке қайтарылған. Соңғы шақырымдардың та­рифі кейде жүкті басқа өңірлерден жеткізу шығынынан әлденеше есе асып кеткен. Тіпті, кейбір компа­ниялар кірмежолдарды ұстап отырған монополистерге жылына 100 млн теңгеге дейін ақы төлеуге мәжбүр болған. Егер әр кірме­жолдың үстінде бірнеше кәсіпорын орналасқанын ескерсек, моно­по­лист мекеме әр кірмежолдан жы­лына әлденеше миллиардтаған ақша «сауып» тұрған. Мәселен, Алматыдағы «Өндірістік» учас­ке­сінде мыңдаған вагондарды жө­нелтіп-қабылдап отырған 38 зауыт бар. Монополист осы учаскеден бір жылда 3 млрд теңге жинайды. Ал бүкіл республика бойынша есептесек, өндірісшілердің оли­гарх­тарға жыл сайын төлейтін ақысы жүздеген миллиардтан асып кететіні сөзсіз. Монополистердің асқақтап кеткені соншалық, тіпті кей жағдайда кірмежолға вагон беру құны жүкті мың шақырымнан алып келген бағадан да асып кетеді. Бұл енді көпқабатты үйде пәтеріңнің алдынан шлагбауым қойып, одан әрі-бері өткендерден ақша талап еткенмен бірдей. Біздегі бизнестің жағдайы осы. Кәсіпкерлер кірмежолға кіріптар болған Экономист Мақсат Сералы кір­межолдардың мемлекет мен­шігіне берілуін жақсылыққа ба­лай­ды. Оның отандық бизнес үшін де, жалпы ел экономикасы үшін де жағымды жақтары көп екенін айтады.
«Тауардың өзіндік құнына әсер ететін бірнеше фактор бар, соның бірі – тасымал бағасы. Ал енді кір­межолдар жеке операторлардың қоластына болғандықтан тасымал тарифін қанша есе өсіріп қоямын десе де өздері біледі. Кәсіпкер­лердің оған көнбеске шарасы жоқ, өйткені олар өнімін та­сымалдау үшін кірмежол иелеріне тәуелді. Нәтижесінде, жүк тасы­мал­даушы жоғарғы тарифтің бір бөлігін тауар құнына қосады, сөй­тіп бұл та­уардың қымбаттауына соқтырады. Ал кірмежолдар мем­лекет мен­ші­гіне берілген кезде орташаланған бірыңғай тариф бекітіледі және ол монополист бел­гілеген бағадан әлдеқайда тө­мен болады», – дейді экономист.
Мақсат Сералының пікірінше, бұл тасымалданатын жүктің есебін жүргізу үшін де қолайлы. Өйткені бізде ішкі-сыртқы тасымалға қа­тысты құзырлы органдар жүргізген есеп бір бөлек, бизнестің есебі бір бөлек, тәуелсіз сарапшылардың есебі бір бөлек. Бір сөзбен айт­қан­да, былық. Сондықтан кірме­жол­дардың мемлекет меншігіне өтуі арқылы есептілікті де бір жүйеге келтіру мүмкіндігі бар. «Көліктік сервис орталығы» АҚ кірмежолдарды жекеше­лен­діріп алғаннан кейін, отандық зауыттарға вагон беру тарифін орташа алғанда 4 есе өсірген, тіпті 118 есе қымбат­татқан кездері де болды. Кәсіп­керлер өз учаскеле­ріне төселген тармақтарды өздері-ақ сатып алар еді, бірақ оған мүм­кіндік берілмеді. Сөйте тұра, көл­денеңнен келген көк аттының зауыт-фабрикаларды айналып өтіп, кірмежолдарды өз­дері қалай жекешелендіріп алған­дары түсі­ніксіз. Ал осыдан кейін жүк жө­нелтушілер көтеріңкі та­рифпен келіспейтін болса, моно­полист теміржол тармағын жауып тастап, кәсіпорынның өнімін өт­кізуге, сырттан құрал-жабдықтар мен ши­кізат әкелуге тосқауыл қоя салады. Ол аз десеңіз, «Көліктік сервис ор­талығы» АҚ жол жабылған уа­қытты «табыстан қағылған кезең» ретінде бағалап, бірнеше зауытқа 80 млн теңгеден айыппұл да салған. Міне, осындай кесапаттан арылу үшін Үкіметтің 20 сәуірдегі қаулысына сәйкес «Көліктік сер­вис орталығы» АҚ-ның 100 пайыз акциясы мемлекет меншігіне өтті. Бірақ дәл соның алдында ғана «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы» АҚ 6 жалғаушы теміржол тармағын «Көліктік сер­вис орталығы» АҚ-ға беріп жі­берген. Ал ол өз кезегінде тарифті көтеріп, оған жылжымалы құрам­ды жіберуді шектеген. «Көліктік сервис орталығы» АҚ өзіне тиесілі тармақтарды пай­далануға тек санаулы оператор­ларға ғана рұқсат еткен. Соның бірі – KazJolTrаns ЖШС. Моно­по­лист мекеме серіктестіктің мүддесі үшін осы кірмежолға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен Қостанай облысындағы басқа да 45 бизнес субъектісі вагондарының кіріп-шығуына тосқауыл қойған» делін­ген Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің баспасөз қыз­меті таратқан ақпаратта. Осыған байланысты монопо­лияға қарсы орган KazJolTrаns ЖШС мен ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-на ескерту жасап, «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның жұмы­сына тексеру ұйымдастырған бола­тын. «Темір Триумф» ЖШС-на тие­сілі соңғысының 100 пайыз ак­циясын мемлекет меншігіне бе­ру мәселесі осыдан кейін біржола шешілген. Өйткені республикадағы ең ірі кірмежол иесінің соңғы ша­қырымдарды бауырына қалай басып қалғандығына күдік көп. Мәселен, «Көліктік сервис орта­лығы» АҚ құрылған 2015 жылы 318 кірмежолды бар болғаны 1,7 млрд теңге сатып алған. Ал одан беріде бүгінге дейін барлығы 705 тармақ­ты өзіне қаратып үлгерген. Са­рап­шылардың айтуынша, олардың көпшілігі рейдерлік жолмен, әді­летсіз сот шешімдерімен келген, кейде тіпті мүліктің заңды иесінің келісімінсіз өз атына жаздырып алған. Осыған қарағанда жекемен­шікке заңсыз өтіп еткен әлі қан­шама кірмежолды мемлекетке қай­тару үшін талай-талай сот тар­тыстары болатыны сөзсіз.