Бейнеттің зейнетін ерте көрмек
Бейнеттің зейнетін ерте көрмек
556
оқылды
Соңғы жылдары елі­міз­де зейнет жасын төмендету мәселесі жиі қозғалып ке­леді. Әсіресе, әйелдердің зейнет жасы талқылауды қажет ететін өзекті күйде болатын. Ақыры осы жайт билік назарынан тыс қал­мады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ха­лыққа арнаған кезекті Жол­дауында әйелдердің зей­нет жасы 2028 жылға дейін өспейтінін мәлімдеді. Түйіні тарқаған түйткіл Былтырдан бері ел аумағында әйелдердің зейнет жасын төмен­детуді талап еткендер көбейді. Таяу­да мәселе тағы күн тәртібіне шық­қанын білеміз. Тамыздың соңында жүздеген әйел зейнет жасын тө­мендетуді талап етіп, митинг ұйым­дастырды. Әйелдердің 63 жаста зейнетке шықпау керегін айтқан олар Президенттен көмек сұраған болатын. Көп ұзамай, өтініш еске­русіз қалмады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілетінін айтты. Сондай-ақ, Президент бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзір­леуді ұсынды.
– Ең төменгі базалық зейнет­ақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы­на, ал ең жоға­рысын 120 пайызға де­йін дәйекті түрде жеткізу қажет. Бұрын қабыл­данған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік бе­реді, – деді Қ.Тоқаев.
Қазіргі уақытта мемлекеттік ба­залық зейнетақы төлемінің ең тө­менгі мөлшері – 19 450 теңге, ал зей­нетақының ең төменгі мөлшері – 46 302 теңге. Демек, алдағы ке­зеңде бұл көрсеткіш біршама өспек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде 2 млн 247 мың зейнеткер бар. Ал Қазақстандағы орташа зей­нетақы мөлшері – 109 156 теңге. Енді аталған проблеманың түпкі мәніне бойлап көрейік. Рас, мәселе талай талқыға түсті. Биыл мамырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету бойынша өтініштің қаралып жатқанын, есеп жүргізіп, содан кейін ғана «тиімді нұсқа» ұсынатынын айтқан еді. Одан соң күні кеше Ақтөбе облы­сының әкімі болып тағайындалған, сол кездегі вице-премьер Ералы Тоғжанов «Үкімет кей санаттағы азаматтардың зейнет жасын төмен­дету мәселесін талқылап көреді» деп айтты. Бірақ нақты шешімге негіз­делген жауап болмаған еді. Осыған дейін ел билігі 2018 жыл­дың 1 қаң­тарынан бастап әйел­дердің зейнет жасын кезең-кезе­ңімен – жыл сайын алты айға ұзартып келді. 2022 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60,5 жылға жеткен. Осылайша, 2027 жылға қарай әйел­дер мен ер­лердің зейнетке шығу жасы теңесіп, 63 жасқа жетуі көз­делген. Алайда Президент пәрмені­мен әйелдердің зейнет жасы енді 2028 жылға дейін өспейтін болды. Әуелден мәселені күрделен­дір­ген қаржы жағы екені айтпаса да белгілі. Мысалы, зейнет жасы жа­сарар болса, елде ертерек зейнеткер атанатындар көбейеді. Сәйкесінше, бұл мемлекет үшін қаржылық жа­ғынан ауыр тиюі мүмкін. Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партия­сы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева бұл мәселеде мемлекет­тің мүмкіндігі ескерілуі керек екенін айтады.
– Президенттің Жолдауда осы мәселе туралы айтқан ұстанымы өте орынды. 2028 жылға дейін 61-ден ары көтерілмейтіні зейнет жасына таяп жүрген талай әйелдің көңіліне қонды деп ойлаймын. Ел ішінде «Әйтеуір түсірген соң 58-ге дейін апару керек еді» деген пікірлер де айтылуы мүмкін. Бірақ біздің қа­лауымыздан бөлек мемлекеттің мүмкіндігі ескерілуі керек. Прези­дент әйелдердің 61 жастан бастап зейнетке шығатынын және бұл меже 2028 жылға дейін өзгермейтінін айтар алдында тиісті есеп жүргізіл­гені анық. Экономистер, сарапшы­лар әйелдердің зейнет жасын қай межеде қойса, мемлекет мүмкін­ді­гіне сыйымды екенін таразылады. Сондықтан бұл дұрыс қадам деп есеп­теймін», – деді Мәжіліс депутаты.
Мемлекет мүмкіндігі демекші, биыл алғашқы 7 айда қазақстан­дықтарға 1,7 триллион теңгеден аса сомаға зейнетақы төленіпті. Осы­дан-ақ зейнетақы жайы ел эко­номикасы үшін қаншалық салмақ еке­нін аңғаруға болады. Еңбек заңдылығы ескерілген жөн Зейнетақы заңнамасында ерте зейнетке шығуға байланысты екі жеңілдік қаралған. Әуелі, егер 5 баланы дүниеге әкеліп, 8 жасқа дейін тәрбиелеген ана болса, 53 жасында зейнетке шыға алады. Екіншісі, Семей ядролық полиго­нына қатыс­ты, яғни, өмірге қауіп төндіретін өңірлерде 1949 жылдан 1963 жылға дейін өмір сүрген ер адамдар 50 жа­сында, әйелдер 45 жасында зейнетке шыға алады деген норма бар. Бірақ ол аралықта қауіпті аймақта өмір сүргендер әлдеқашан 60 жастан асып кеткенін білеміз. Ал қалған адам­дарда мұндай мүмкіндік жоқ. Одан бөлек, сақтандыру ком­па­нияла­ры­мен келісімшарт жасасу арқылы ер­лер – 55, әйелдер 52 жасын­да зей­­нетке шықса болады, бірақ ол үшін зейнетақы жинағында кемі ерлердің 10,8 миллион, әйелдердің 14,8 мил­лион теңгеден көп ақшасы болуы керек. Бірақ мүндай деңгейде ақша жинап үлгерген жандар аз. Мысалы, 2020 жылдың басындағы ақпарат бойынша ел ішінен 118 мың адам ғана осы межеге жеткен екен. Ал әлеуметтанушы Жанар На­кипбаева кез келген мемле­кеттегі зей­нет­ке шығу жасы тікелей өмір сүру сапа­сына байланысты екенін айтады.
– Жалпы, дамыған елдердің кө­бінде зейнет жасы 60-тан жоғары болып келеді. Өмір сүру деңгейі жоғары елдер үшін зейнетақы жа­сының жоғары болуы маңызды мәселе емес. Яғни, өмір сүру сапасы жоғары болатын болса, әйелдердің 61 немесе 63 жаста зейнетке шығуы үлкен талқылау болмас еді. Себебі халықтың өмір сүру жасы ұзақ болады, олардың денсаулығы 60-тан асқанда да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өмір сүру деңгейі жоғары елде еңбек шарттары да оңай, ха­лықтың жұмыстан басқа уақытта өз хоббиімен айналысуына, саяхат­тануына мүмкіндігі болады. Басқа­ша айтқанда, халықта тапқан та­бысын тек бірінші реттік қажетті­ліктеріне жұмсаудан бөлек,оны өзін дамытуына да жұмсауға мүмкіндігі болады. Осындай жағдайда халық­тың да жұмыс жасауға құлшынысы оянады. Ал біздің жағдайымызда ауыр жұмыс істейтіндердің барын ескерген жөн. Сондай-ақ, қазақ­стан­дық қоғамда әйелдер тек жұмыс күші ғана емес екенін ұмытпау ке­рек. Әйелдер отбасында да келін, жар, ана қызметтерін өздері атқа­рады. Олардың көбінде үй жұмы­сына және бала күтіміне көмекші алуына тапқан табыстары мүмкіндік бермейді. Сондықтан оларды тү­сінуге болады. Арасында көпбалалы аналар бар. Мәселен, еден жуушы болып жұмыс істейтін әйелдер же­терлік. 60 жасқа келгенде еден жуып жүру оңай емес. Яғни, бәрі өмір сүру сапасына байланысты. Ол жақсы болса, адамдардың өмір сүру жасы да ұзарады, еңбекке бейімділігі ар­тады, – дейді маман.
Сарапшының пікірі шындыққа саяды. Дамыған елдерде зейнетке шығу жасы жоғары болса, дамушы елдерде бұл көрсеткіш төмендеу. Тарқатып айтайық, мысалы, көрші Ресейде ерлер – 60, әйелдер 55 жаста зейнетке шығады, орташа зейнет­ақы мөлшері 14 144 рубль (109 мың теңге шамасында). Ал Үндістанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы – 60. Бірақ аталған елде жағдай қиын, көбіне зейнетақы тағайындалмай да қалады. Дамыған Германияда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы бірдей – 67 жас. Орташа зейнетақы 1 000 еуро (шамамен 467 мың теңге). Аме­рикада ерлер – 67, әйелдер 65 жасқа жеткенде 1 657 доллар (775 мың тең­геден аса) зейнетақы алып оты­рады. Бір қызығы, АҚШ-та зейнет жасына жеткендердің 30 пайызы еңбек етіп, жұмыс істеуін жал­ғастыра береді екен. Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы да мәселенің тікелей экономикалық ахуалға ті­релетінін баяндады.
– Ер мен әйелдің зейнет жасына келгенде әр ел өзінің экономикасына сәйкес шешім қабылдайды. Яғни, бәрі қаржыға тіреледі, ал қаржы эко­номикалық әл-ахуалға байла­нысты. Егер біз ерлерді 60 жастан, әйелдерді 55 жастан зейнетке шы­ғарамыз де­сек, міндетті түрде өмір сүруіне қа­жет қаражат жиналды ма, соны ес­керу қажет. Ал елге жағам деп зей­нет жасын «осынша жастан асыр­май­мын» деп шара қолдан­саңыз, бүгін болмаса ертең үлкен дүмпуге әкеледі. Өйткені ол шара­ның артын­да нақ­ты­лы қаражат жоқ. Кей елдер­де тіп­­тен зейнеткерлік жасы жоқ, жұмыс істесең істе, істе­месең тағы өзің білесің. Бірақ оған эконо­мика­ның кемелденген жағ­дайы керек. Өйткені табыс болып, сол табысты қор қы­лып жинау керексің, не біреу сені асы­рау қажет. Әйелдердің зей­нетке ертерек шық­қанын өз басым қол­даймын. Тәлім-тәрбиеге қазір солар жауапты болып қалды, отба­сының жанында болға­ны жөн. Сон­дықтан олар экономи­каның реалды секто­рынан алыс болса деп ой­лаймын. Ерлерге кел­генде, бірнеше нәрсені ескеру керек. Біріншіден, медици­на­ның жағдайы. Екіншіден, тұрмыс салты. Үшіншіден, еңбек жағ­дайы. Ер­лер­дің көбі бұрынғыдай тас жа­рып, жер қазып жүрген жоқ. Сон­дықтан ер­лердің зейнет жасын мүм­кін­дігінше созуға болатын шы­ғар. Сайып кел­генде, мәселенің тү­йіні эконо­ми­калық жағдайға бай­ла­ныс­ты. Са­ланы дұрыс басқарып, қар­жы­ны игере алсақ, зейнет жасын төмен­детіп немесе адамның өз ерк­і­не қалдыруға болады, – дейді сарапшы.
  ТҮЙІН: Әр адам қарттық дендей бастаған кезден тартқан бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Халқымыз «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бекер тілемесе керек. Біздің шамалауымыз бойынша Қа­зақстандағы зейнет жасы өзге елдер­мен салыстырғанда орта деңгейде. Бұл жолы әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестірмей, өзгеріссіз қалдыру – мемлекет үшін ең ұтымды шешім болғаны анық.