Биыл Конституция күніне орай астаналықтар 28, 29 және 30 тамызда демалады. Мереке күндері мәдениет, спорт, білім беру ұйымдары қала тұрғындары мен қонақтарына бірқатар түрлі іс-шара дайындайды, – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
27 тамыз күні Ұлттық академиялық кітапхананың конференц-залында "Конституция. Жаңа Қазақстан. Қарқынды кадамдар" тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Оған саяси және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысады. Атап айтқанда, олар ҚР Конституциясына түзетулер енгізуге байланысты жаңа саяси реформаларды талқылайды.
Сол күні сағат 16.00-де Президент саябағында танымал жастар шығармашылық топтарының қатысуымен open-air концерті өтеді. Сахнада жергілікті және алматылық музыкалық ұжымдар өнер көрсетеді.
28 тамызда Құрманғазы ескерткішінің жанындағы алаңда "Күй жәрмеңкесі" өтеді. Сол күні сағат 20.00-де Есіл жағалауындағы Амфитеатр сахнасында "Астана" эстрадалық-симфониялық оркестрінің концерті ұйымдастырылады.
Сонымен қатар 29 тамыз күні сағат 17.00-де елордалық филармония қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен "Ата Заңым – айбарым" мерекелік концертіне шақырады.
30 тамызда Конституция күніне орай қалада кәсіпқойлардың және велосипед спорты әуесқойларының қатысуымен жаппай веложарыс өтеді. Маршрут айналма веложол басынан (Қосшы қаласына қарай жол бойымен) "Астана Орманы" ЖШС веложолына дейін 20 шақырымды құрайды.
Жарыс аяқталғаннан кейін мәреде тіркелген қатысушылар арасында лотерея және бағалы сыйлықтар ойнатылады. Сонымен қатар қала тұрғындары гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түсе алады.
Бұл мереке күндері өтетін жалғыз спорттық іс-шара емес. Елорда тұрғындары мен қонақтарын скандинавиялық жүріс фестиваліне шақырады. Ол 30 тамызда Орталық саябақтағы шаңғы-роллерлік трассада өтеді.
Сонымен бірге сағат 15.00-ден 22.00-ге дейін "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда тұрғындар қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсететін "Ата Заңым – Бәйтерегім" концертіне қатыса алады.
"Есіл" өзені жағалауының жаяу жүргіншілер бөлігінде және Demalys Promenade жаяу жүргіншілер көшесінде Creative Summer жобасы өз бағдарламасын ашады. Күндізгі бағдарлама сағат 14.00-де басталады және балаларға арналған ойын-сауық бағдарламаларын, флешмобтарды, аниматорлардың қойылымдарын қамтиды.
31 тамыз күні сағат 13:00-де елордалық "Саржайлау" этноауылында Конституция күніне және Балалар жылы аясында қалалық ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен балаларға арналған "SOS Балалар ауылы" қайырымдылық акциясы өтеді. Іс-шара барысында балалар этноауылға саяхат жасайды, онда қазақ халқының бай тарихымен, өнерімен және дәстүрлерімен танысады, ата-бабаларымыз өркениетінің этномәдени ортасына үңіліп, ауыл тұрмысына тамсана алады.
Нұр-Сұлтанда Конституция күніне орай тақырыптық көрмелер, балалар мен оқушылар үшін еліміздің Негізгі Заңының тарихы мен халық үшін маңызы туралы танымдық сағаттар өткізіледі. Өзге іс-шаралардың ішінде халықтың, әсіресе жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ҚР Конституциясының нормалары мен заңдарын білуге арналған зияткерлік конкурстарды, сондай-ақ тұрғын үй алаптарындағы концерттерді атап өтуге болады.
Жалпы, Конституция күнін мерекелеуге арналған барлық іс-шаралар қоғамның тәуелсіздік құндылықтарының айналасына шоғырлануына, әрбір қазақстандықтың Жаңа Қазақстан құру идеясына азаматтық қатысу сезімін нығайтуға және елорда халқының құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.