«Елімізде жоғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек», – деп атап өткен болатын Президент.2021 жылы Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік резервке 50 кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданды. Резервшілердің 62 пайызының шетелдік білімі бар, 39 адам магистр дәрежесіне ие. Басым бөлігінде экономиканың түрлі секторындағы жетекші шетелдік және қазақстандық компанияларда жұмыс істеу тәжірибесі болды. 13 адам квазимемлекеттік сектор, 18 адам жеке сектор өкілі, ал 19-ы – мемлекеттік қызметші. 24 адамның басшылық лауазымда жұмыс тәжірибесі болды. Өңірлік бөліністе резервшілердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Павлодар облысынан ұсынылды. Тіпті, резервке алынған тұлғалар арасында Бельгияда тұратын қазақстандық болған. Ол елшінің хатшысы болып жұмыс істейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бүгінде осы 350 резервшінің 219-ы жұмысқа орналасқан. Орталық мемлекеттік органдарға – 103, жергілікті атқарушы органдарға – 39, ұлттық компанияларға – 41, жеке ұйымдарға 36 жас тағайындалыпты. 19 резервші – саяси қызметте және сегізі «А» корпусының лауазымын атқарып жүр. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихатта екі депутат, бірінші басшылардың штаттан тыс кеңесшілері болып жүрген 3 резервші бар. Атап айтсақ, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және «AMANAT» партиясында резервшілер осындай қызмет атқарып жүр. Бұдан өзге, мемлекеттік органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына 36 резервші енгізілген: Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде – 1, Оқу-ағарту министрлігінің директорлар кеңесінде – 18, АҚДМ жұмыс топтарында – 4, Қоғамдық кеңесте (МҚІА, ҰЭМ, ҚМ, ЭМ, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстарының әкімдіктері) – 11, Қазақстан халқы Ассамблеясында (Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі) – 1, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесте – 1, «AMANAT» партиясының Саяси кеңесінің құрамында – 4. Агенттік өкілдерінің айтуынша, ұсынылған жұмыстан бас тартқан жастар да бар. Бүгінге дейін Президенттік жастар кадрлық резервіне алынғандардың 63 пайызы жұмыспен қамтылған. Іріктелген жастар бес жыл резервте болады. Жыл басында Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысында Президенттік жастар кадр резерві жобасының жалғасатынын айтты. Жасы 35-тен аспаған, білімі жоғары, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес кез келген ҚР азаматы бұл тізімге үміткер бола алады. Қатысушының кандидатурасын ұсынған хат болуы маңызды. Мұндай ұсынымхатты қатысушы жұмыс істеген ұйымның басшысынан, ұлттық компания немесе ұлттық холдинг басшылығынан, мемлекеттік саяси қызметшіден, Мәжіліс немесе Сенат депутатынан, жергілікті мәслихат хатшысынан беруі керек. Былтыр Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге бірқатар өзгеріс енді. Соңғы іріктеуде рекрутинг процесі кандидаттардың ішкі уәжі мен құндылық бағдарын бағалауға бағытталды. Сондай-ақ іріктеу кезеңдеріне эссе жазу мен жобаны таныстырудың орнына ситуациялық есептерді шешу және құзыреттілікті бағалауға арналған мінездемелік сұхбат сияқты жаңа құралдар енгізілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік резервшілердің одан әрі мансаптық ілгерілеуіне мониторинг жасайды. Резервшілермен өзара іс-қимылды күшейту мақсатында өзекті мәселелерді алдын ала жинай отырып, олармен кемінде 2 айда бір рет кездесулер ұйымдастырады. Бұл кездесулерде жұмысқа орналастыру, одан әрі дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобалар үшін әлеуетті пайдалану мәселелері талқыланады. Аталған жұмыс орталықта ғана емес, өңірлік деңгейде агенттіктің аумақтық департаменттерін тарта отырып жүргізіледі.
Асыл ТҰМАР