Гүлназ ҚАСЫМОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекшіғылыми қызметкері:
– Президенттің осы жолғы Жолдауында әлеуметтік-экономикалық бағыттағы мәселелер басты назарда болды. Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруға баса назар аударғанын атап өткен жөн. Қоғамдық-саяси өмірдің күн тәртібінде әрдайым маңызды орынға ие болғанына қарамастан, пәрменді шешімдерді талап ететін бірқатар міндеттер қалып отыр.
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының деректері бойынша халықтың басым бөлігінің нақты табыстарының деңгейі оларға өз қажеттіліктерін толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік бермейтінін көрсетеді. Әлеуметтік жағынан осал топтар, сондай-ақ жұмыссыздар, әйелдер және басқа да топтар төменгі табыстардың салдарын барынша сезінуде. Сондықтан осы топтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жағына қарай қадамдар жасалды: ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін енгізу, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін арттыру және тағы да басқа. Бұл өзгерістердің нақты нәтижесі – ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін арттыру, сондай-ақ ең төменгі зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғайту.
Әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде бала тууға байланысты демалыстағы әйелдер мәселесіне назар аударылған. 2023 жылдың қаңтарынан бастап, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін арттыру ата-ана үшін де, бала үшін де қысқамерзімді ақылы бала күтімі демалысының жағымсыз салдарын жоюға мүмкіндік береді. Бұл уақыт аралығында ата-аналардың бірі, көбінесе әйел, кәсіби дағдыларын сақтап, сонымен бірге отбасылық бюджетке көп экономикалық зиян келтірместен декреттік демалыста болмақ.