Шығыстағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғап жатқан Бұқтырма су қоймасындағы паром өткелі тоқтағалы қыс бойы тұрғындар мұз үстіндегі жол арқылы арлы-бері қатынап жатқан болатын. Алайда, мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, кеше адам өміріне қауіп төндірген қайғылы оқиға орын ала жаздады.
Нақтырақ айтсақ, жүк тиеген көлік мұздың үстімен Күршім бағытында өте шықпақ болғанда, жолдың дәл ортасына жете бере мұз жарылып кеткен. Абырой болғанда, ішіндегі адамдары көліктен шығып үлгеріп, аман қалған. Ал көлік болса, тиеген жүгімен қоса түпсіз теңіздің түбіне батып кетті. Енді оны тек көктемде ғана су түбінен тартып шығару мүмкіндігі бар.
Аудандағы төтенше жағдайлар қызметі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта мұздың үстімен тек салмағы екі тоннадан аспайтын көліктер ғана сағатына 20 шақырыммен қозғала алады.
Ұзындығы он шақырымға жуықтайтын өткелде жылдамдық пен салмақты одан асыруға рұқсат жоқ. Бұл туралы мұз жолына арнайы жол және қауіпсіздік белгілері де қойылған. Ал толтыра жем тиеп алып, жүйткіген «Газель» көлігінің салмағы алты тоннадан асып кеткен. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қауіпсіздік ережелеріне барынша мұқият болуды ескертеді.
Күршімдіктердің хабарлауынша, қазір мұзы жарылып кеткен бұрынғы жол жабылып, басқа жол салынған, көліктер сол жолмен қатынауда, көлік қозғалысында ешқандай іркіліс жоқ. Жағдайды жоғарыдағы екі ауданның аудандық полиция қызметі қатаң бақылауға алған. Сондай-ақ өткел басында «Сергек» камералары жұмыс істеп тұр.
Қарап отырсақ, жол-көлік оқиғаларының барлығына да көбінде адами фактор себепкер болып жатады. Бүгін қауіпсіздікті сақтамай, мұз жолын көпе-көрінеу істен шығарған жүргізушілер ертеңгі күні Президент тапсырмасымен салынғалы жатқан өткелдегі көпірді де дұрыс пайдаланбай, салып бітпей жатып істен шығаруы, көпір үстімен жарысып, оның үстінде де жол-көлік апатын жасауы бек мүмкін ғой. Сонда күні ертең салынып бітетін көпіріміз де осы мұз жолы секілді шытынап жатпасына кім кепіл. Құдай оның бетін аулақ қылсын дейік.
Жалпы, бұл қыс басталып, Бұқтырма бойына мұз қатқалы орын алған бірінші жағдай емес. Естеріңізде болса, желтоқсан айында мұз қатпаса да, көл үстімен көлікпен өтпек болып су түбінде балыққа жем бола жаздағандар туралы жазған болатынбыз.
Адам өмірі ойыншық емес. Сондықтан бүгінде аумағы үлкейіп, тереңдеп теңізге айналған Бұқтырмадан байқап өткеніміз жөн болар, жолаушылар.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы