Атырауда тағы да балық қырылып жатыр
Атырауда тағы да балық қырылып жатыр
582
оқылды
Балықтардың жаппай қырылу дерегі Жылыой ауданындағы "Жилая коса" учаскесінде тіркеліп отыр. Бұған дейін әлеуметтік желіде қырылып жатқан балықтардың видеосы тараған болатын. Видео авторының айтуынша, төтенше оқиға Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орын алған.
"Қазіргі уақытта балықтың қырылуы мүмкін орындарды анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауын зерттеуге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері жіберілді. Инспекторлық құрам бақылаудағы акваторияның едәуір бөлігін автомобиль және әуе көлігін пайдалана отырып тексерді. 1 қыркүйек күні Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Жылыой ауданының "Жилая коса" учаскесінің жанында жағадан 4 шақырым қашықтықта балықтың қырылу орны табылды. Қазіргі уақытта экология және полиция департаментінің, ветеринариялық қызмет және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатарынан құралған жұмыс тобы су, топырақ және балық сынамаларын алуда. Талдау нәтижелері жарияланады". – деп түсінік берді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.      
Әзірге, қырылған балық көлемі қаншаға дейін жеткені белгісіз. Өкініштісі сол, Атырауда балықтардың жаппай қырылу фактісі бұған дейін де тіркеліп келеді.

Баян Жанұзақова