Құтлық Елтеріс қағанның кешені – түркі әлемінің төлқұжаты
Құтлық Елтеріс қағанның кешені – түркі әлемінің төлқұжаты
587
оқылды
Орталық коммуникациялар қызметінде  Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен II Түрік қағандығының негізін қалаған Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылғанына орай баспасөз мәслихаты өтті. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, академияның ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан, археолог Нұрболат Бөгенбаев, Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөр қатысты. Жуырда Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағының Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясының нәтижесінде, Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылды. Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі тарих үшін құнды жәдігерлердің табылуы гуманитарлық ғылым саласы үшін тың жаңалық екенін айтты.
«Құтлық қағанның кешені – Күлтегін мен Білге қағанның балбалтасынан кейін табылған құнды жәдігер. Бұл –сегіз жылдық кешенді еңбектің жемісі. Түркі академиясы Номғон ғылыми экспедициясының жұмысын түркі әлеміне кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ Моңғолиядағы түркі дәуірінің тарихи ескерткіштерінде қазба жұмысы келешекте жалғасады. Әр кешенді зерттеуге шамамен екі-үш жылдай уақыт кетеді», – деді Дархан Қыдырәлі.
Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөрдің айтуынша, Құтлық қағанның бітіктасы табылған жер Күлтегін мен Білге қағанның кешенінен 50 шақырым қашықтықта орналасқан.
«Тарихи құнды жәдігердің табылуына атсалысқан барша ғалымдарға рақмет айтамын. Жалпы, тоғыз кешен бар. Табылған бітіктастың салмағы – 2-5 тонна. 2 арыстан мен 2 қошқар бейнеленген. Сондай-ақ көне түркінің тұтас бір дәуірін тасқа қашап жазғанын көруге болады. Бітіктастастың жазуын әлі де зерттеп жатырмыз», – деді Алтангэрэлийн Энхтөр.
Бұған дейін Құтлық Елтеріс қағанның жазуы мен 51 балбал тас тізіліп орналасқан кешені табылғанын хабарлаған болатынбыз.