Белсенді жұмысқа дайын
Белсенді жұмысқа дайын
194
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшім­баевтың тө­­ра­ғалығымен Пала­та­ның жаңа сессия­дағы алғашқы оты­рысы өтті. Сенат Төра­ға­сы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауда ел дамуыныңба­сым бағыттарын белгілеп бергенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев ел Президенті айқындаған міндеттерді іске асыру үшін Парламент Сенаты белсенді жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
«Жолдауда экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, саяси жүйені әрі қарай реформалау бағыттары бойынша маңызды бастамалар айтылды. Оның бәрі – Жаңа Қа­зақстан құруға арналған нақты қадамдар. Соған байланысты Парламентке бірқатар заңнамалық міндет жүктелді. Сенат бұл бағытта белсенді және тиімді жұмыс істеуге дайын. Бұл – біздің басты міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы бұл істе мүдделес құрылым­дармен бірлесіп әрекет етудің маңызды екеніне назар аударды.
«Жолдауды іске асыру үшін сарапшылар қауымдастығымен, қоғамдық институттармен және басқа да мүдделес тараптармен бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Мәжіліспен және Үкімет­пен бірге қажетті, сапалы заңдарды уақтылы қа­былдаудың да маңызы зор», – деді Палата Спикері.
Сонымен қатар ол сенаторлардың шілде, тамыз айларында өңірлерге және шалғай ауыл­дарға жасаған сапарларына тоқталды. Сенат Төрағасы жұртшылықпен және жергілікті тұр­ғын­дармен кездесулерде көтерілген мәселелер Палатаның алдағы сессиядағы жұмысында жан-жақты ескерілуі қажет екенін де тілге тиек етті. Отырыста жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан сайланған сенатор­лар халыққа ант берді. Сондай-ақ олар Палата­ның тұрақты комитеттерінің құрамына сай­лан­ды. Соған сәйкес Айнұр Арғынбекова, Советбек Медебаев, Амангелді Толамисов Конституция­лық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау ор­гандары комитетінің мүшелері болды. Ал Бақытжан Байахметов Қаржы және бюджет комитетінің, Ғалиасқар Сарыбаев Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің және Серік Шайдаров Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің құрамына сайланды.
«Жаңадан сайланған депутаттарды сайлау­дағы жеңістерімен құттықтаймыз. Сенат жұмы­сына белсенді араласып, депутаттық мін­дет­теріңізді абыроймен атқарасыздар деп сене­міз», – деді Мәулен Әшімбаев.