Сыйлы болғың келсе, жақындарыңның іздегенін қаласаң, менмендігіңді жеңіп, жақын барып, жарастық табуың керек. Жылы сөздің қадірі қашанда биік. Бұл пайымды BAQ.KZ тілшісіне Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев айтты. Қазіргі таңда Жамбыл облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы өнер әлеміне қадам басқан кезінен бастап ел ішіндегі өнер иелерін іздеп, шығармашылығын насихаттап жүр. Сондықтан да оған әріптестерінің құрметі бөлек. Тыңдарман қауым оны елге ерте тарап кеткен «Біз екеуміз», «Нәзігім», «Гүл көктем» әндері арқылы таниды.Біз де өнер иесін іздеп, бір ауық әңгімелескенбіз.– Алғашқы сауалымызды өткеннен бастасақ, бәріміз бала болғанбыз. Жалпы бақытты балалық шақтың балдәурені дегенде ойға не оралады?
– 57-жылдың сары күзінде өмірге келдім. Қазіргі таным-түсінікпен қарайтын болсақ, ол кезді аса бір ұлт үшін қайғысыз-қамсыз жылдар деп айта алмасақ керек. Әйтсе де, 50 жылдардың соңы мен үшін жылымық кезең еді. Нағашы апам мен атамның бауырында өстім. Екі апам, екі атам болды. Ол кісілер бар мейірім-шуағына бөлеп өсірді.
Нағашымның үйі Қазақ деген ауылда жолдың бойында еді. Ауданға барып-келуге шыққандар мен өткен-кеткендердің ішінде сол үйге соқпайтыны кемде-кем. Апам піскен қымызға құмар, күбіге піскен айранына аңсары ауып тұратын көбінің. Күбіден бөліп алған сарымайдың дәмі қандай. Құртын айтсаңызшы... Қазір ауылда осындай дәмді іздесең, ілуде бір табасың. Қозы-лақты көгендеп, қой сүтінен қойыртпақ жасау, бие байлаудың бәрі баланы еңбекқорлыққа тәрбиелейтінін ойлай бермейміз. Ол кез соғыстан кейін ел еңсесін енді тіктеп келе жатқан шақ қой. Тамақ тоқ, дастарханнан ақ үзілмеуі үшін үлкен демей, кіші демей таңсәріден тұрып, тіршілік қамын күйттеуі керек екенін ойын баласының өзі іштей сезетін. Молшылық заман болмаса да, ауылдағы ағайын бір-біріне көп қарайласып тұратын. Қиналса демеп жіберетін, басына қайғы түссе, басу айтып, қуанышын бөлісіп жүретін. Ауызбіршілігінен айнымаған қайран ауыл жұрты. Қазір ондайды іздесең, ілуде әзер табасың ғой. Кейін өз әке-шешемнің қолына келгенімде де, сол баяғы пейіл-ниетті көрдім. Нағашымның ауылын сағынсам да, сол бала кезден көңіліме ұялаған ағайынның айнымаған бауырмалдығы көп елігізітпеді.
Әкемнің шаңырағы қазіргі Құмарық ауылына келгенде тапқан олжам – «Алпамыс батыр», «Рүстем дастан» батырлар жыры болды. Ол кезде озат шопанға кітап беретін. Ең алғаш 4-класта қолыма тиген кітаптар сол болды. Кітапқа деген қызығушылықтың алабөтен аңсарға ұласуы осылай басталған.
Әкем шопан болды ғой. Үш ай жазым жайлауда өтетін. Сусамыр деген табиғаты бөлек, ерекше жер еді. Алатаудың арғы бетінен қырғыздың малшы ауылы келіп, қатар қонатын. Жаздың түні ұзақ. Әнші-жыршылар апта аралап келіп тұратын. Таңды-таңға ұрып ән салып, алтыбақан теуіп жататын. Бала кезден ән мен күй құлаққа сіңген соң, көңіл солай қарай ауып тұрады екен. Қара домбыраны сабалап жүріп, оны үйрендім. Баянды да тез тартып үйрендім. Өнер деген үлкен өлкеге әуестік балаң көңілге ұяласа керек. Ат жалын тартып мініп, азамат атанғанда да әннен алыстап кете алмағанымның сыры осында.
– Өңірдегі Т.Рысқұлов ауданында қорағатылықтар сізді біздің ауылдың баласы деседі, Құмарық ауылының жұрты өзіне тартады. Мұның сыры неде?
– Балалық бал дәурен шақтың өзінде ертерек ой тербеп, ерте есеюді армандайтынмын. Оған әкемнің соқтықпалы-соқпақты өмір жолы, ауыр тағдыры әсер етті деп ойлаймын. Байдың баласы деп қуғын көріп, бір атадан жалғыз тұяқ болып қалғаны көңіл көкжиегімді бір мұң болып торлап тұратын. Әпкесі алып кетіп, тегін өзгертіп жазғызып, Қарағандыдағы жетімдер үйіне орналастырып, сөйтіп жүріп аман қалғаны – бала жүрегімді сыздататын. Елге оралғаны – ер жетіп, азамат болған кезінде ғой. Темір жолда жұмыс істеп жүріп, шешемді жолықтырып, бас құраған. 1956 жылы Қорағаты тың совхозы жаңадан құрылған екен. Алғашқы тың көтерушілер болып барып, қайтадан елге сіңіп кеткен екен. Сол Қорағатының үшінші фермасында мен дүниеге келіппін.
Әжемнің айтуы бойынша, әкемнің жамағайыны Зере деген әпкесі сол совхозда парторг болып қызмет еткен екен. Сол кісі әкемді бауырына тартып, қамқорлық көрсетіпті. Бір алаша, бір жастық, бір көрпеден басқа түгі жоқ, ауылдың шеткері жақтағы ешкім тұрмайтын бір қараша үйде тұрыпты. Баспана табылғанына қуанған жас отбасы саз балшықты илеп салған қоржын тапның қабырғасы тесік-тесік екеніне бастапқыда мән бермепті. Қас қарайғанда әлгі қабырғалардан тырс-тырс етіп бірнәрсе түседі дейді. Аяғы ауыр шешемді қорқытып алмайын дейтін болса керек, әкем жайлап, үйге келген «қонақтарды» қысқышпен қысып, далаға таситын көрінеді. Бір күні өлеусіреген шам жарығынан әлгіні көріп қалған анамның денесі мұздап сала беріпті. Сөйтсе, бұл тамда ешкімнің тұрмайтыны –
үй ордалы жыланның ордасының жанына салынған көрінеді. Әлгілерді көрген соң шешем шошып, апамыздың үйіне барып қонып жүріпті. Кейін ауылдың қариялары ақыл қосып, сиыр сауып, сүт дайындап қойыңдар, кіргенінің басына ақ құйып отырсаңдар сендерге тиіспейді депті.
Босанғаннан кейін де сонда тұрыпты. Бірде үйге нағашы апам келіп қалып, әлгі көріністен қарадай қорқып, «мына баланы өлтіресіңдер, мен алып кетемін, өздерің тұрсаңдар, тұра беріңдер» деп байбалам салады. Нағашымның мені бауырына басқанының бір сыры осы екен.
Кейін әкем Луговой стансасына, біраз жылдан соң Құмарыққа келгенінде де сол үйден көшкенде арнап қан шығарып, мал шалып, Құдайы бермегеніне өкінетінін жиі айтып жүрді. «Қариялар ордалы жылан жай жерге үйір болмайды, ол бір әруақ қонған жер ғой. Бір малды құрбан шалғаның дұрыс деген. Бірақ, сол жер расында киелі болды-ау, жалғыз-жарым едім, сендер келдіңдер өмірге. Өстім-өндім, көрген қиындығым ұмытылды», - дейтін.
– Азды-көпті көргеніңіз бар. Басшылық қызметтерді атқардыңыз. Ән жаздыңыз, күй шығардыңыз. Адал достықтың қадірін білдіңіз, сатқындықты да бастан өткерген шығарсыз? Көкейге не түйдіңіз?
– Жалпы, өмірде көкейге түйгенім, кісі бір-біріне өкпе артып, артық-ауыс сөзге жол беріп, ренішпен күн өткізуіне болмайды. Сыйластыққа не жетсін! Ағайын-туыс ауызбіршілігінен айнымай өмір сүргені абзал. Бір үйде қанша адам болсаң, бәрің бір-біріңе қонақсың. Бүгінгі күн ертең қайтадан қайталанбайды. Тіршілікте аралас-құраластықтың мәні жоғары. Бауырыңа басып, ықыласыңды танытып, жылы сөзіңді арнағаннан артық ешнәрсе жоқ. Өмірдің түрлі кезеңін бастан кештік қой. Атақ-даңқ, мансап, бәрі уақытша. Достықты да, қысастықты да көрсем, ол да өтпелі. Ата-ана, бауыр, жар, бала-шағаң – қазынаң. Мейірімі жоқ жүрек, сезімі жоқ көңіл – жетім. Сыйлы болғың келсе, жақындарыңның іздегенін қаласаң, менмендігіңді жеңіп, жақын барып, жарастық табуың керек. Жылы сөздің қадірі қашанда биік.
– Тәуелсіздік жылдарында ұлттық құндылықтарды түгендеп, өткенді жаңғыртқан түрлі жобалар, бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды ғой. Соның ішінде тиянақ тапқаны бар ма?
– Тәуелсіздік жылдарында түрлі идеологиялық жоба жасалды ғой. Соның бәрін халқымыз шынайы қабылдай алмады. Ұлттық болмысымызға сай келмеді, тар жол, тайғақ кешулерден өткен тарихымыздың ақтаңдақтарын адақтап ала алмады. Әрнәрсенің басын бір шалдық. «Асыл арманы бар ұлт қана озады» деп жатады ғой. Түрлі мүдделерді тоғыстырған идеология қоғамдық санаға сыймайды. Дәл қазір біз рухани қазынаға сусап отырмыз.
Ең алдымен перзенттік парызды, негізіңді, түп-тамырыңды ұмытпау керек. Оның қаншалықты маңызды екенін француз жазушысы Андре Маруа бір шығармасында ашып көрсетеді. Бірде жындылықтың өлшемін білу үшін бірде белгісіз пианист «Тыныштық сазгердің концерті өтеді» деп хабарландыру береді. Ертесіне зал лық толады. Тыныштық сазгері залдағы барлық өлшемдерді алып тастап, тыныштық күйінде пианинада ойнай бастайтын. Өлі тыныштық. Көрермен аң-таң, бір-біріне үрпие қарасады. Екі сағаттан соң концерт аяқталғанда пианист орнынан тұрып, көпшілікке тағзым жасайды, жұрт ду қол шапалақ ұрып, қошемет көрсетеді. Ертеңіне телевидениеге сұхбат берген композитор «мен адам баласының ақымақтығының өлшемін білгім келді, ол шексіз екен» депті. Бұл мысал ескілікті ысырып, бұрынғы фоманы місе тұтпай, дәстүрлі өнердің күні өткенін айтып жүргендерге есті ескертпе. Көп айтса көніп жүре бермей, өз талғамыңызға сенім арту керек дейді.
– Алдымен аудандарда, беріде облыста мәдениет саласын басқардыңыз. Ойға алғанды жүзеге асыра алдыңыз ба?
– Көп жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек еттім. Аудандарда, облыс көлемінде қызмет атқардым. Сонда түйгенім, мәдениетті қолдап, өнерді биікке көтеру бірінші басшыға байланысты болады. Әр жылдарда өңір басшыларымен бірлесе бірқатар жобаларды жүзеге асырдық. Саланың ісін өрге басқызу үшін мамандармен кеңес отырып, ұсыныстарымызды айтып жүрдік. Қолдау тапқандарына – ел куә. Қазақ хандығын 550 жылдығын тойлау кезінде, Қытайдың Цянь қаласынан шыққан түйелі керуеннің шығып, Таразға келіп, одан әрі ЭКСПО қалашығына жол тартқанына – тарихты жаңғырту мақсатынан туғанын айтып, кезінде сарапшылар жоғары баға берді. «МИР» телеарнасынан осы керуеннің тарихи мәнінің ашып көрсетілуінің өзі – соған дәлел болса керек. Шаһардың рабатында «Көне Тараз тарихи-мәдени» кешенінің пайда болуы, облыстың 80 жылдығына орай 80 томдықтың жарық көруі, облыстық филармонияның «Баласағұн» мәдениет ошағының алдында Кенен атамыздың, театрдың алдында Асқар Тоқпановтың ескерткіштерінің бой көтеруі – мәдениетімізді дамыту бағытында өңір басшыларының қолдауымен жасалған игі бастамалар екенін айтуымыз керек. Шерхан Мұртаза атындағы руханият орталығы, Қолөнер шеберлер қалашығының ғимараты, Көркем сурет галлереясы, Өлкетану музейінің жеке ғимараты, Көрме залдары, Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағындағы тарихи кешен, Тектұрмас этно-тарихи кешені – солардың барлығы Тараз қаласының ажарын аша түскен, тарихи мәнін қоюлата түскенін ешкім жоққа шығара алмас. Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың өңірді басқарып тұрған жылдарда одан бұрын басталған істі лайықты жалғастырып, тың идеяларды қосып, атқарған істеріне тұрғындар өз бағасын берді. Одан кейін бұл жобалар Бердібек Машбекұлы Сапарбаев облысты басқарған кезеңде де жалғасын тапты. Тектұрмас кешені құрылысының екінші кезеңі жүргізілді, екінші Арбат алаңы ашылды, тағысын-тағылар. Атқарылған жұмыстарға тоқталып, өткенді електен өткізгенде бірді айтып, бірі айтылмай қалатын кездер болады. Оны көзіқарақты оқырман айыпқа санамас. Алайда, кей кездерде жекелеген адамдардың басшылардың қолдауы, мамандардың саралап, зерделеп ұсынған жобаларын – менің кезімде деп айтып қалып жататынын естігенде, «ойпырмай-ой» деп ойланып қалады екенсің.
Еңбек еткен 44 жылда, оның ішінде мәдениет саласындағы атқарған жұмыстардың жемісін көрсем, ол жеке өзімнің еңбегім дей алмаймын. Жалғыз-жарым адам дара жүріп ешқашан табысқа жете алмайды.
– Сізді көпшілік өнер иесі, өнер жанашыры деп таниды. Ауыл-аймақтағы өнер иелерін іздеп, шығармашылығын насихаттауға күш салдыңыз...
– Ел ішінен өнер иелерін іздеп, қайта елге қауыштыруды ойлайтынмын. Нәтижесіз емес, композитор Мэлс Өзбековтың мол мұрасын жинақ қып шығардық. Құланда аудандық мәдениет үйіне есімін бергіздік. Ауылда табиғатынан талантты адамдар көп. Басшылық қызмет атқарып жүргенімде ең бірінші соларды тауып, елге қайта танытуды ойладым. Меркі ауданында қызмет етіп жүргенімде сол жақтан шыққан шығармашылық адамдарын іздеп-тауып Бәтен Күзембаев деген азаматты біраз іздеттім. Ол кісі Швецарияда «Меркі әуендері» ансамблінің құрамында ән салған әнші екен. Әміре Қашаубаев сияқты ерекше даусы бар дарын иесі еді. Қазақстан ауылындағы парторг болып қызмет еткен Дауылбай деген ағамызға айтып, қайтадан мәдениет үйіне жұмысқа шақырттым.
– Мәдениет саласын – болашағы жоқ мамандықтар қатарына жатқыза аласыз ба? Мәдениетіміз бен өнеріміздің ертеңін қалай елестетесіз?
– Мәдени-ағарту училищесінде оқыдым, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде білім алдым. Еңбек жолымда мәдениет саласынан ұзақ уақыт ұзап кетпеген екенмін. Зейнетке шыққаннан кейін де қол үзген жоқпын. Осы саланың кәсіподақ ұйымының облыстық филиалын басқарып отырмын. Мұнда да сала басшыларымен бірлесе атқаратын жұмыстар көп.
Мәдениет саласы тоқырау жылдарында көп теперіш көрді ғой. Керексіз қалған кезеңдерді де бастан өткерді. Ауылдарда кітапханалар мен клубтар мен мәдениет үйлері жабылып қалған жылдарды ешкім ұмыта қойған жоқ. Қазір, шүкір көш жүре түзеліп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!