Егер ауқымды түрде алып қарайтын болсақ, онда Қазақстандағы конституциялық заңнамалардағы өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайта түсуде жатыр. Ал сенім дегеніміз – тұтас қоғамды біріктіруші дәнекер күш. Дәл осы күш билік институттарына легитимділік беріп, орнықты мемлекет құруға көмектеседі. Өйткені, сенім арту сезімін әмірлі тәртіпте күштеп орнату мүмкін емес. Ол тек қана халық пен билік қоғамдық және мемлекеттік құрылыста ортақ идеалға ұмтылған кезде, ұқсас саяси-құқықтық құндылықтар пайда болған кезде орнайды, яки құқықтық әдебиеттерде «конституциялық айнымастық» деп аталатын ұғым беки түседі.
Конституциялық реформаларды жүзеге асыру Қазақстанда конституциялық бірегейлікті қалыптастыру мен оған деген сенімді нығайту үшін маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық нормаларда берілген идеялар мемлекетті бөлшектеуге емес, біріктіруге бағытталған. Қазақстандықтардың мемлекеттік органдар қызметінен өзгеріс күткенін ескере отырып, Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 наурызда Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында Конституцияны жаңарту туралы идеясын жария етті.
Президент халықтың бірлігі мен мемлекеттік биліктің, Конституцияның баяндылығының, адам құқықтары мен еркіндігінің кепілі ретінде және «еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес өз сөзінде конституциялық түзетулер Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға ықпал етуі тиіс екендігін айтты. «Әділетті мемлекет» дегеніміз не? Мемлекет басшысы мұны бәрінен де бұрын барлық қазақстандықтар үшін тең дәрежелі мүмкіндік беру деп түсіндірді. Мүмкіндіктердің теңдігі (саяси, экономикалық, әлеуметтік) – адамның биік әлеуметтік мәртебе мен басқа да жоғарғы қызмет орындарына өзінің күш-жігерінің, еңбексүйгіштігінің, дарынының, іскерлігі мен өзге де жеке қасиеттерінің арқасында қол жеткізуіне жағдай жасау. Азаматтардың иіліктерді иеленуі қандайда бір әулетке жататындығына немесе жоғарғы лауазымды тұлғаларға жақындығына байланысты болмауы керек. Екінші республика әркімнің түрлі игіліктерге, меншікке және мемлекеттік лауазымдарға теңқұқылы қолжетілімділігі идеясы негізінде құрылады. Конституцияға енгізілген түзетулер Қазақстанның барлық азаматтары үшін теңқұқылы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа конституциялық құрылымды бекіту жеке адам құқының заңнамалық кепілін күшейтіп, мемлекеттік билік қызметінде демократиялық және құқықтық негізін нығайтады.
Конституциялық реформаның нәтижесінде барлық азаматтарды сайлауға және саяси процестерге жұмылдыру мүмкіндігі кеңейтіледі. Реформа азаматтардың таңдау құқы болуын, шынайы балама болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәжіліс мажоритарлық жүйеде – 70 пайыз партиялық тізім бойынша және 30 пайыз бір мандатты округ бойынша (мұнда сайлаушылар партия үшін емес өз округіндегі нақты адам үшін дауыс береді) құрылады. Енді бұдан былай қандайда бір сайлау округі тұрғындарына өз округінен сайланған депутатты депутаттық мандаттан айыруға құқы беріледі, бұл парламентшілердің сайлау алдында берген уәделерін орындату жауапкершілігін арттырады. Егер Конституцияның ескі редакциясында Сенаттың 15 депутатын Президент тағайындайтын болса, енді ол тек 10 депутатты ғана сайлай алады, оның 5-ін Қазақстан халқының Ассамблеясы ұсынады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Ассамблеядан Сенатқа сайланатын депутаттарды іріктеудің нәтижелі және шынайы процедурасын әзірлеу керектігін айтты.
Облыстық және республикалық маңызы бар қалалар деңгейінде әкім лауазымына мәслихаттарда Президент ұсынған кем дегенде екі адамның ішінен дауыс беру арқылы таңдау жасалады. Оның халыққа пайдасы қандай? Тұрғындар кімнің бағдарламасы тартымды соған дауыс бере алады. Әкім қоғамның қадағалауында болады және өзінің жұмыс нәтижелігінің бағасы сайлауалды бағдарламасын орындауымен тікелей байланысты екенін түсінеді. Нақтысын айтқанда, жанама сайлау жүйесі енгізіледі.
Конституциялық Кеңесті таратып, оның орнына Конституциялық сотты құру күрделі сипаттағы өзгеріске жатады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, Конституциялық сот институты батыс мемлекеттерінде шамамен бір ғасыр бұрын пайда болды. Конституциялық әділсот идеясын әзірлеу бастамашылдығы аустриялық ғалым Г. Кельзенге тиесілі, ол мұны Аустрияның 1920 жылғы Конституциясында бекіткен. Бүгінде Конституциялық сот басқа да құрлықтарды қамтыған әлемдік құбылысқа айналды. Шетелдерде ол жергілікті дәстүрлер мен әмбебап құндылықтарды үйлестірген түрлі нұсқаларда жұмыс істейді.
Конституцияға республикалық референдумда қабылданған түзетулерге сәйкес, Конституциялық Кеңеске қарағанда Конституциялық соттың қызметі конституциялық сот өндірісі негізінде жүзеге асырылады. Конституциялық сотты құру биліктің ұстанымдар мен тепе-теңдіктер негізінде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін құқықтық механизімді күшейтеді. Конституциялық соттың мәртебесі мен өкілдігі оған Конституциялық бақылаудың жоғарғы сот органы ретінде саяси процестің ықпалынан ада емес қандайда бір субъектіге қатысты әділ шешім шығаруына мүмкіндік береді. Конституциялық соттың идеологиялық тұрғыдан бейтарап, әділ шешім шығаруына қажет заңнамалық құралдары неғұрлым сенімді. Ол биліктің басқа органдарына тәуелді емес заңды құзіреті бар орган ретінде Конституцияда көрсетілген құндылықтар мен принциптерді, азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндігін неғұрлым табанды қорғауға, құқық қорғаушылық функциясын нәтижелі жүзеге асыруға қабілетті.
Конституциялық әділсоттың жұмысының маңызды принципі Конституциялық сот қабылдаған шешімдердің заңдылығын қамтамасыз ететін фактор – жариялылық болып табылады. Айта кетейік, Конституциялық Кеңестің істі қарау және шешім шығару үрдісінде жариялылық принципі қатаң қарастырылмаған. Құпия дауыс беру арқылы шешім қабылдау үшін Конституциялық Кеңестің бір мүшесінің талабы жеткілікті болды. Мұндай процедура саяси шешім қабылдау ықтималдығын жоққа шығара алмайды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Жаңа Қазақстан» туралы тезисті жемқорлықтан, біреуге бүйрек бұрушылықтан, патернализмнен ада әділдік пен заңдылық салтанат құрған аумақ ретінде суреттеді. «Әділеттілік» ұғымы Конституцияда тікелей берілмеген және оның мазмұны мен мәнін Конституцияның ережелерін, оның рухы мен қарпін түсіндіру арқылы ұғуға болады. Яғни, Конституциялық соттың қызметі тек конституциялық құқықтар мен нормаларды түсіндіруден тұрмайды. Бұл институт конституциялық нормалардың «сақшысы» міндетімен шектелмеуі тиіс. Конституциялық сот конституциялық құндылықтарды қорғаушы ғана емес, сонымен бірге оны ілгерлетуші және елде әділдіктің салтанат құруына кедергі келтушілермен күресуші органға айналуы керек. Оның әлеуметтік және заңнамалық маңызы осында.
Жаңадан құрылғалы отырған Конституциялық соттың артықшылығы – оған Президенттен, Парламент депутаттарынан, Премьер-Министрден бөлек азаматтардың да, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де, Бас прокурордың да жүгіне алатыны. Яки, заңдар мен өзгедей де нормативті-құқықтық актілердің Конституция нормаларына сәйкес болуына конституциялық қадағалау жүргізуді талап ете алатын субъектілер қатары едәуір көбейді. Конституциялық сотқа арызданушы субъектілер тізімінің ұлғайтылуы конституциялық жаңашылдықтың маңызды бөлігі болып табылады, сол арқылы оның құндылығы мен жалпы Конституцияның өзінің құндылығы арта түседі. Конституциялық сот азаматтар мен заңды ұйымдардың мүддесін қорғауда сенімді конституциялық-құқықтық механизімге айналуы тиіс. Ubi jus ibi remedium – әділдік қорғалатын жерде әділеттілік бар.
Азаматтардың Конституциялық сотқа арыздана алу құқының берілуі жаңалықтың бірі болып табылады. Бұл құқықты мойындау жеке тұлғаның құқы мен еркіндігін жариялау ғана емес, сондай-ақ оларды қорғаудың пәрменді құралын білдіретін конституционализм логикасына негізделген.
Бас прокуратураның Конституциялық сотқа арыздану құқының берілуі жаңашылдық қадамның бірі саналады. Бір ескерте кететіндігі, Бас прокурор өз бастамасы бойынша кез келген нормативтік-құқықтық актінің заңдылығын тексеру туралы сауал жолдай алады. Мұндай құзіреттілік конституциялық сот өндірісінің тиімділігін арттыруға, елімізде біртекті заңның нығаюына ықпал етеді. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Бас прокурордың Конституциялық сотқа арыздану құқы басқа мемлекеттердің де заңдарында қарастырылған (Польша, Ресей, Тәжікстан).
Адам құқықтары бойынша уәкіл – Конституциялық сотқа өз бастамасы бойынша адамның құқы мен еркіндігіне қатысты нормативтік-құқықтық актінің заңдылығын тексеру туралы сауал жолдау құқы берілген тағы бір маңызды субъект. Конституцияда мұндай құқықтың бекітілуі омбудсменнің жеке адамдардың бұзылған қақын қалпына келтірумен ғана емес, сонымен қатар конституциялық құқықтарының ілгерлеуіне ықпал етуге міндетті екенін көрсетеді.
Жоғарыда айтылған конституциялық жаңалықтар елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мәселесінде үлкен маңызға ие. Өйткені, ол Қазақстанның демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде құрылуы үшін жаңа заңнамалық механизмдерді қалыптастырады.
Жаңартылған Конституция мемлекеттік-құқықтық жүйенің дамуында адамды, оның өмірін, құқы мен бостандығын ең жоғарғы құндылық ретінде бекітетін конституциялық норманың нақты өмірде іс-жүзінде қолданылуын көздейді. И.Канттың адамға құрал ретінде емес, басты мақсат ретінде қарау туралы үндеуі Екінші Қазақстанда жаңа мазмұнға ие болды. Осы тұрғыдан алғанда Конституциялық сот тек Конституцияның ғана емес, заңнамалық және әлеуметтік құндылық ретінде жалпы құқықтың қорғаушысы міндетін атқарады.
Конституциялық сотқа 11 судья енбек. Олардың төртеуін Президент, қалғанын үш-үштен Сенат пен Мәжіліс тағайындайтын болады. Бұл орган халықаралық келісімшарттардың Конституцияға қаншалықты сәйкес келетініне конституциялық қадағалау жасаумен айналысатын болады. Өйткені, мұндай құжаттар ратификацияланғаннан кейін біздің елдің заңдарының алдында басымдыққа ие болып шыға келеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық соттың рөлі – конституциялық нормалар мен кепілдердің бұлжымай орындалуын қамтамасыз ету және олардың сақталуын талап ету.
Индира ӘУБӘКІРОВА,
Заң ғылымдарының докторы