Ақаң, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы бүгін Жангелдин ауданында басталды. Ахмет тойы – бүкіл түркінің тойы. «Ақаң жүрген жолмен» экспедициясы маусым айында басталған еді. Экспедиция Ұлт ұстазы тұрған, қызмет атқарған, өмірінің кейбір сәттерін өткізген Орынбор, Архангельск қалаларында болып, құнды мұраларын жинақтап қайтты. Баку сапарында Түркітану құрылтайының бейненұсқасы табылды. Мұның бәрі Ақаңды зерттеушілер үшін аз олжа емес. Экспедицияның басы-қасында жүрген журналист Абылай Маудановпен әңгімеміз де осы бағытта өрбіді.
– «Ақаң жүрген жолмен» экспедициясы аясында біраз шаруа атқарылған секілді. Әлі де жалғасарына сенім мол. Ең әуелі жұмыс неден бастау алды?
– Ұлт ұстазын зерттеу жұмыстары Ақаң ақталғаннан кейін басталды ғой. Әсіресе, Ақаңды зерттеу Қостанай облысында жүйелі түрде жалғасып келеді. 1997 жылы 125 жылдық аясында Қостанай облысында, оның ішінде Ақаң туған Жангелдин ауданында ұлт ұстазының көзін көрген кісілермен әңгімелесіп, естеліктерін жинап, ел ішінде экспедиция жасалған болатын. Ол экспедицияның қорытындысы кейін жинақ болып басылып шықты. Бұл игі істің басы-қасында жүрген марқұм Байтұрсын Ілиясұлы деген ағамыз еді. Ол кісіге серік болған Ақаң ауылының түлегі, қайраткердің тікелей ұрпағы Ибраһим Ағытай. Бұл кісінің мамандығы – филолог, кезінде партияда қызмет атқарған, аудандық газетте жұмыс істеген қаламгер. Ибраһим ағамыз Байтұрсын ағаға ілесіп, көп іс тындырған болатын. Сол экспедицияның аясында Ақаңның көзін көрген адамдардың сұхбаттары жазылды. Ақаңның әндерін орындап жүрген қариялардың дауыстары таспаға жазып алынды. Қиын-қыстау жылдары Қостанай облысы Меңдіқара ауданы аймағында Бәдрисафа апамызды (Александра) жазушы, аудармашы Қасым Тоғызақов ағамыз паналатқан екен. Соны білетін адамдарды тауып, бейнетаспаға түсіріп алдық. Ол сапарға мен де қатысқан едім. Бұл туралы арнайы фильм түсірдік. 2009 жылы «Ахмет-Бәдрисафа» деген эскпедиция құрылып, біраз зерттеу жүргізілді. Бірақ бұл экспедиция үлкен географиялық ауқымды қамти алған жоқ. Ресейдің көршілер облыстарына ғана барып келді. Кейін де Ибраһим Ағытай ағамыз өз қаражатымен, өз бастамасымен жақын маңайдағы архивтерге барып жүрді. Біздің биылғы экспедициямызды осының заңды жалғасы деп айтуға болады. Негізгі бастауы сонда жатыр.
– Экспедиция Қарқаралыдан басталған секілді. Ақтеректен құнды дерек табылды ма?
– Ең бірінші, экспедиция жұмысын Қарқаралының Ақтерек ауылынан бастадық. 1905 жылы Ақаң әйгілі «Қарқаралы құзырхатын» жазғандардың бірі. Соған байланысты тұтқынға алынып, қамауға түскен. «Қарқаралы» деген өлеңін жақсы білесіздер. Ақтерек ауылында бір қарияны кезіктірдік. Сол қария айтады: «70-жылдары үйдің жанындағы ескі үйдің қасында қазақша киім, басына қазақы тақия киген бір кісіні кезіктірдім. Қасына жақындап, амандасып едім. «Осы ескі мектепте кезінде Ақаңнан білім алып едім» деп айтты. Ахмет Байтұрсынұлы есімін сол 70-жылдары естідім», – дейді. Бірақ Ақжан Машанидің кітаптарын оқып қарасақ, Ақаң ол жылдары мектепте сабақ бермеген сияқты. Шамасы, ол жылдары Алматыда жүргенде Ақаңның дәрісін тыңдап, көріп өскен адам болуы мүмкін. Кейін Ақжан Машанидің өзі 1904-1909 жылдары осында бес жыл жұмыс істеді деп жазады. Бұл да шындыққа жанаспайды-ау. Өйткені Ақаң мұнда жазғы мезгілде, демалыс уақытында келіп, бір-екі ай сауат ашып, сабақ берген секілді. 1902 жылы осында (Қарқаралыда) мектеп салуға Ақаң қатысты деген мәліметтер кездеседі. Бұл да Ақаңды жақсы көрген адамдардың шығарған дүниесі секілді. Ибрагим Ақтаев жергілікті халыққа, тұрғындарға мұның бәрін түсіндіріп, айтып берді. Одан ары сапарымыз Семейде жалғасты. Онда біз архивке бас сұқтық. Архивтен бір ғана құжат таптық. Құжатқа Әлихан Бөкейхановтың қолы қойылған. Онда «Ахмет Байтұрсынұлының орнына Әбікей Сәтпаев тағайындалсын» делінген. Бұл құжат бұрыннан белгілі. Тек Ақаңды қандай қызметтен ауыстырды, Сәтпаевты қандай қызметке қойды, ол жағы көрсетілмеген.
– Орынбор сапарында не есте қалды?
– Біздің сапарымыз ары қарай Орынборда жалғасын тапты. Ол жақта біз Ақаңның туыстарымен кездестік. Ерғазы Шошақтың ұрпақтары. Ерғазы Байтұрсынның кіші інісі. Ерғазының Ақаңның өмірінде алар орны ерекше. Өйткені Ақаңды алғаш мектепке берген сол кісі. Кейін Ерғазы қысастық көреді, сөйтіп жастай қайтыс болады. Бұл туралы шығарылған арнайы жоқтау бар. Орынборда Татьяна Тугаймен кездестік. Ол кісі өзі білетін естеліктерін бізге айтып берді. Татьяна Тугай «Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолы» деген кітап шығарған адам. Бұл кітап қазақ тіліне аударылған. Бірақ аудармасы көңіл көншітерліктей емес екен. Тугайдың Ақаңды зерттеуіне себеп болған адам – ол кісінің хатшысы. Ол Татьяна апайдың үйінде қонақ болыпты. Қонақта отырып, Ақаңның сондай зиялы, мықты адам болғанын, өте ақылды кісі екенін айтады. Оның бұл сөзі Тугайға қатты әсер етсе керек. Бұл кітаптың маңызы қандай екенін ғалымдар, зерттеушілер баға бере жатар. Бастысы, бұл кітап Орынбор жұртшылығы үшін өте танымал жинақтардың бірі. Орынборда біз Ақаң тұрған үйді көрдік. Елу жылдық мерейтойы өткен ғимаратта болдық, қазақ құрылтайы өткен жерге бардық. Мұның бәрі ерекше әсер сыйлады. Одан бөлек, Орынбордағы «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орталық ашып берсе» деген үшбу сәлемдерін жеткізді. Олардың бас қосатын мекемесі жоқ. Сондықтан осындай орталық болса деп отыр.