Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйек күні Қостанай облысына жұмыс сапарымен барады. Онда Мемлекет басшысы ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми іс-шараларына қатысады. Қайраткердің мерейтойы қарсаңында Қостанай облысында Алаш арысының есімін ұлықтау мақсатында бірқатар іс-шара жоспарланған. Алаш арысының мерекесі 3-5 қыркүйек аралығында үш күн бойы екі елді мекенде тойланады. Қостанай облысы әкімідігі Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың мәлімдеуінше, мерейтой Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінен басталып, Торғайда жалғасады. Бүгін «Торғай» ауылының орталық стадионында «Бабалар аманаты» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Сондай-ақ, Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Ерсайын Төлеубайдың «Оян, қазақ!» спектаклі қойылады. 4 қыркүйек күні мерекелік шара екі бірдей ауылда жалғаспақ. Ахмет Байтұрсынұлы ауылында қоғам қайраткеріне жаңа кесене орнатылды. Кесенеге ұлт ұстазының жерленген жерінен топырақ әкеліп, рухына тағзым ету жоспарланған, ас беріледі. Сондай-ақ, Алаш арысының туған жеріндегі музей-үйінің ашылу салтанаты өтеді. 2009 жылы А.Байтұрсынұлы дүниеге келген үйдің болжанған жеріне жергілікті жұртшылық күшімен ешбір жәдігері жоқ, шағын ағаш үй тұрғызылған. Осы жылдар ішінде импровизацияланған материалдардан салынған бұл ғимарат айтарлықтай тозды және ұзақ жылдар қалпына келтірілмеді. Өңір тұрғындары мен жұртшылығының өтініші бойынша қайраткердің үйін салып, оны музей-үйге айналдыру пункті республикалық жоспарға енгізілді. Жангелдин ауданының әкімдігі осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған мерейтойлық іс-шараларға дейін үйдің құрылысын аяқтап, оны тарихи экспонаттармен толықтырды. Сонымен қатар, осы ауылда медициналық пунктің ашылу салтанаты өтеді. А.Байтұрсынұлы ауылына дейін жалпы ұзындығы 107,6 шақырым аудандық маңызы бар «Шұбалан-Қарасу» автомобиль жолына жөндеу жүргізілуде, оның 11,4 шақырымы қиыршық тас жабыны, 96,2 шақырымы топырақ жабыны болады. Бұдан кейін жергілікті халыққа мерекелік концерт ұсынылады. 4 қыркүйек күні «Торғай» ауылындағы спорт кешенінде «Өзін-өзі дамыту» атты жастар форумы өтеді. Шара үш бөлімді қамтиды: панельді сессиялар, пленарлы отырыс және пікірталас алаңы. Бұдан кейін орталық стадионда қазақ күресінен турнир және ипподромда ат бәйгесі өтеді. Күні бойы этноауылда қазақтың ұлттық спорт ойындарынан, атап айтсақ, қызыл жалау, арқан тартыс, жаяу тарту және жамбы атудан түрлі жарыстар ұйымдастырылмақ. Түстен кейін «Бабалар аманаты» атты республикалық ақындар айтысы финалы, сондай-ақ, жастар форумының қорытынды шарасы өтеді. Ал кешке жергілікті халық ойын-сауық кештерін тамашалай алады. Орталық стадионда «Жайдарманның» облыстық іріктеу кезеңі жұрт назарына ұсынылмақ. Мерейтойдың екінші күнін мерекелік концерт аяқтайды. 5 қыркүйек күні Торғайда Алаш арысының мерейтойы «Халық әндері және Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары» атты республикалық ән байқауымен басталады. Осы күні Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арнап орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл күрделі жөндеуден өтіп, экспозициясы толық жаңартылған Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдебиет үйі таныстырылады. Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз. Әуелгіде көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан ауыл іргесіндегі мектептен сауат ашып, табиғи зеректігінің арқасында орыс-қазақ училищесінде, одан Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. Алғаш ауылдық, болыстық, кейін екі класты мектептерде ұстаздық етті. Көп ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысты. Сөйтіп жүріп ел ішінде жас оқыған, еркін мінезді, батыл ойшыл бедел-атағы жайылып, таныла бастайды. Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды қолға алып, оқу құралдарын әзірлейді. Араб әліпбиін оңайлата отырып төте жазуды құрды. Бұл тарихта «Байтұрсынұлы жазуы» боп таңбаланды. Жан-жақты жүйеленген «Тіл құралы», «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліпби», «Тіл жұмсар» сынды оқулықтар дайындап, баспадан кітап етіп шығарды. Осы орайда Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде «Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Мерейтой дәстүрлі және эстрада әншілерінің концертімен аяқталады. Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Осыған орай облыс көлемінде көптеген ғылыми, тарихи, мәдени, спорттық шара ұйымдастырылып келеді. Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында жазушы Өтен Ахметтің шығармасы бойынша «Алаштың Ахметі» драма-элегиясының премьерасы өтті. Қойылымды өңір басшысы Архимед Мұхамбетов тамашалады. Бұл қойылым – қайраткердің рухына жасалған тағзым. Қойылым арқылы Ахмет Байтұрсынұлының жары Бәдрисафа екеуінің арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық сезімі арқылы, оның елге деген махаббаты, өз ісіне деген адалдығы, халқына деген перзенттік борышына куә боласың. Ахмет Байтұрсынұлы есімі мәңгілік, еңбектері де мәңгілік ескерткіш-естелік болып қалары сөзсіз. Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, қайраткердің 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар әрі қарай да жалғасын табатынын айтты.
Асыл ТҰМАР