Заман – оқығандыкі. Солай екенін түсінді ме, қазір ата-аналар барынша білім алуға бейім. Жол көрсетсең қатесін түзеуге дайын. Әрине, мұның бәрі баланың дұрыс дамуына ден қойған ата-ананың іс әрекеті. Осы орайда биыл шамамен 410 мың баланың мектеп табалдырығын аттайтынын ескеріп, белгілі нейропсихологпен сұхбаттасуды жөн көрдік. Клиникалық балалар психологы Айнұр Алдаштың айтуынша, балаға қолдау көрсету мен мақтау ерекше күш береді.– Айнұр ханым, баланың мектепке баруға дайын екенін неден байқауға болады? Өйткені басында тақпақ жаттап, ынталанып жүрген бала кейіннен мектепке барғысы келмейтін жайт кездеседі.
– Біз, ата-аналар көбіне «балам оқи алса, жаза алса, есеп шығара алса, мектепке баруға дайын» деп ойлаймыз. Шын мәнінде, баланың мектепке дайындығы – өте ауқымды тақырып. Жоғарыда айтқандай, жаза алу, оқи алу интеллектуалды дайындыққа жатады. Ал баланың дайындығын бірнеше критерий бойынша тексереміз. Мәселен, интеллектуалды, психологиялық, физиологиялық және нейрофизиологиялық критерийге қараймыз. Мысалы, бала есепті жақсы шығарғанымен, өз бетімен жейдесінің түймесін қадай алмайды. Яғни, ұсақ моторикасы өте нашар болуы мүмкін. Одан бөлек, баланың координациясы нашар болғаннан, жол жиектемесімен жүре алмайды. Бала интеллектуалды тұрғыда мықты, бірақ эмоционалды интеллекті төмен болатын жайттар да бар. Мысалы, басқа балалармен қарым-қатынас құруда қандай да бір қиындыққа тап болуы мүмкін. Мұғаліммен субординациясы нашар болуы мүмкін. Яғни, тізбедегінің бәрі баланың психологиялық дайындығына жатады. Сондықтан баланың оқуына, жазуына, жазу үлгісіне ғана мән бермей, жоғарыдағыны да қаперге ілген жөн деп ойлаймын. Не үшін басында тақпақ жаттап жүрген бала кейіннен мектепке барғысы келмей қалады? Біріншіден, 1-сыныпқа барған бала бейімделу кезеңінен өту керек. Бейімделу кезеңі бір айдан жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан 1-сыныпта баланың «мектепке барғым келмейді» деуі қалыпты.
– Сіздіңше, баланы қай жаста және қандай дағдыны меңгергенде мектепке беру керек?
– Физиологиялық тұрғыдан алатын болсақ, баланың мектепке дайын болу жасы – 6 жас 8 ай мен 7 жас. Яғни, осы жас аралығында баланы мектепке берген дұрыс. Өйткені өзін ұстауына, бақылауына, зейін шоғырландыруына, берілген тапсырманы орындап отыра алуына мидың маңдай бөлігі жауап береді. Ал ол бөлік жеті жасқа бірнеше ай қалғанда қарқынды дамиды. Яғни, қазір 1-сыныпқа барған алты жасар балалардың көбі – әлі ойын баласы. Сондықтан 1-сыныпты балаға мейлінше жеңілдеткен жақсы. Қазір сол процесс жүріп жатқанына қуанамын. Мысалы, «Әліппені» қайтарды. Оқушыға 1-сыныпта баға қойылмайды, қандай да бір қорытынды шығармайды. Биыл мектеп табалдырығын аттаған бала үш тілде емес, ана тілінде білім алады. Соның барлығы баланың бейімделуіне көмектеседі. Кейінгі сұраққа келсек, балада қандай дағды қалыптасу керегін қарастырайық. Ең бірінші, баланың зейінін тұрақтандыру маңызды. Ал зейін дегеніміз не? Мысалы, мұғалімнің айтқанын, тапсырмасын тыңдап отырып, оған зейін қоя алуы. Бұл – өте маңызды. 1-сыныпқа барарда балада аталған дағдыны барынша дамытқан жөн.
– Ата-аналардың көпшілігі білім күні жақындаса, базарға асығады. Негізінен, мектепке дайындықты неден бастаған жөн?
– Меніңше, мектепке дайындықты физиологиялық критерийден бастаған жөн. Алдымен, баланы медициналық тексерістен өткізген дұрыс. Ал біз өз кезегімізде қалай істейміз? Мектепке аз қалғанда, құжат тапсырар кезде тез-тез медкомиссиядан өтеміз. Сонымен, бітті. Негізінен, денсаулығының мықты екеніне барынша көз жеткізген абзал. Баланың көзі дұрыс көре ме? Себебі қазір барлық бала гаджетке тәуелді. Құлағында қандай да бір ақау бар ма? Бойында дәрумен жетіспеушілік бар ма, жоқ па, тексертейік. Мәселен, маған қаншама бала консультацияға келеді. Ата-аналары сөйлесу барысында «балам еріншек, сөйлегісі келмейді» деп айтады. Ал шынына келгенде, баланың көзі анық көрмейді немесе мұғалім айтқан кей дыбысты дұрыс естімей жатады. Себебі дыбысты естуінде қандай да бір кінәрат бар. Сондықтан міндетті түрде баланы медициналық тексерістен өткізген жөн. Екіншіден, мектепке баратын бала барлық дыбысты айта алуы керек. Мысалы, бес жасқа келген бала 42 әріпті дыбыстауы тиіс. Қазір кейбір балалар жасы жетіде болса да дұрыс сөйлемейді, кей дыбысты айта алмайды. Ал бала бес, бес жарым жасқа дейін дыбыстың бәрін меңгеруі қажет. Осы уақыт аралығында дыбыстай алмады ма, демек логопедтің көмегіне жүгінесіз. Өйткені дұрыс сөйлей алмайтын, дыбыстай алмайтын балалар ертең диктантты да қатесіз жаза алмайды. Міне, аталғанның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Үшіншіден, баланың ортасымен, әлеуметпен етене араласуын қадағалаған дұрыс. Мәселен, балабақшаға, қандай да бір дамыту орталығына бармаған бала мектепке барғанда қиналады. Сол үшін баланы қатарластарымен араласуға бейімдеп, көпшілік ортаға үйреткен жөн.
– Осы ретте балабақша, мектепалды даярлық сыныбы, мектеп үштігі байланысына тоқталсаңыз. Себебі баласын алдыңғы екеуіне апармай-ақ бірден мектепке беретіндер бар.
– Меніңше, баланы нөлінші сыныпқа беру міндетті емес. Оны ата-ананың өзі шешеді. Бірақ балабақшаға бару міндетті деп ойлаймын. Балабақшаға барған балада әлеуметтік интеллект жоғары болады. Ал әлеуметтік интеллект дегеніміз не? Ол – достасу, ойнау, басқа баламен қарым-қатынас жасау. Мысалы, қарым-қатынас жасаудың өзіне топтық жұмыс, бәсекеге түсу, ойыншықты бөлісу кіреді. Осылайша, балабақшаға барған баланың эмоционалды интеллектісі де талапқа сай дамиды. Өйткені топта 20 бала болса, 20 түрлі эмоция бар деген сөз. Бала соның бәрімен танысады. Бастысы, балабақшада ережеге бағынуды үйренеді. Байқасаңыз, мектеп те ережеге бағыну. Мәселен, мұғалімнің айтқанын орындайсың, сабақ оқисың. Аталған әрекеттің алғышарты балабақшада басталады. Сондай-ақ балабақшаға барған бала өзімен-өзі жүре алады, жеке шекара дейтін ұғым да қалыптастады. Яғни, санасында «менің жеке шкафым, аяқкиімім, төсегім, киімім бар» дейтін ұғым пайда болады. Осының бәрі мектепке барғанында тезірек бейімделуге жәрдемдеседі.
– Мүлдем мектепке барғысы келмейтін баланы қалай қызықтыруға болады?
– Мотивация дейтін түсінік бар. Жалпы, 1-сыныпқа баратын баланы алсақ, онда оларда құлшыныс бар. Аздап болса да, мотивация болады. Тіпті, оқуға құлқы жоқ болса да, жаңа киімдеріне және оқу құралдарына қарау ол үшін мотивация. Егер бірте-бірте мектепке бейімделе алмаса, балада мотивация деңгейі түседі. Психологияда «мектеп неврозы» дейтін түсінік тағы бар. Демек, бала алғаш мектепке баратын кезде іштей қорқады. Бірде іші ауырады, бірде басы ауырады. Бұл мектеп неврозы деп аталады. Міне, осы сәтте баланың не үшін мектепке барғысы келмейтінін түсініп алған жөн. Мүмкін, бала сәтсіздіктен қашатын шығар. «Екі не үш дейтін баға алсам, ата-анам ұрсады» деп ойлауы мүмкін. Мұғалімнен немесе сыныптағы біреуден қорқады. Әлде тақтаға шығып жауап бергеннен ұяла ма? Алдымен, мектепке барғысы келмеуінің астарында жоғарыдағы себепке ұқсас жайт бар-жоғын анықтаймыз. Енді қалай қызықтыруға келсек, еске түсірейікші, үлкендер мектеп туралы қандай әңгіме айтады? Сол әңгімеден бала мектеп тек жазалайды әрі бағалайды деп түсінеді. Негізінен, бала мектептен келгесін оған дұрыс сұрақ қойып үйренген дұрыс. Біз одан не сұраймыз? Әрине, көпшілік не жегенін және қандай баға алғанын сұрайды. Содан оның санасында «мектепте баға қояды, ал тапсырманы дұрыс орындамасаң жазалайды» деген түсінік қалыптасады. Осылай ойлайтын баланың мектепке баруға құлшынысы төмендері хақ. Осы орайда ата-аналарға айтарым, баламен сөйлесіп, сырласып үйреніңіздер. «Бүгін сені не қызықтырды? Нені үйрендің?» деген сияқты сұрақ қойғанымыз жөн. Мектептің өмірлік достарды кезіктіретін, санадағы құндылықтар тізбесі түзілетін орта екенін үйреткен абзал.
– Ал нейродинамикасы төмен балаларға қалай көмектесеміз?
– Жалпы, нейродинамика дегеніміз – мидың тонусы. Яғни, мидың белсенді күйде болуын айтамыз. Мысалы, нейродинамикасы төмен балалар берілген тапсырмаға бірден бас қоя алмайды. Осылайша, тапсырмаға ары қарайды, бері қарайды, көп қимылдайды, зейінін шоғырландыра алмайды. Оны орындағанның өзінде тез шаршап қалады. Мұның өзі нейродинамиканың төмен екенін білдіреді. Мұндай балаларға таза ауада ұзақ серуендеу керек. Бұдан шығар қорытынды, баланың миына көбірек оттегі барғаны жөн. Таза ауада жүрген сайын миға оттегі барады. Әрі жиі су ішсе құба-құп. Режим сақтап, белгілі бір уақытта тұрып, бір уақытта жатып үйрену қажет. Мысалы, гаджетті шектеулі уақытта пайдаланудың өзі нейродинамиканы көтеруге көмектеседі.
– Жаңа ортаға бейімделу кезеңінде ата-ана негізгі рөлді мұғалімге беру керек пе, әлде?
– Әрине, жоқ. Бұл жағдай ата-анаға да, мұғалімге де тікелей байланысты. Жалпы, мықты мұғалім болса, бала мектепке тез бейімделеді. Десе де, ата-ананың рөлі маңызды. Біріншіден, ата-ана қателік жасамағаны дұрыс. Біріншіден, баланың еркіндігін шектемеңіз. Мысалы, мектепке барған бала киімдерін өзі реттеуі керек. Яғни, орындыққа қоя ма, шкафқа сала ма еркіндік беріңіз. Оқу құралдарын, заттарын өзі салып, өзі жинасын. Мұның барлығы 1-сыныптан әдетке айналғаны абзал. Үй тапсырмасына келсек, ата-ана тарапынан кішкене көмектесуге рұқсат. Бірақ оның орнына тапсырма орындамаңыз. Мәселен, 5-сыныпқа көшкен ұл-қызының сөмкесін реттеп, киімін жинап жүретін ата-аналар бар. Бұдан шығар қорытынды, балаға еркіндік бермей, өзін-өзі қолға алуды үйренбейді. Екіншіден, баланы дұрыс мақтауды үйренейік. Ол бір ғана әріпті үйренді ме, тақпақ жаттады ма, мейлінше мақтауды ұмытпаңыз. Қолдау әрқашан күш береді. Ал бұл өз кезегінде мұғалімге де, мектепке бейімделемін деген оқушыға да үлкен көмек.
– Мысалы, бір үйдің жалғыз баласы мектепке барды делік. Бұрын-соңды заттарын өзгемен бөлісіп үйренбеген оқушыға көпшіл болуды қалай үйретеміз? Жалпы, балада эгоизм қашан пайда болады? Оны үдетіп алмау үшін нендей шара қолданамыз?
– Осы ситуация бойынша қарастырсақ, үйде балаға міндет жүктеуді қолға аламыз. Есіңізде болсын, еңбектенген бала жаман болмайды. Сол үшін барынша еңбекке баулимыз. Мысалы, «бүгіннен бастап терезедегі гүлге су құю – сенің міндетің» немесе «кіреберістегі аяқкиімдерді реттеуді саған тапсырамын» деп айтасыз. Қайталап айтамын, еңбектенген бала жаман болмайды. Содан кейін оның киімдерін, ойыншықтарын жинамаймыз. Ол өзі жасап үйренуі керек. Эгоизмді үдетіп алмау үшін балаға күте білуді үйретеміз. Жалғыз бала болған соң, жылай қалса, кәмпит береміз, ойыншық десе, дүкенге жүгіреміз. Бірден айтайын, бұлай істеудің қажеті жоқ. Бала міндетті түрде күтуді үйренуі керек. «Жақсы, саған үш күннен соң ойыншық алып беремін» деп айтасыз да, үш күннен кейін әрекетке кірісесіз. Жаңа жыл келгенде алып беруге уағдалассаңыз, тура сол уақытта істейсіз. Сондай-ақ эгоизмді тәрбиелеу үшін баланы белгілі бір ережеге бағындырамыз. Маңыздысы, оған «жоқ» деп айта білу. Сонда бала эгоист болмайды.
– Сұхбат соңында фактчек жасасақ. Тәжірибелі нейропсихолог ретінде жауап берсеңіз, расымен, нейродинамиканы дамытып, дефициттердің орнын толтырса, кез келген бала үздік оқи ма? Өйткені әлеуметтік желіде «мынадай витамин ішіп, осы жаттығуды жасаса, балаңыз жақсы оқиды» дейтін жарнама жетерлік.
– Жоқ, үздік оқу кез келген баланың қолынан келмейді. Өйткені әр баланың өз мүмкіндігі, шектеуі бар. Әрине, нейрокоррекциялық жаттығуды қосып, ағзадағы дефицитті толтырып, тұтас жұмыс істейтін болсақ, танымдық процесті жақсарта аламыз. Ойлау, есте сақтауын жеделдетіп, зейінін тұрақтандыру қолдан келеді. Бірақ бұл барлық бала үздік оқып кетеді деген сөз емес. Жалпы, үздік атанудың астарында көптеген фактор бар. Ол баланың өзіне, мұғалімге, генетикаға, қарым-қабілетіне және мотивацияға байланысты. Сондықтан есте болсын, үздік оқу – жеке процесс, әркімде әртүрлі нәтиже береді.