Ақаң тойы – ақыл-ой тойы
Ақаң тойы – ақыл-ой тойы
Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдық мерейтойын ел болып мерекелеп жатырмыз. Президент тапсырмасы аясында да, ғалымдар ізденісінің нәтижесінде де Алаш арысының есімі қайта түлеп, еңбектері жанданғандай болды. Осыған орай, алаштанушы ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫМЕН әңгі­мелестік. – Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қандай шаралар ат­қа­рылды? Ұлт ұстазын дұрыс ұлықтай алдық па? – Ақаңның 150 жылдық мерейтойы – ұл­тымыздың рухани, ғылыми белесін ай­қындайтын меже. Бұған дейін осы дана­мыздың 100 жылдық, 125 жылдық мерей­тойы аталып өтті. Бірақ республикалық мәртебесі болғанмен, ол кезеңде биліктің, қоғамның Алашқа, Ақаңның мұрасына деген лайықты деңгейде көзқарасы қа­лып­таспады. Тәуелсіздіктен кейінгі күрделі шындық дүдәмалдық аясында көрінді. Ғалымдар Ақаң еңбегін барынша жинауға тырысты. Естеріңізде ме, 1989 жылы ең алғашқы жинағы «Жазушы» баспасынан шыққан болатын. Кейін 2000 жылдардың басында бес томдығын «Алаш» баспасы жа­риялады. Бұлар – Ақаңның шығарма­шылық жолын қайта жаңғырту жолындағы ізденістер. Сол мәтін халыққа жетіп жат­ты. Ақаң тойының ақыл-ой тойы болаты­нын айқындайтын шарт – жарияланатын мұралар (кітаптар) мен зерттеу еңбектері. 150 жылдық аясында Тіл білімі институты, Әдебиет және өнер институты, Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл – қазына» ғылыми-практикалық орталығы, халықаралық Түр­кі академиясы, Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті мен Қостанай университеті сияқ­ты мүдделі, ұлт мұрасына жанашыр мекемелер мен оқу орындары өз тарапынан түрлі зерттеулер жүргізді. Қостанай зия­лылары Ақаңның жолымен бірсыпыра экс­педиция ұйымдастырды. Биыл А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ақаңның бірнеше томдығын, Әдебиет және өнер институты 4-5 томдығын то­лық­тырылған түсініктермен жариялады. Бір томын ағылшын, орыс тілдерінде шы­ғаруға әрекет жасап жатыр. Алматыдағы Ақаң музей-үйі мен Еуразия ұлттық уни­верситетінің «Алаш» институты бірлесіп даярлаған 12 томдығы баспаға тапсырыла­ды. Жылдың соңына дейін жарық көруге тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер де ұлт ұстазының ме­рей­тойына үлес қосқаны қуантады. Қан­шама ғалымдарымыз мақала, еңбек жа­зып, ахметтануға атсалысты. Мұның бәрі де – А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын салаландыру. Елінде Алаш тұлғасының музейі жаңартылды, сонымен бірге елордада, Алматы мен Шымкент қа­лаларында ұлт ұстазына ескерткіш қойыл­ды. Басқа да бірнеше облыс бұл бастаманы жалғастыратын сияқты. Бұл ескерткіш-кесенелер іскер азаматтар мен халықтың қаржысы негізінде тұрғызылып жатыр. Мұның баршасы – елдік игілікті істер. – Ахмет Байтұрсынұлы десе, ойымызға ең әуелі «Әліппе» түседі. Биыл 1-сыныпқа барған оқушылар әліппемен қайта қауышып жатыр. Бұл халық күткен қуаныш болды. Жаңа «Әліппенің» бұрынғы «Әліппеден» айырмашылығы қандай? – «Әліппе» дегеннің өзі Ақаңның әліп­биіндегі бірінші әріптің атынан шығып тұр. «Әліпті таяқ деп білмейді» деген қазақтың сөзі бар ғой. Оқуға ұмтылған баланың жақсы қадамы, дүние тануы осы әліпбидегі бірінші әріптен басталған. Бір ғасырдан астам қолданыста жүрген «Әліппе» атауы – ұлттың сауатын ашқан оқулық ретінде тарихта қалған дәстүрлі, құлаққа жағымды атау. Мұны «Сауат ашу» деп еуропалық, америкалық жүйеде түрлі атпен алмастырғаннан ұтарымыз аз. Бірақ, шүкір, «Әліппе» өмірге қайта келді. Бұрынғы «Әліппе» мен жаңа «Әліп­пенің» мазмұнында көп айырмашылық бар. Ескі «Әліппенің» тарихи орны әбден дәлелденген. Кеңес тұсында шыққан «Әліп­пелердің» де өзіндік тәжірибесі болды. Сол заманның мазмұны көрініс беріп отырады. Ал енді жаңа «Әліппе» ұлттық мазмұнды, дәстүрді үйрететіндей болуы керек. Оны дайындауға қомақты қаржы бөлінуі тиіс. Сондықтан «Әліппені» әлі жетілдіріп, сапасын арттыру қажет. Оның авторлары немесе авторлар тобы үлкен ғылыми топ ретінде жұмыс істеуі керек. Біз іргетасты қалай қаласақ, балалар да солай қалыптасады. Сондықтан «Әліппеге» байланысты жұмысты қазір толық аяқталды деуге болмайды. Қазір «Әліппені» сынақтан өтіп жатыр деп есептеймін. Оқулық та тірі ағза сияқты. Балалардың қабылдауына, байыптауына қарай әлі толығады. Бұйырса, келешекте жетілген «Әліппелер» дүниеге келеді деп ойлаймын. – Осы уақытқа дейін қазақ қоғамы Ахмет Байтұрсынұлын толық тани алды ма? Бізге Ақаңның қай қыры белгісіз? – Әрине, мектеп көрген, тәуелсіздікпен бірге жасап келе жатқан азаматтардың барлығы Ахмет Байтұрсынұлын таниды. Зиялы қауым, көзі ашық азаматтар жақсы біледі. Ақаңның мұрасымен танысты, оқыды, кезінде баспасөзде жекелеген мақалалары, шығармаларынан үзінділер жарияланды. Мұның бәрі дана тұлға туралы ойымызды, пікірімізді қалыптас­тырды. Осылайша, зиялылар «Ақаң – ұлт ұстазы» деген тоқтамға келді. Ойлана қарасақ, халықтың басқа да бөлігі бар. Қазақ мектебін көрмегендер бар, қазақтың тарихымен таныс емес азаматтар бар. Буын ауысады, түрлі тағдырлар бар. Сон­дықтан Ақаң туралы халыққа кеңінен жет­кізу үшін жаңа заманның насихат құрал­дары мен электронды-цифрлық форматтарды пайдалана білуіміз керек. Оның ең үлкені – білім жүйесіндегі наси­хат. Ақаң мұрасын тек қана гуманитарлық білімге байлап қоюға болмайды. Ғылым­дардың ықпалдастығы арқылы кеңірек жеткізуіміз керек. Мысалы, жаратылыс­тану ғылымдарына А.Байтұрсынұлы енгізген терминдерді пайдалануға болады. Яғни, басқа пәндерге де Ақаң туралы там-тұмдап ақпарат жеткізуіміз керек деп есептеймін. А.Байтұрсынұлының дүниеге келген күнін, қайтқан күнін, кітаптары шыққан немесе өміріндегі аса маңызды күндерді үлкен дүниелермен байланыстыра білуіміз керек. Қазір қазан айында атап өтілетін Ұстаздар күнін А.Байтұрсынұлы туған күніне орайластырайық деген ұсыныстар айтылып жүр. Мұны қолдауға болады деп ойлаймын. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы лайықты күндер мен жақсы атаумен халықтың есінде қалғаны абзал. Ол – білім, тіл ғылымы саласында рефор­матор. Сонымен қатар әдебиеттанудың жүйесін қалыптастырған ғалым ретінде ел жадында жаңғырып тұрса дейміз. Сондай-ақ Ақаң – рухани қайраткер. Қиын кезде, жолсызда сүрлеу тапқан, адасқанда халық­ты тура жолға салған. А.Байтұрсынұлының қайраткерлік еңбегі орасан. Осы айтыла беруі керек. Ақаң арқылы Алаш тұлғала­рының қыруар еңбегі халық арасында насихаттала түседі. – Ақаң осыдан жүз жыл бұрын «Қазақ» газетін шығарды. Арада қаншама жыл өтсе де, сол кезде қозғалған тақырыптар бүгінгі қоғамда да өзектілігін жойған жоқ. Алайда қазақтың баспасөзге деген ықыласы өзгерді. Неге? – «Қазақ» газеті баспасөзіміз қалып­таспаған кезеңде алғаш тәжірибе ретінде пайда болды. Ел тарихында оған дейін де бірнеше газет шыққан. Бірақ бұлай жүйелі, халыққа әсері мол басылым ретінде «Ай­қап» журналы, одан кейін «Қазақ» газеті екені ақиқат. «Қазақтың» шекпенінен «Сарыарқа», «Ұран», «Бірлік туы», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналы шыққан. Осылардың барлығы – қазақ рухын асқақтататын басылымдар. «Қазақ» газеті бір мезгілде бірнеше саланың жұмы­сын атқарды. Халықтың сауатын ашты, халықты ағартты, мәдениетке шақырды. Халықтың рухын көтеріп, қайраткерлігін арттырды. Міне, осындай еңбегіне қарап «Қазақ» газеті тарихымызда өшпестей орынға ие дейміз. Газет – қоғамның ай­насы. Бүгін қоғам да, заман да, талғам да өзгерген. Сондықтан бүгінгі басылымдар­мен «Қазақ» газетін салыстыру аса қисын­ды бола қоймас. Ғасыр басында ұлт газет­те­рі зор ағартушылық қызмет атқарды. Бүгінгі ұлт газеттерінің ізденісін, қажет­ті­лік­тен туындаған қызметін жоққа шығара алмай­мыз. Бірақ «Қазақ» газетінің тарихи жолын ерекше бағалаймыз. Қазір елімізде шығып жатқан ұлттық басылымдардың көбісі «Қазақты» көшбасшысы санап, өздерін Ақаң шығарған газеттің рухани жалғасымыз деп атайды. Біздің білуімізше, елімізде «Қазақ» атауымен бірнеше басылым шықты. 90-жылдардың басында профессор Файзолла Оразаев бір газет жариялағаны есімізде, қазір Қоғабай Сәрсекеев негізін қалаған «Қазақ» газет үзіліссіз шығып келеді. Мұның бәрі сол «Қазақ» газеті рухына адалдықты көр­сетеді. Ендеше атауды қайта жаңғыртқан азаматтардың ізденісін жоққа шығаруға болмайды. «Қазақ» әрбіріміздің жүрегіміз бен санамызда екінші өмірін, бір кезде ұлттың жанына тамызық болған, ұлттың рухын оятқан әсерін әлі де жалғастыра береді. – Ғалым Қойшығара Салғараұлымен сұхбаттасқанымызда Торғайдағы Ахмет дүниеге келген үйдің қараусыз қалғанын айтып күйінген еді. Кейін БАҚ сол үйдің бұзылып кеткенін таласа жазып жатты. Алаш арыстары туған Торғайды қайта түлету мүмкін бе? – Иә, бұқаралық ақпарат құралдары бетінде Ақаңның тұрған үйіне қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ заман жаңарды. Қазір халықтың түсінігі өзгерді. Сондықтан біздіңше, Ахмет Байтұр­сынұлына қатысты тарихи-танымдық белгілер, орындар негізінен қалалы жерде болса дейміз. Неге? Объективті жағдайға қарайық, бүгін халқымыз шаһар-кенттерге көп шоғырланып жатыр. Мысалы, Ар­қалық, Қостанай қаласында, аудан ор­талықтарында жан саны көп. Қалаға келіп-кететіндер де баршылық. Әрине, туған жерінде де белгі болуы керек. Биыл Алаш тұлғасының туған жеріндегі үйді жаңғыртты. Бұл да заман талабына сай бір белгі болып қалады. Мысалы, Ақтоғайдағы Желтауда Әлиханның үйі орнына іргетасы қаланып, белгі қойылды. Бұл да аз шы­ғынмен сол заманның жұрнағын көрсете­тін белгі. Қазіргі экономикалық қиындық­тар тұсында «неге жоқ?» деп үкіметті, облыс әкімдігін сынай беруге болмайды. Сондай-ақ барлық музей-үй халыққа үзіліс­сіз қызмет етіп тұруы керек. Бір рет­тік немесе уақытша болмауға тиіс. Айта­лық, Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден әкелінген кезде, түрлі ұсыныс айтылды. Біреулер оны астанадағы Хан Кене сар­баз­дары жатқан ескі қорымға қояйық, қала­ның рухын көтеріп тұрсын деді. Енді біреулер бір кездегі күрделі тағдырымызды айқындайтын белгі болып Арқалықта тұрсын, қалаға келген адамдар тағзым етіп, құран оқиды деді. Бірақ Кейкі батырдың бас сүйегі қаладан тысқары жерге қойыл­ды. Әрине, әрі-бері өткендер барады. Алайда қазақ «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» деген. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген де мақал бар. Халқы­мыздың сүйекке деген құрметін ескеруіміз керек. Заман өзгерген тұста, жаңа жағдайда біз бұл дәстүрімізді қалай көрсете аламыз? Қарапайым пенделікпен айтсақ, олардың сүйегі де бүгінгі Қазақстанға қызмет етіп жатқаны жөн. А.Байтұрсынұлы Қоста­найда да, Арқалық орнындағы мекенде де болған. Ақмолада кезінде «Сәкен Сей­фулин түсті» деген үй ақын музейіне ай­нал­ған жоқ па? Қазір елордаға келген аза­маттардың барлығы сол музейге бара­ды. Мәселені осы тұрғыдан қарауымыз керек. Жергілікті халықтың талап-тілегін ескеріп, туған жерінде музей ашылды. Бірақ мен Ақаңды халыққа, көпшілікке одан да гөрі жақындата түсу керек деп санаймын. Торғайды қайта түлететін уақыт әлде­қашан келеді. Жалпы, Қазақстанды терри­ториялық-әкімшілік басқару, қайта құ­рылымдау болашақта жалғаса береді. Біздің жеріміз кең, халқымыз аздау екені белгілі. Кезінде жабылып қалған облыс­тарымыз бірте-бірте ашылып жатыр. Ол өңірлер экономикалық қиындықтың кесі­рінен шектес облыстарға қосылды. Сол күйінде қалмайтынымыз мәлім ғой. Сон­дықтан Торғайдың қайта жаңғырып, бойына қан жүгіретін кезі алыс емес деп ойлаймын. Сол күнге жетейік! Торғай – қа­зақтың киелі жері. Ахмет Байтұрсынұлы­ның 150 жылдық мерейтойында қайта серпілсін. Президен­тіміздің осы өңірге арнайы ат басын бұрып, Ақаң рухына жаңа Қазақстан атынан арнайтын сөзін, елді ұлт ұстазы мұраты төңірегіне ұйыстыру шараларын халық күтіп отыр. Біз де сол күннің тілеу­қоры­мыз. Сонымен бірге алда А.Байтұр­сынұ­лының талай белестері бар. Ұлы тұлғаны тануды мерейтойға байлап қой­май, жыл сайын Алашқа және ұлт зия­лы­ларына, «Әліпби» мен сауаттылыққа ша­ралар өт­кізуге болады. Білім тұрған жерде Ақаңның аты да, заты да ұмытыл­майды. Қазақ елі тұрған кезде Алаш тұлғасының мұраты, өсиеті өшпейді. – Әңгімеңізге рақмет!