Болашақтың алғашқы жарнасы
Болашақтың алғашқы жарнасы
319
оқылды
Президент Жолдауынан әр­бір қазақстандық қоғамды тол­ған­дыр­ған көптеген сұрақ­тарға өз жауабын алды деген ойда­мын. Мен Мәжіліс депутаты ретінде әлеуметтік мәселе­лер­мен, әсі­ресе отбасы және бала­лардың құ­қықтарын қорғаумен айналы­сып келемін. Осы орайда бір­қатар маңызды бастамалар­дың бастау алғанын атап өткім келеді. Біріншіден, «Ұлттық қор – бала­ларға» дегеннің өзі құлаққа жағымды, көкейге қонымды. Ендігі жерде бола­шақ ұрпақ та Ұлттық қордан үмітті болады. Мемлекет 18 жасқа дейінгі барлық балалар үшін жинақтаушы шоттар ашады. Онда Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табы­сының 50 пайызы аударылатын бо­лады. Осылайша, балалар капиталы­ның негізі қаланады. Бұл балаларды қолдау жүйесін түбегейлі өзгертпек. Кәмелетке толғаннан кейін жинақтал­ған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуына бағытталады. Естеріңізде болса, жылдың басын­да біз әрбір балаға, әсіресе аз қамтылған отбасыларда тұратын балаларға та­ғайындалуы керек атаулы көмек мәсе­лесін көтердік. Бүгінде аз қамтылған 625 мың бала бар. Сондықтан осы мә­селенің шешімі Президент Жол­дауын­да көрініс тапқанына қуаныш­тымын. Екіншіден, бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзаратын болады. Бұл норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қатысты. Ендігі жерде бұл құқықты жарты мил­лионға жуық ата-ана пайдаланады деген сөз. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары бұл мәселені қоғам өкілдері де, депутаттар да жиі көтеріп келді. Аталған шара тек аналарға ғана емес, ең алдымен отбасыларға қолдау көр­се­теді. Себебі бала дүниеге келген соң отбасының шығыны да арта түседі. Ана­лар әлеуметтік жағдайына бай­ланыс­ты баланы үлкен балаларына қалдырып, жұмысқа ерте шығып кетіп жатыр. Сондықтан әрине осы кезеңде баланың анасы мен отбасына кез келген қолдау өте маңызды.

Динара ЗӘКИЕВА, Мәжіліс депутаты