Білім саласындағы ынтымақтастықтың көкжиегі кең
Білім саласындағы ынтымақтастықтың көкжиегі кең
680
оқылды
Қазақстан білім мен ғылым са­ласында көптеген әлем ел­де­рімен қатынастар орнатқан. Оның ішінде АҚШ, Еуропа, Орта Азия елдері мен ЕАЭО-ның озық оқу ордалары бар. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы ынтымақтастық тіпті нығая түскен. Қазақстан Тәуелсіздік алған ал­­ғашқы жылдардан бастап-ақ жаһандық білім және ғылым ке­ңістігіне толыққанды интеграция­лануға ұмтылды. Тіпті қазіргі гео­сая­си ахуалдың ушығуына қарамас­тан, ғаламдық білім процестерінің тамырласу қарқыны төмендеген жоқ. Бұл саладағы қауымдасу жүйелі үрдіске айналып, жылдан-жылға жиілеп барады. Бүгінде біздің ел шетелдік білім мекемелері­мен 58 құжат аясында бірлесіп жұмыс істейді. Оның 44-і екіжақты, ал 14-і бірнеше тараптың қатысуы­мен болған келісімдер. Мәселен, «Ғылым ордасы» ғылыми кадрлар­ды даярлау орталығының жетекшісі Алтын Уалтаеваның айтуынша, 2014-2022 жылдар аралығында ор­талыққа қарасты 10 ғылыми-зерт­теу институты интеграция аясында бірлескен 20 бағдарламаны жүзеге асырып, сол бойынша 559 маманды даярлап шыққан.
«Осы уақыт ішінде оқу проце­сіне 385 магистр мен 174 PhD док­торы, 100 ғалым қатысты. Олар 1 мың­нан астам материал әзірледі. Мұның ішінде Scopus/TR деректер қорында 200-ге тарта ғылыми мақа­ла жарияланды. Орталық шә­кірт­тері әлемнің 55 еліндегі жоғарғы рейтингті оқу орындары мен ха­лық­­аралық ғылыми ұйымдарда тағы­­лымдамадан өтті», – дейді Алтын Уалтаева.
 Түбі бір түркі жұртымен сабақтастық Әсіресе, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қуан­тады. Қазір екі мемлекет үкіметтері арасында білім-ғылым саласы бо­йынша тығыз қарым-қатынас ор­нату туралы келісім жобасы пысық­талып жатыр. Ол туралы былтыр Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов мәлімдеген бо­ла­тын. Енді осы жоба мақұлданатын болса, бұл бір-біріне қарама-қайшы екі білім беру жүйесінің кірігіп, бірін-бірі байыта түседі. Министрлік таратқан ақпаратта «екі тарап өздерінің білім беру ме­ке­мелерінде Қазақстан Республика­сы­ның және Түрік Республика­сы­ның әдебиетін, тарихын және мәде­ниетін оқытуды қолдайды. Қазақ жағы оқу орындарында түрік тілін оқы­туға, түрік жағы қазақ тілін оқы­туды ұйымдастырады. Сондай-ақ қазақ және түрік тілдерін оқыту орталықтарын ашу мүмкіндіктерін қарастырады» деп тайға басқандай жазылған. Ойға алған мақсат жүзеге асқан жағдайда қазақстандық жал­пы орта білім беру жөніндегі ат­тестатпен Түркияның жоғарғы оқу орындарына қабылдануға, олар­дың аттестатымен Қазақстан­ның жоғар­ғы оқу орындарына қа­был­дануға жол ашылады. Бұдан бөлек, қос та­рап білім саласының жалпы мәсе­лелері бойынша бірлес­кен комиссия құруға мүдделі. Бұл саладағы инте­грация отандық білім беру жүйесінің көкжиектерін ке­ңей­тіп, оқыту әдістерін түрлендіре түсетіні хақ. Кәрі құрлықпен үндестік үрдісі Біздің еліміз түркілік бағыттан басқа, «Болон процесіне» де бел­сен­ді қатысушылардың бірі. Бұл жоғарғы білім кеңістігін еуропалық мазмұнда қалыптастыруды көздей­ді. Сондай-ақ оқыту процесіне ағылшын тілді озық бағдарлама­ларды енгізу және әлемдік даңқы бар оқу орындарының өкілдіктерін ашу республика аумағына алыс-жақын шетелдерден студенттердің ағылып келуіне ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ Үкіметі 2025 жылға дейін әлемнің үздік бес жоғарғы оқу орнының кампусын ашуды жоспарлап отырғанын айта кетейік. Бұл жастарымыздың сапалы білім іздеп шетелге ағылуын тоқтатып қана қоймай, басқа мемлекеттердің талантты буынын өз ішімізге тартуымызға жол ашады. Ресми дерек бойынша, Қа­зақстанда АҚШ-тан, Еуропадан, Таяу Шығыс пен Африкадан, Түркиядан, Үндістаннан, Ресей мен ТМД-ның басқа мемлекеттері­нен 30 мыңға тарта студент оқиды. 2019 жылдан бастап шетелдік үздік студенттердің тегін оқуына мүм­кін­дік беретін арнайы бағдарлама іске қосылды. Былтыр осындай 240 грант бөлінген. Сондай-ақ шама­мен сонша қазақстандық, оның ішінде «Болашақ» бойынша ше­тел­дің озық оқу орындарында оқиды. [caption id="attachment_215780" align="aligncenter" width="1529"]білім © коллаж: Елдар Қаба[/caption] «Болон процесі» оқытушылар құрамының да жоғарғы деңгейге көтерілуіне септігін тигізді. Отан­дық педагогтер жүйелі түрде еуро­па­лық үздік білім ордаларында тағылым­дамадан өтеді. Сондай-ақ Қазақстанға әлемдік атағы бар ше­телдік кеңесшілер шақыртылады. Тек былтыр ғана шетелден 900 оқытушы келген. Олардың қызметі республикалық бюджеттен де, ме­кеменің өз қаржысынан да төленеді. Ал соңғы он жылда АҚШ пен Азия­дан 1 мыңнан астам, Еуропадан 4 мыңнан астам және ТМД аумағы­нан 3 мыңнан астам маман шақыр­тыл­ған. 2022 жылы Қазақстанның қатысуымен 6 мыңдай оқыту жо­балары жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жыл басында Қазақ­станда Center for World University Rankings нұсқасы бойынша әлемнің үздік оқу орындары арасында 93-тізімде тұрған University of Arizona (UoA) филиалы ашылды. Ол туралы белгілі экономист Олжас Құдайберген былай дейді:
«Оқу орнында бес жыл қатары­нан 1500 арнайы грант бөлінеді, ал екі диплом аясында оқып жатқан студенттер 1 семестрге Аризонаға барып, UoA өзінде білімін жетілдіре алады. Сонымен қатар UoA М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-мен әріптестік байланыс орнатып, оқу сапасын көтеру арқылы оның халықаралық аккредитация алуына септігін тигізеді. Мұндай оқу орын­дарының болу еліміз үшін өте пай­далы», – дейді экономист.
Оның айтуынша, СҚМУ сол арқылы UoA-дың үздік жетіс­тік­терін бойына сіңіре отырып, өзінің дербес брендін дамытуға қол жет­кізе алады. Жалпы, осы формат бо­йынша шетелдік универ­ситет­термен әріптестік қатынас ор­нат­қан отандық оқу орындары­ның қай-қайсысы да бірлескен бағдар­ламалар бойынша жұмыс істеп, білім сапасын айтарлықтай арт­тыра түседі. Бұл бағытта атқары­лып жат­қан іс-шаралар Қазақстан білімін еуропалық стандарттарға етене жа­қындата түседі. Бұдан бөлек, жо­ғары оқу орындарына өз қалаулары бойынша дербес оқыту бағдарла­ма­сын енгізуге еркіндік беріледі. Ал отан­дық оқу орында­рының халық­аралық академиялық рейтингке енуі олардың ғаламдық кеңістіктегі танымалдығы арт­тырады. Білім-ғылымдағы көрші ақысы Әлбетте, Қазақстан білім беру ісінде жақын көршілерімізбен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. ТМД мемлекеттерінің көпшілігі өңірлік ғылым-білім саласының негізгі ынтымақтастық құжаты болып саналатын Бірыңғай білім беру кеңістігін құру тұжырымдама­сын бекіткен. Соның нәтижесінде, ШЫҰ университеті (Шанхай ынтымақтастық ұйымы), ТМД Же­лілік университеті, ТМД-ға қатысу­шы мемлекеттердің білім-ғылым саласындағы Кеңесі құрылды. Мә­селен, Желілік университет жұмыс істеп тұрған 14 жыл ішінде түрлі салалар бойынша мыңнан астам маман даярлап шығарды. Оқу ор­нын Қазақстанның, Украинаның, Әзербайжанның, Қырғыз Респуб­ли­касының, Ресейдің, Армения­ның, Белоруссияның, Молдованың, Тәжікстанның мамандарынан құ­рал­ған консорциум басқарады. Оның ғылыми зертханасы заманауи құрал-жабдықпен жасақтан­ды­рылған. Ал оқыту бағдарламасы не­гізінен академиялық мобильдікті ұл­ғайтуға, мамандар арасында тәжірибе алмасуды күшейтуге бағытталған ШЫҰ университетінде Қазақстан мен Қытайдың және басқа да посткеңестік елдердің 80-нен астам оқу мекемелері қауым­дасқан. ТМД аймағында екіжақты келі­сім­дерге құрылған бағ­дарламалар аз емес. Әсіресе, Ре­сейдің ірі оқу орын­дарының байла­нысы көп. Мәселен, МГУ, Мәскеу еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, Санкт-Петербург кә­сіп­одақтар универ­си­теті, Мәскеу авиа­ция институты, Мәскеу эконо­мика, статистика және информати­ка институты, т.б. Ал Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстанда ресейлік тех­ника­лық бағыттағы оқу орындары­ның филиалдарын ашу туралы баста­ма­сынан кейін бұл саладағы қатынас одан бетер өрши түсуі ықтимал. Одан бөлек, Қазақстанның көр­ші мемлекеттермен арадағы ын­тымақтастығында да ілгерілеу­шілік байқалады. Бұл бағыт отандық білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама­сында көрініс тапқан. Таяуда Ор­талық Азия мемлекеттері басшыла­рының кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласы бойын­ша өңірлік ынтымақтастықты кү­шейту қажеттігін тағы еске салды.
«Былтыр Орталық Азия мемле­кеттерінің бірыңғай жоғарғы білім беру кеңістігін құру туралы Дек­ларацияға қол қоюы оның ортақ базасы қызметін атқара алады. Осы бастама шеңберінде Қазақстан әріптестердің жоғарғы оқу орын­дары арасында тәжірибе алмасуды ұлғайту және студенттерді оқыту кво­тасын көбейту туралы ұсыны­сын қабыл алды. Біз сондай-ақ көр­ші аймақтарда өзіміздің жетекші оқу орындарымыз бен озық мек­тептеріміздің филиалдарын ашуға мүдделіміз», – деген еді Президент.
Абылай хан айтқандай: «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік. Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмелік!» демекші, бүгінгі білім мен ғылым заманында әлемнің озық тәжірибелерін үйреніп-мең­гер­месек, өмір деген ұлы көште өз сыба­ғамыздан айырылып қалары­мыз сөзсіз. Сол арқылы ата-бабадан аманатқа қалған осынау Ұлы далада Мәңгілік елдің баласы өркениеттің үздік үлгілерін бойына сіңіре оты­рып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибесін байыта түсері хақ.