Биыл іріктеудің екінші легінде 84 қазақстандық стипендия иегері атанды. Олардың 78-і магистратураға, ал 6 адам әлемнің алдыңғы қатарлы ЖОО-ның докторантурасына түсті. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығының» баспасөз қызметі хабарлады.
«Осы жылғы 31 тамызда Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында стипендияларды тағайындау туралы шешім қабылданды.
Биыл «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Биотехнология. Биоинженерия. Биомедицина. Биохимия», «Көлік технологиялары. Көлік инженериясы. Логистика», «Білім беру саласындағы басқару», «Үлкен деректерді талдау. Салалар бойынша предиктивті талдау» және басқа да мамандықтар сұранысқа ие болды», – делінген ресми хабарламада.
«Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін конкурс жылына 3 рет өтеді. Қорытынды шілде, тамыз және желтоқсан айларында шығарылады. Жыл соңына дейін республикалық комиссияның тағы бір отырысы өтпек.
Биыл магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінді.
«Болашақ» стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар қабылдау биыл 23 мамырда басталды және 14 қазанға дейін жалғасады.
5 қыркүйекте тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау басталып, 2022 жылғы 14 қазанда аяқталады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтында жарияланған.