Тоғжанов Ақтөбенің тасын өрге дөңгелете ала ма?
Тоғжанов Ақтөбенің тасын өрге дөңгелете ала ма?
324
оқылды
Жаңа саяси маусым қарсаңында атқарушы билік жүйесінде елеулі өзгерістер басталды. Бүгін Ақтөбе облысының әкімі болып саяси салмағы бар, вице-премьер қызметін атқарып келген Ералы Тоғжанов тағайындалды. Ал бұл тағайындау туралы сарапшылар пікірі қандай, жалпы көптің көзқарасы қалай өрбиді? Тақырыптағы сауал мазалайтын топ та жоқ емес. Ендеше нақты деректерді алға тартып көрсек, қарсы уәж айтатындарды да қабылдауға дайынбыз. Осы уақытқа дейінгі еңбек жолынан, қызмет барысынан аңғарғанымыздай, Е.Тоғжанов - орасан зор тәжірибесі мен құзыреті, аппараттық-саяси беделі мен ықпалы кең мемлекет қайраткері. Ол жай ғана мемлекеттік менеджер емес, дер кезінде және қажетті тұста тағайындалған тиімді дағдарыс менеджері. Үкімет құрамындағы әлеуметтік-мәдени блокқа жауапты вице-премьер ретінде Ералы Лұқпанұлы шын мәнінде министрлер кабинетінің жедел, бірақ әлеуметтік маңызды және саяси жауапты жұмысының елеулі бөлігін атқарды. Оған пандемия кезіндегі жұмыстың ең қиын бағыттары – Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы лауазымы қоса тапсырылды. Ал елеусіз қалдыруға болмайтын дерек – жалпы 2020 жылы басталған пандемияны жеңіп шығу Тоғжановтың табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында ғана мүмкін болды. Өйткені, комиссия пандемиялық тәуекелдерді басқарудың тиімді жүйесін құрды. Айталық, бизнесті қолдау үшін ШОБ субъектілерінің 93%-на дейін және қала тұрғындарының қозғалысы туралы статистиканы жүргізуге мүмкіндік беретін, пандемия салдарымен күресуді жеңілдететін «Ашық» жобасын іске қосты. Вакциналарды әкелу және өзіміздің QazVac препаратын шығару жолға қойылды. Мемлекет ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, 10,5 миллион адам немесе халықтың 56% екінші компонентпен егілді. «Biz Birgemiz» қорының тікелей басшылығымен ондаған мың отбасыға көмек көрсетілді Ералы Тоғжанов – мемлекет үшін ауыр болған қаңтар оқиғасы кезінде ел Президентімен бірге от пен суды белуардан кешкен саясаткер. Сол тұста Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қарайтын комиссияны басқаруды дәл Ералы Лұқпанұлына жүктеді. Ол Жаңаөзенге келіп, наразылық танытқандармен келіссөз жүргізуге келген бірінші үкімет мүшесі болды. Көгілдір отын бағасын төмендету, ереуілшілердің жұмысын сақтау, өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, Маңғыстаудағы наразылық акциясының бейбіт сипатқа ие болуы және оны тоқтату туралы келісімге қол жеткізуде сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасарының үлесі зор. Ел Президентінің Ералы Тоғжановқа жоғары сеніміне оған Жер реформасы жөніндегі комиссияны басқаруды тапсыруы да дәлел. Ал бұл мәселенің ол жетекшілік ететін салаларға мүлде қатысы жоқ. Соған қарамастан, Ералы Лұқпанұлы саладағы проблеманы жіті зерделеп, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», жер мәселесін жалпы халықтың пайдасына ыңғайлап, жүйелеп берді. Жаңа тағайындауға қатысты нақты деректер осылай сөйлейді. Демек, Ералы Тоғжановты Ақтөбе жұртына ие болатын азамат деп бағалауға лайық. Кері кеткен істі келістіретініне де сенім мол, өңірдің экономикасындағы оң динамиканы да көреміз деген үміт басым.  

Асхат РАЙҚҰЛ