АҚШ елшісі коронавируспен күреске қатысты мәлімдеме жасады
АҚШ елшісі коронавируспен күреске қатысты мәлімдеме жасады
© inform.kz
274
оқылды
Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Х. Мозер Қазақстан мен АҚШ арасындағы коронавирустың таралуымен күрес серіктестігін растау үшін мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстандағы АҚШ елшілігіне сілтеме жасап. «Жақында жұмыс сапарымен келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның жаңа коронавирус – COVID-19-ға дайындығын жоғары бағалады. Ол Қазақстан Үкіметінің вирустың таралуын тоқтату үшін жедел әрекет еткенін атап өтті. Сонымен бірге, мемхатшы әлемдегі көптеген елдердің коронавирустық пандемияға дайын еместігін атап өтті, сондықтан Америка Құрама Штаттары жаһандық шара қабылдауға 100 миллион доллар бөлуді мойнына алды. АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) індеттің алдын алу үшін және вирус табылған жағдайда оны еңсеру үшін Қазақстан Үкіметімен тығыз және жемісті жұмыс істеуде», - делінген мәлімдемеде. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының аймақтық кеңсесінің басшысы доктор Дэниел Сингер Қазақстанның өз азаматтарын Ухань қаласынан эвакуациялаған аймақтағы алғашқы ел екенін атап өтті. «Сонымен бірге, Қазақстан COVID-19 вирусының алдын алу және ел аумағына таратпау үшін ауқымды шаралар қабылдады. Қытаймен шекарадағы қозғалыс азайтылды және қалған қозғалысты соңғы 25 жылда мен көрген ең жетілдірілген жүйе арқылы бақылауда. Қазақстан Үкіметі COVID-19 анықтамасының нақты критерийлерін қабылдады. Үкімет жаңа вирустың қаншалықты қауіпті екенін біледі және оған қарсы күреске дайындық үшін батыл қадамдар жасады. Бұл қадамдар нағыз көшбасшылықты көрсетеді», - деді Дэниел Сингер.