Қызылорда облысында мұқтаж жандарға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға қамқорлық өз деңгейінде жасалып келеді. Атаулы топ мемлекет тарапынан жәрдемақы төлеу, тиісті топтамалармен қамту шараларымен қамтылған.
Жалпы, өңірде биыл атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 5,1 млрд теңге қаржы қаралған. Облыс бойынша табысына қарамастан 32 мыңға жуық отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 2020 жылы өзгеріске енген жаңа тәсіл бойынша әлеуметтік көмек алушыларға бірқатар жеңілдік те қарастырылған.
Негізінен, осы жылдың 3-тоқсанында атқарылған жұмыстар нәтижесімен Қызылорда облысы бойынша кедейлік мөлшер 27 мың 339 теңгені құраған. Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаға кепілді әлеуметтік топтамалар ұсынылып отыр.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға арнайы кепілді жиынтық тарапынан топтамасы ұсынылып отыр. Оның ішінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынтығымен және гигиена заттарымен қамтамасыз етілсе, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектепте ыстық тамақпен, оқу құралдары және мектеп формаларымен қамтылады. Сонымен қатар мектепке қатынау жол шығындары да өтеледі. Негізінен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 2022 жылға бюджеттен 5,1 млрд теңге қаржы қаралғаны белгілі. Оған биыл 7 айда облыс бойынша 10 656 отбасына 2,9 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленді» деп түсіндірді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов.
Негізінен, аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген топтамаға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлініпті. Бұл тұрғыда 1 тамыздағы жағдай бойынша 13 мың 188 бала азық-түлік және гигиеналық топтамамен қамтамасыз етілген. Сол сияқты орта білім беру ұйымдарында білім алатын 6 539 балаға қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз ету үшін тиісті қаражат төленген.
Жалпы, есепті кезеңге 10 мың 656 отбасына 2 миллиард 858 миллион теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 10 мың 132 отбасына 2 миллиард 538 миллион теңге төленген. Сол сияқты әлеуметтік келісімшарт негізінде көмек алушылардың қатарындағы еңбекке жарамды 1 784 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, 878 адам тұрақты жұмысқа орналастырылыпты.
Бұған қоса, аз қамтылған отбасыларына коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегі көрсетілуде. Оған 2022 жылға бюджеттен 462,6 млн теңге қаражат бөлінген. Есепті кезеңге 3 653 отбасына 172,9 млн теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалса, 3 653 отбасына 169,4 млн теңге төленген.
Ал «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде 14 мың 949 адамды қамтуға 13 405,7 млн теңге бөлінсе, жұмыспен қамту органдарына 24 мың 118 адам жұмыс іздеуші ретінде есепке алынып, Ұлттық жобаға қатысушы ретінде 22 мың 421 адам тіркелген.
Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 49 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліпті. Нәтижесінде, 493 жұмыс берушілерден 2 065 бос жұмыс орны ұсынылған. Жәрмеңкеге қатысқан 2 685 жұмыссыздардың ішінен 633 адамға тұрақты, 327 адам уақытша жұмысқа орналастырылған. Сол сияқты 1598 адам мамандар тарапынан кеңес алған.
Негізінен, өңірде жыл басынан 3 412 адамға жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Бұған қоса, биыл «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» шеңберінде 128 жоба бойынша 1 464 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы